Бейсенбі, 10 Шілде 2025
Ақмылтық 229 0 пікір 10 Шілде, 2025 сағат 13:54

Жаса,мәртебелі надандық!

Сурет: nur.kz сайтынан алынды.

Қолдан қобып, айнала жұртқа хайп жасап, бұрқырап, борап жүретіндердің күні туғалы қашан. Бұл тұрғыда адам-науқас қолынан келгеннің бәрін жасап бағуда. Көзіңді ашсаң болды, күнде көретінің төрт аяқтыға тән бір сипат.

«Басқа ұрса өлдік, көтке ұрса көндік» деген бұрынғының тәмсілі сөз-ақ екен. Көндік оған да, өйтпеске шара бар ма? Көршің соқыр болған соң онсыз да бір көзіңе қоса және бір жеріңді қысып жүреді екенсің, әлде қалай болып кетер екен деп. Ал енді мұндай өрескелдіктің жұмыр жердің бетінде басқа пенде құрып қалғандай ұлттың арына баланған абыз Абайға қатысты жасалуы хайп емес, үлкен айып. Ішкені алдында, ішпегені артында, ұлтарағы мақпалдан болған байдың бағланы ғой, ол да жас болған шығар-ау. Десек те, белдегі белбеуден төмен жердің әңгімесін күйттемей-ақ қою керек еді, жолы жіңішкеге. Соған қарағанда беті қызыл деп жүргендерің түгел болмаса да қызыл есекке мініп кетуге бет түзей бастаған ба, бұл қалай?

Тәп-тәуір нәрселерді күйттеп келе жатты да, бір күні Абайдың бөркіне бөктіре салды. Құдай бетін әрі қылсын. Әулие атаулының мазасын май ішкендей етіп, көрінде де тыныш жатқызбауға айналдық. Дұрыс болмады, мына дүйімнің доңайбат көрсетіп, дүрлігіп, дүмпи басылуында мән бар. Болдық, жалаң бұт, жалаң бастық әбден шектен шығып, жұрттың шырқын бұзып жіберді. Жалпы біздіі өзі жоқтың көзі жоқ әдетпен қойын-қоныш аралап кеткеніміз қашан. Қарын тоқ, көйлек көк, қолдан басқа не келсін?
Ендігі жерде Абайдан өзге ермек қалмағаны ғой. Десе де, абызды келеке ету — ұлтқа абырой әперетін шаруа емес. Адамнан ұялу бергі жағы, Құдайдан да қорықпайтын болып алыпты мына есалаң, ессіз ыржаң, ырбаңдар. Еркегі де, қатын-қалашы болса да, дәл осындай дүбара, дүмбілез күйге түсіп, әбден күйрейтінін көрмей көрге түскен қайран Абай, қандай армансыз едің! Күрсіндім де қойдым, құдіреті күшті Құдайдың жағасынан алып, Абайшалап күнде күңіренгенде не шара?! Даусым жетсе айтар едім-ау, қызыл тілім түбінен қырқылып, құр тұқыл болып қалғанша. Сонда көрер еді кейбіреулер «нетіп, не қылғанның» көкесін. Е, ұлт азып, заман тозып, уақыт озып, диірменнің тегершігі теріс айналуға бет түзегенде тап осылай болады екен ғой. Оның жайын кім біліп, кім көрген дейсің? Қап, әттеген-ай, аузыңа мұртың түсіп, сүдінің қашпаған ел болсаң сен бүйтер ме едің?! Кешір, қария, біз осындай болдық — қайран жұртыңның етке шығып әбден тойынғаны сондай, жақсы мен жаманның арасын ажырата алмай қалды. Мұндайдың да бір зауалы болмас деймісің.

Жалпы, еркіне жіберген құлда қасиет қалып жарымайды екен. Е, сендер оның жағдаятын қайдан білейін деп едіңдер? Иіс алмасқа екі тоқтың бір сом, ас ішіп, аяқ босатса болды. Жаса, мәртебелі надандық, бұл күнде сенің орның қақ төрде!

Берік Жүсіпов

Abai.kz

0 пікір