Сейсенбі, 8 Шілде 2025
Бетбұрыс 173 0 пікір 8 Шілде, 2025 сағат 13:25

Құлдық санадан арылу және Тәуелсіз қоғам

Сурет: e-history.kz сайтынан алынды.

Біздің туған еліміз, 1991 жылы саяси тәуелсіздігін алып, дербес мемлекет ретінде әлемге танылды. Осы тарихи сәттен бері 30 жылдан астам уақыт өтсе де, ұлттық санада, қоғам психологиясында әлі күнге дейін тәуелділік, бағыныштылық, құлдық сана секілді тарихи дерттердің белгілері сақталып келеді.

Бұл – отарлық кезең мен тоталитарлық жүйенің ұзақ жылдар бойғы езіп-жаншуының салдары. Бүгінгі қоғамда кездесетін жалтақтық, бастамашылдықтан қашу, өз тілі мен мәдениетіне менсінбей қарау секілді мінездер – соның айғағы. Ендігі мақсат – тек саяси ғана емес, рухани тәуелсіздікке де қол жеткізу. Ол үшін қазақ қоғамына не істеу керек?

Құлдық сана деген не?

Құлдық сана – бұл адам мен қоғамның өз болмысын төмен санап, өзгені жоғары қоюы, өз тағдырын өзі шешуге қабілетсізбін деген ішкі сенім. Мұндай сана, біздің қоғамынызда – отарлау, мәжбүрлі идеология, жүйелі қысым мен мәдени ассимиляция нәтижесінде қалыптасқан - деуге болады. Еліміздің жағдайында бұл сананың тамыры – Ресей империясы мен Кеңес Одағының саяси құрылымдарынан бастау алады.

Біздегі, құлдық сана көріністері мынадан көрінеді: шешім қабылдауда бастама көрсетуден қорқу, өзінің тілі мен мәдениетін менсінбеу, шетелге, бөтенге табыну, өз ұлтының мүддесін емес, өзге елдің мүддесін басым санау.

Ел қоғамдағы көріністері:

Қазақстанда тәуелсіздікке қарамастан, бұл сана түрі әлі де кең етек жайған:

- көптеген ата-аналар балаларын орыс немесе ағылшын тілінде оқытуды жөн көреді, себебі қазақ тілі «мүмкіндік бермейді» деген қате түсінік бар;

- әлеуметтік желімізде, БАҚ-та батысқа немесе Ресейге қарай бейімделу;

Бұл құбылыстар рухани еркіндікті тежеп, демократиялық институттардың дамуына, азаматтық қоғамның қалыптасуына үлкен кедергі келтіреді.

Ал, енді құлдық санадан арылу жолдары қандай болуы тиіс. Біздің пікіріміз:

Білім жүйесін түбегейлі жаңарту

Білім – сананы өзгерту құралы. Бүгінде мектептерде, жоғары оқу орындарында сыни ойлауға, жеке көзқарас қалыптастыруға, ұлттық тарихты шынайы оқытуға басымдық көрсетілуі керек. Ұлттың өткенін бұрмалаусыз білу – төл халқының кім екенін тануға бастайды. Ол үшін, қазақ тілі мен тарихын заманауи форматта оқыту, шынайы тәуелсіз БАҚ-ты қолдау, ұлттық сана тәрбиесін дамыту, азаматтық белсенділікті қолдау өте қажет.

Қоғам өз тағдырын өзі шешу үшін белсенділікті күшейту керек. Құлдық сана көбіне пассивтілікпен байланысты. Сондықтан әр адам азаматтық жауапкершілікті сезініп, өзгерісті өзінен бастауға тиіс.

Ұлттық мәдениет пен тілдің үстемдігін қамтамасыз ету

Қазақ тілі – тек коммуникация құралы емес, ол – рухтың тірегі. Құлдық сана көбіне өз тіліне менсінбей қараудан басталады. Тілді менсінбеген – өзінің елін, қазақ мемлекетін менсінбеу деген сөз. Бұл тұлғаның сатқындығын көрсетеді. Сондықтан, қазақ тілінде сапалы контентті көбейту (фильм, әдебиет, подкаст), мектепке дейінгі мекемелерден бастап толық қазақша білім жүйесін құру, тіл проблемасын саясиландырмай, билік – мемлекеттің дамуының құрамдас бөлігі ретінде қарау керек.

Сонымен қатар, жеке тұлғалық өзгерістерге ден қою қажет. Әр адам өзін өзгерту арқылы қоғамды өзгертеді. Құлдық сана – алдымен жеке тұлғаның ішінде. Сондықтан әрбір адам өз ойлау жүйесін, дүниетанымын қайта қарап, өзіне сұрақ қоюы қажет: Мен өз таңдауымды өзім жасап жүрмін бе, әлде біреудің бұйрығымен бе? Мен кіммін, қайдан келдім, қайда бара жатырмын?

Қазақстанның саяси тәуелсіздігі – тарихи жетістік. Алайда, бұл тек алғашқы қадам. Ендігі біздің міндетіміз – рухани тәуелсіздікке жету, құлдық сана құрсауынан арылу. Бұл тек биліктің ғана емес, әр азаматтың жауапкершілігі. Сананы өзгерту – ұзақ әрі күрделі үдеріс, бірақ одан басқа жол жоқ. Өз тілін, тарихын, елінің болмысын құрметтеген ұлт қана нағыз еркін ел бола алады.

Тәуелсіздік – тек құжатпен емес, санамен орнайтын құндылық.

Бейсенғазы Ұлықбек,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Abai.kz

0 пікір