Дүйсенбі, 7 Шілде 2025
Білгенге маржан 182 0 пікір 7 Шілде, 2025 сағат 15:57

Ресей мен Қытайдағы ұлттар неге жойылуда?

Сурет: lrt.lt сайтынан алынды.

XXI ғасырда жаһандану үдерісі күшейіп, мемлекеттердің ішкі және сыртқы саясаты этникалық топтардың өмір сүру ортасына, мәдениетіне, тіліне айтарлықтай әсер етуде.

Әсіресе Ресей мен Қытай сияқты алып мемлекеттерде ұлттық азшылықтардың жағдайы алаңдатарлық деңгейге жетті. Бұл елдерде көптеген байырғы халықтар мен ұлттар өмір сүріп жатса да, олардың біртіндеп жойылып бара жатқаны – тарихи, саяси және әлеуметтік себептерге байланысты. Мақаламызда, Ресей мен Қытайдағы ұлттардың жұтылу себептерін және оның механизмдері мен салдары талқылаймыз.

Ресейдегі ұлттардың жұтылу себептері

Ресейде 190-нан астам ұлт пен ұлыс өмір сүреді. Дегенмен, көптеген ұлттардың саны жылдан жылға қарқынды кеміп келеді. Бұған себеп – орыс ұлтының көпшілік ретінде табылуына байланысты. Қазір, шағын ұлттар арасында жаппай ассимиляция процесі жүруде. Яғни, кіші халықтар өз тілін, дәстүрін ұмытып, орыс мәдениетіне сіңіп кетуде. Мысалы, мордва, қалмақ, татар, удмурт, коми, және саха халықтары арасында ана тілін білетіндердің үлесі 15 пайыздан аспайды. Бұларға қарағанда башқұрттар мықты екен. Олардың 41 пайызы өзінің ана тілін жақсы біледі.

Сонымен қатар, Кеңес Одағы кезінде ұлт саясаты бір жағынан «интернационализм» ұранымен жүрсе де, екінші жағынан, орыстандыру саясаты да жасырын түрде жүргізілді. Қазіргі Ресейде бұл үрдіс жалғасып отыр. Мемлекеттік тіл ретінде тек орыс тіліне басымдық көрсетілуі, аймақтық тілдердің мектеп бағдарламаларынан қысқаруы – ұлттардың өзіндік ерекшеліктерін сақтау мүмкіндігін күрт кемітті.

Бұдан өзге, ауылдық аймақтарда өмір сүретін байырғы халықтар экономикалық жағдайдың нашарлығына байланысты ірі қалаларға көшіп, қала ортасында өз ұлттық болмысынан айырылуда. Урбанизация ұлттық сәйкестікті әлсірететін күшке айналуда.

Қытайдағы ұлттардың жоғалу себептері

Қытайда ресми түрде 56 ұлт тіркелген. Оның ішінде хан ұлты басым (шамамен 92%), ал қалған 55 этностық топ – ұлттық азшылықтар. Шыңжаңдағы ұйғырлар, тибеттіктер және хуэйлер сияқты халықтар Қытай үкіметінің күшейтілген бақылауына ұшыраған. Қытай билігі осы аймақтарда «экстремизм мен сепаратизммен күрес» деген желеумен мәдениетті, тілді, дінді шектеуге бағытталған саясат жүргізіп келеді.

Сондай-ақ, ұйғыр, тибет тілдеріндегі мектептердің жабылуы, балабақшалардың тек қытай тілінде оқытуы – бұл халықтарды қытай мәдениетіне тездетіп сіңуіне бағытталған әрекет екені айқын. Жергілікті халықтар өз тілінде сөйлесе, жұмыс табу қиындайды, ал қытай тілі – экономикалық мүмкіндік тіліне айналған. Бұл – тілдік қысым арқылы халықты өз тілі мен мәдениетінен алыстатудың бір әдісі.

Ортақ мәселелер мен салдарлар

Тіл – ұлттың негізі. Ресей мен Қытайда ұлттық тілдердің қолданыстан шығуы – ұлттың жойылуына апаратын басты факторлардың бірі. Егер ұлт ана тілін білмесе, оның мәдениеті, дәстүрі, дүниетанымы жоғалады. Бұл елдерде тілдің сақталуына жағдай жасалмайды, керісінше кедергі көп.

Ресейде орыстардың, Қытайда хандардың санының көптігі және олардың ұлттық азшылық аймақтарға көшуі – жергілікті халықтың өз өңірінде саны кемуіне әкелуде.

Мәдениеттің жойылуы – ұлттық болмыстың жоғалуы. Мектептегі оқу жүйесінен бастап, сондай-ақ, БАҚ, интернет және қоғамдық ортада тек Негізгі ұлттың тілі мен мәдениетінің басымдық алуы ұлттық азшылықтарды "мәдени геноцидке" ұшыратуда.

Ресей мен Қытайдағы ұлттардың жойылуы – тек ішкі саясаттың нәтижесі емес, бұл – ұзақ жылдар бойы қалыптасқан отарлық, орыстандыру және қытайландыру саясатының салдары. Ұлттық азшылықтардың мәдени, тілдік, демографиялық және саяси қысымға ұшырауы – адамзаттың мәдени мұрасының жоғалуына бастайды. Айтарымыз, әр ұлттың өмір сүруге, дамуға, өз болмысын сақтауға қай кезде де толық құқығы бар – деп ойлаймыз.

Бейсенғазы Ұлықбек,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Abai.kz

0 пікір