Мәдениет мәйегі

Мәдениет. 8 әріптен құралған адамзат өмірінің әдет-ғұрпы. Адамды адам қылған еңбек деп тарихшылар жаһанға жар салса да, адамзатты өз биігіне көтеріп, оның осынау ұлы атты арқалап жүруіне себепші болатын жалпақ жұртқа белгілі дүние бар. Ол – мәдениет. Бұл ұлы сөздің астарында әр халықтың өз ерекшелігі, оның тыныс-тіршілігінен бастап, оның сонау ғажап табиғаттағы басқа бүкіл жаратылыстың бәріне бірдей қожайын етіп жаратқандағы негізгі миссияларының бірі де осы.
Үшінші мыңжылдықта өркениеттің ілгерілегені соншалық, адам айтса нанғысыз ғажайып жаңалықтар орын алып, қалыпты жағдайға айналуды. Мәселен, кеше ғана пайда болған телефондар кейіннен Стив Джобс сынды футуристердің арқасында жаңаша леппен қарқынды дамып, бүгін, міне, сымсыз гаджеттердің сан түріне қол жеткіздік.
Әлеуметтік желілер енді бір-бірінен алыс адамдар арасында тек байланыс құралы ғана емес, бүкіл әлемнің назарын бір ортаға бағындыра алатын ортақ бір алаңға айналды. Технологияның дамығаны сонша, енді әлемнің екінші бір бөлігіндегі адаммен байланысу жолда қалып, «өлілеріміз қайта тіріліп келетін» болды. Бұл да бір «мәдениет».
Ал менің айтпағым – адамзаттың технология дамыған заманда рухани құлдырауы туралы болмақ. Бұл турасында Санжар Керімбай ағамыз да әрдайым аузынан тастамайды. кері әсері де жоқ емес. Дегенмен, менің айтпағым, мүлдем басқа. Адамның адам деңгейіндегі оны ұстап тұратын да, сұлататын да қасиеттері туралы сөз қозғаймын.
«Адамнан ауыл көшкенмен, адамнан ауыл көшпейді»,- демекші, адамдардың бүгінде қарапайым әдеп, жүріс-тұрыс нормаларын сақтай алмауы көңіл қынжытарлық. Меніңше, елімізде ата-аналар институты мүлдем әлсіз. Мысал ретінде айтайын, Көкшетау шаһарына келгеніме бірнеше айдың жүзі ғана болды. Мен осы уақыт ішінде қаланың көрікті жерлерін аралап, әсіресе, Қопа көлінің саф ауасымен тыныстадым. Әттеген-айсыз болар ма?! Көл суы жаныңды жадыратып сала берсе, екінші жағынан дәл судың жағасында жиылып қалған қоқысты көргенде мұны шынымен адам жасауы мүмкін бе?!- дейсің. Әрине, біздіңше, ересек адамдар айналаны төгіп-шашып, әсіресе, өздері тұратын қаланың әсем, сұлуы көлін былғамауға тиіс, ағаттық кетсе, жасөспірімдерден кетуі бек мүмкін. Бірақ, сонда барып «Тәрбие берілмеген бе ?!» деген сөз еріксіз ойыңа орала береді, орала береді.
Жә, Таза Қазақстанды қолдаушылар мұнымен күресер ғой. Бірақ, ата-аналар да, жұмыс, жұмыс дегенді желеу қыла бермей, өз ұрпағының тәрбиесіне келгенде сәл талапшыл болса қайтеді?!
Келесі мәселе, жаппай ішімдік саудасы. Менің бұл мақалам осы тұрғанда «ел экономикасына үлес қосып отырған» кәсіп иелерінің шымбайына тиюі мүмкін. Бірақ, журналист бірінші кезекте, еліне жанашыр азамат екенін ескерер болсақ, бұл мәселені де аракідік көтеріп тұру – менің азаvаттық борышым. ДДҰ-ның еуропалық аймағы алкогольді тұтыну деңгейі және алкогольді тұтынатын халықтың үлесі бойынша әлемде бірінші орында. Алкогольді тұтыну салдарынан қатерлі ісік қаупі аймақтың 200 миллионнан астам тұрғынына қауіп төндіреді. Сұраныс болмаса, ұсыныс та болмайды. Демек, біз зиянды әдеттермен күресте әлемдегі ең үздік кейстерді трендке айналдырумыз керек. Бір ғана мысал, шетелдік компаниялар зиянды әрекеттермен күресте қызметкерлерге «қой!» - демейді екен, бірақ, кім шылым тартпай, т.с.с әдеттерден аулақ болып жүрсе, солардың жалақысына көбірек сыйақы қосылады екен. Мен біздің компаниялар да бұдан да жақсы механизмдер ұсына алатынына сенемін.
Келесі бір мәселе, – аталы сөз. Бабаларымыз басынан өткенінің бәрін тек мақал қылып қалдыра берген ғой. Қазақта «Тіл тас жарады, тас жармаса бас жарады», - деген аталы сөз бар. Бүгінде, өкінішке орай, қайда зер салсаңыз да, жасы бар, жасамысы бар, келісіп алғандай бейәдеп сөздерді оңды-солды қолданып, тіпті, қалыпты қылып алған жайы бар. Онысынан ұялып тұрған я өздері жоқ, бір құмалақтың бір қарын майды шірітетіні тәрізді – жанында жүрсең, сәлден кейін өзің де кертартпа қылық көрсете бастайсың. Бұл айтылып жатқан мәселелер: бейәдеп сөз, зиянды әдеттер, табиғатты аяламаудың бірі де негізінде адамзат қоғамында болмау керек сияқты еді. Бірақ... Бұдан бөлек, әсіресе, әкелер институты өте әлсіз. Ер жігіттерді тәрбиелегенде оларға гүлді сыйласын деп емес, гүлді жұлу керек, сосын лақтыру керек деп тәрбие берін сыңайлы. Оны біз өз замандастарымның бір-екі әңгімесінен-ақ шет жағасын біліп, іштей жиреніп тұрамыз. Меніңше, рухани құлап, жүдеп, мәдениетіміз аштан қалмас үшін ресми іс-шараларды жаппай ұйымдастыра бергенше, аналар, әкелер институтын жүйелеп, бала өмірге келді ме ата-әжесі болса солардың қарауына аз-кем берген дұрыс шығар. Не дегенмен, әке-шешеңді тәрбиелеген адам сені тәрбиелеуде қателесуі неғайбұл. Отбасы институтын жүйелеуде қашан да жауапты өкілдер жан-жақты болуы тиіс.
Айтсам, тағы да жассың деп басынбаңыздар, бірақ, күйініштен шыққан соң айтуым керек. Бәлкім қателесуім мүмкін, бірақ, көрер көзге ерсі тағы бір оғаш қылық – ақсақал бола отырып, батасын берер шағында даналықтың дархан үлгісі болудың орнына көшеде карта ойнап, шылымын тартып, ләйліп жүрген, әсіресе, зейнеттегі ерлер қауымы өздерінің қасиеттерін айрандай төгіп, абыройларын жоғалтып бара жатқандай көрінеді. Әрине, зейнет жасындағы адамның көргенін біз көрген жоқпыз. Бірақ, бұл кімді де болсын, ішкілікке салынсын, дарақы болсын, бейәдеп сөзді бей-берекет қолдансын деген сөз емес.
Бәлкім, ол үшін әкімдік, яки кәсіпкерлер зейнеткерлерге орталар аша ма өз еріктері. Бірақ, қалай болғанда да ақсақал атына заты сай, батасын беріп, елдің ырысын келтіріп, ақылын айтып, қателескенді жөнге салып, ауыл-аймағының абыройын сақтап тұратын тұлға болуы тиіс. осының бәрі, түптеп келгенде, тал бесіктен басталған дүниелер.
Біз ел боламыз десек, мемлекеттің мойнына міндеттеріміз бен наразылығымызды іле бермей, өзіміз жүрген ортамзда дұрыс өмірді, ақтың ақ екенін көрсете алуымыз керек.
Егер жастарды үлкенді сыйлауға үйретсек, көпшілікке елін сыйлауға, қаракөздерімізге ұлтын қастерлеп, текті елдің ұрпағы екенімізді сөзіміз бен де, ісімізбен де дәлелдеп, ұлтым деген ұйысып, Ибраһим бабамыздың 5 жаман ісіне жуымасақ, көзі аларған көрші мен өзгелерге жем болмай, өрлей түсеміз.
Алтын ордадан бастау алған адамзат алтын дәуірге аяқ басқан заматта алтыннан қымбат болған адами қасиеттеріміздің төркіні саналатын мәдениет мәйегінен ажырамайық!
Бейбарыс Шалабаев,
журналист
Abai.kz