Сейсенбі, 22 Шілде 2025
Билік 326 0 пікір 22 Шілде, 2025 сағат 12:53

Қазақстан мен Грузия: «Орта дәлізді» дамыту - ортақ мүддеміз!

Коллаж: Айым Алмасқызы.

Премьер-министр Олжас Бектенов Грузияның Экономика және тұрақты даму министрі Мариам Квривишвилимен кездесу өткізді. Осы кездесу барысында тараптар:

- екіжақты ынтымақтастық мәселелерін,

- сауда мен инвестицияларды дамыту -инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру,

- көлік-логистикалық байланыстарды кеңейту,

-агроөнеркәсіп кешеніндегі тауар айналымын ұлғайту мәселелерін қарастырды.

Бұл арада біздің бөле жара айтпағымыз – Транскаспий халықаралық көлік бағдары (ТХКБ) шеңберінде келелі мәселелер қозғалды. Аталған басқосу кезінде Министрлер кабинетінің басшысы Қазақстан Грузияны тұрақты және өзара тиімді диалог құратын сенімді экономикалық әріптес ретінде қарастыратынын атап өтті.

2025 жылғы қаңтар-мамырда елдер арасындағы тауар айналымы 75,2 млн долларды құрады. Бұл өткен жылдың осы уақыттағы кезеңімен салыстырғанда 35,7% -ға артық. Кездесу барысында көлік-логистикалық өзара іс-қимылды нығайтуға басты назар аударылды. Иә, ТХКБ-ны дамыту екі елге де орасан зор пайда әкелетін игілікті қадам. Өйткені, дәстүрлі Ресей бағытты саясиланып кеткені жасырын емес, сондықтан қазақ елі балама жолдарды іздестіруге бағдар ұстанды. Бұның үстіне еліміз Ресейге тәуелділіктен құтылудың жаңа жолын сәтімен іздестіре бастады. Оның айқын дәлелі Гүржі дәлізі.

2025 жылдың бірінші жартыжылдығында қос ел арасындағы темір жол жүк тасымалының көлемі 159,5 мың тоннадан асты, бұл 2024 жылдың тап осы кезеңімен салыстырғанда 67%-ға артық.

«ТХКБ дамуындағы маңызды қадам Грузияның Поти портында PTC Holding компаниясы салған  жаңа қазақстандық жобалық қуаты 120 мың жүк тасымалдық контейнерлік терминалды іске қосу болды. Бұл Грузияның негізгі теңіз хабтарының бірінің аумағында іске асырылған алғашқы қазақстандық инфрақұрылымдық жоба болып табылады. Бұл бірлескен жұмыстың табысты болуының жарқын мысалы, ол «Орта дәліз» бойынша жүк ағыны көлемін ұлғайтуда маңызды рөл атқарады. Айта кету керек, аталмыш жоба Қазақстанның ТХКБ аясындағы инфрақұрылымын, соның ішінде Қытайдың Ляньюньган және Сиань қалаларындағы логистикалық терминалдарды толықтырады. Осылайша, Шығыс Азияны Еуропамен байланыстыратын біртұтас, дәйекті логистикалық тізбек құрылады», - деп атап өтті Олжас Бектенов.

Бағытты одан әрі дамыту дәліздің тиімділігін арттыруға, қосымша транзиттік жүктер мен инвестицияларды тартуға мол кепілдік береді.

Сондай-ақ Қазақстан мен Грузияның өңірдің негізгі логистикалық орталықтары ретіндегі ұстанымын нығайтуға мүмкіндік жасайды. Осы кездесу барсында Батуми мұнай терминалы мен портының қуаттылығын кеңейту, сондай-ақ қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерін - астық, ұн, ет-сүт және кондитерлік өнімдерді грузин нарығына жеткізуді ұлғайту мүмкіндіктері талқыланды.

Грузияның экономика және тұрақтылықты даму министрі Мариам Квривишвили Қазақстанмен сауда, туризм және логистикалық инфрақұрылым салаларындағы серіктестікті кеңейтудің маңыздылығын атап өтті.

Бұл ретте туристік байланыстарды нығайтудың, экономикалық өсімді ынталандырудың және көлік желісін дамытудың маңыздылығы атап өтілді. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыруға және Үкіметаралық комиссия шеңберінде жұмысты жалғастыруға дайын екендіктерін растады.

Сөздің соңында айтарымыз: «Транскаспий халықаралық көлік дәлізі» («Орта дәліз») Қытай-Қазақстан шекарасынан Қазақстан, Каспий теңізі, Әзірбайжан және Грузия арқылы Еуропаға өтеді. Және елімізді Ресейге экономикалық басыбайлықтан түбегейлі құтқарады.

Abai.kz

0 пікір