Жұма, 11 Шілде 2025
Жаңалықтар 155 0 пікір 11 Шілде, 2025 сағат 12:52

Қазақстанда жұмысшылар құқығы қалай қорғалмақ?

Сурет: gov.kz сайтынан алынды.

Қазақстанда еңбек қауіпсіздігі мен жұмыскерлердің әлеуметтік қорғалуы жаңа кезеңге қадам басып жатыр. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Асқарбек Ертаев Кәсіподақтар федерациясының XXVII съезінде мәлімдеді.

Министрліктің жанында арнайы жұмыс тобы құрылып, ол өндірістік жарақаттар кезінде қызметкердің өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды өтеу тәртібін қарастырумен айналысады. Сонымен қатар зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін азаматтарды зейнетақымен қамсыздандыру мәселесі де жұмыс тобының күн тәртібінде.

Бұл бағыттағы жұмыстар 2024–2030 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы аясында жүзеге асырылып жатыр. Тұжырымдама еңбек қауіпсіздігін арттыруды, әлеуметтік тәуекелдерден сақтандыруды және жұмыс істейтін халықтың қорғалу деңгейін жақсартуды көздейді.

Бүгінге дейін еңбек және әлеуметтік кепілдіктерді қамтамасыз ету бойынша көп жұмыс атқарылды. Бірақ бұл жеткілікті емес — бізді әлі де шешуді қажет ететін маңызды міндеттер күтіп тұр, — деді Асқарбек Ертаев.

Осы міндеттердің бірі ретінде вице-министр кәсіподақтардың рөлін күшейтуді атап өтті. Осы мақсатта "Кәсіподақтардың автоматтандырылған жұмыс орны" деп аталатын жаңа цифрлық модуль әзірленіп жатыр.

Бұл жүйе кәсіподақ мүшелерін автоматты түрде тіркеуге, қағазбастылықты азайтуға, қоғамдық бақылауды онлайн форматта жүргізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар кәсіподақтар мен мемлекет және жұмыс берушілер арасындағы байланыс жеңілдейді, ал еңбек құқықтарын қорғау жұмысы — тиімдірек әрі ашық болмақ.

Еске салайық, бұған дейін вице-министр Қазақстанда кәсіподақтар саны артып, жұмыскер құқықтары күшейіп келетінін айтты.

Abai.kz

0 пікір