«Сен есірке, тыныш ұйқтат, бақ сөзіме!»

Соңғы жылдары әлеуметтік желілерден қазақтың ойшыл ақыны, хакім Абайдың шалғайынан алып, шапанының етегіне жармасатындардың сөзі жамырай естіліп қалатын болды. «Бала-шағаның» сөзі былай тұрсын, азды-көпті ғалыми атақ-дәрежесі бар біреулер де Абайға қасақана соқтығуды әдет қыла бастағандай. Оларға абайтанушы ғалымдар, әдебиетшілер дер кезінде жауап беріп отырса да, Абайға жауығушылар әредік бой көрсетіп тұрады. Қазақстан Жазушылар одағы жуырда әлемжеліде қатты талқыланып, көпшіліктің ашу-ызасын тудырған мәселелерге байланысты Үндеу жасады.
Редакциядан:
Ұлы Абайдың «Өлсем орным қара жер сыз болмай ма...» деп басталатын жан азасын ақтарған толғау жыры бар. Абайдың бұл толғауы – расында ағайынмен арзу айтысқан, келер ұрпаққа мұңын шағып, тіл қатқан реквием жыр. Ақшатау бауырындағы Көшбике жайлауында болған болыстық сайлауда Абайға қамшы тиеді. Хакімге қамшы тигені туралы баласы Тұрағұл заманында былай деп ашына жазған екен: «Біздің қазақ сорлы мансапқа таласпай жүре ме? 1898 жылы сайлау болғанда, бұрынғы Мұқыр атанған елдің сайлауына менің әкем барған. ...Мұқыр болысының ішіндегі менің әкемнің тілеулестері ...жалынып, жалпайып апарған. Ақылы көзінде, елдігі де, жаулығы да қас пен көздің арасында тұратұғын қазақ, менің әкемді көрген соң, әкемнің досы жаққа қарай ауыса бастаса керек. Бастығы Оразбай жолдастарымен, «осының өзіне қол тигізіп, бір таңба салмасақ, ел ескі әдетімен ауа береді» десіп, уезнойдың қасында әңгімелесіп отырған Абайға қолдарыңды тигізіп, жанжал шығарыңдар деп жіберген. ...Таяқ тиді не, тимеді не, әйтеуір, «Абайды ұрдық!» деген атын көтеріп мұратына жетті».
Абайға қамшы сілтеген, таяқ көтерген, әрине, айтаққа жүгірген тобыр ғой. Сол тобырдың ішінде еліріп, желөкпе жастар да жүргенге ұқсайды. Өкінішке қарай, Абаймен алысатын әсіре даңғой әумесерлер бүгінгі жастар мен жасамыстардың да арасынан көрініп қалып жатыр. Шағын деректі фильмдер түсіріп танылған бір журналист-блогер жуырда Ақылбай, Әбіш, Мағыштай айбоз ұлдарды дүниеге әкелген Ділда анамыз бен Абай арасындағы ерлі-зайыптыларға тән табиғи жақындықты анайы сөзбен жариялап, естіген елдің бетін қызартты. Онысы – әлгі журналист-блогердің өзінше хайп қуғаны болса керек. Әлгінің ізін ала тағы бір дүлей: «Абай баласы Ақылбаймен әйелге таласқан, Абай маған авторитет емес», – деп шықты. Шетелде тұратын бір ғалымсымақ, «Абай өлең жазбаған, Абайға ой да, ақындық та қонбаған» дегенді айтып жер-әлемді шулатып жүр. Бір сұмдығы – осының бәрі тұтас ел болып және ЮНЕСКО дәрежесінде аталып өтіп жататын Абай Құнанбайұлының айтулы мерейжастарының қарсаңында әр-әркімнің аузынан айтылады да әріқарай бықси жөнеледі. Соған қарағанда бұл – қазақтың Абайдай асқар тауын құлатып, рухын сындыруға арналған астыртын әрекеттердің бірі ме деп қаласың.
Біздің елімізде Мемлекет басшысынан бастап Парламент депутаттарының, судьялардың, қоғам қайраткерлерінің, қарапайым азаматтардың құқығын қорғап, ар-ожданын қорғайтын заң нормалары Конституциямызда, Қылымыстық кодексте, Баспасөз қызметінде арнайы көрсетілген. Бірақ бұл заң нормалары «ортамызда жүрген азаматтың арожданына қол сұқпа, абайла, оның көзі кеткен соң не десең де өзің біл» дегенді ғана талап етпесе керек. Қазақтың ахлағында: «Өлген адамның жаманы жоқ...». Біз бәріміз – ел болып, жұрт болып, заң, құқық мәселесін қадағалайтын органдар мен қоғамдық иниституттар болып, Абай мен өзге де асылдарымызды аузы лас арам ниеттілерге қорлатпай, жас өскінді ұлттық инабат пен әдепке шақыруымыз қажет.
«Өлсем орным қара жер сыз болмай ма...» атты реквием-жырында Абай келер ұрпаққа қаратып не деп еді? Еске алайықшы.
Ой кіргелі тимеді ерік өзіме,
Сандалмамен күн кешкен түспе ізіме.
Өзі ермей, ерік бермей, жұрт қор етті,
Сен есірке, тыныш ұйқтат, бақ сөзіме!
Жүрегіңнің түбіне терең бойла, жас ұрпақ! Хакім атаңды орынсыз ыржақпен текке мазалама!
Қазақстан Жазушылар одағының хатшылығы
17.07.2025 жыл
Abai.kz