Қазақстанда шетел азаматтарын ЖИ көмегімен бақыламақ

Жаңа жоба туралы Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Әленов айтып берді.
– Халықаралық әуежайлар мен шекара бекеттерінде туристерге QR-коды бар "арнайы карта" беріледі. Сол арқылы шетелдік меймандар елімізде жайлы және қауіпсіз жүру үшін қажетті ақпарат пен қызмет туралы мәлімет ала алады. Бүгінде көші-қонды бақылаудың тиімділігін арттыру шеңберінде министрлік басым бағыттарды анықтап, тиісті шаралар қабылдап жатыр. Көші-қон процесін бақылауда цифрлық шешім қабылданып, енгізіледі. Жасанды интеллект арқылы шетелдіктердің елде болуын бақылау жобасын бастадық. Жобаны жыл соңына дейін аяқтаймыз, – деді Бауыржан Әленов Үкімет отырысында.
Одан әрі министрдің бірінші орынбасары көші-қон саясаты саласында құқықтық базаны жетілдіру жұмысы туралы айтты.
– Өткен аптада көші-қон бақылауын күшейтуді көздейтін заң қабылданды. Оған сәйкес, 30 тәуліктен аса елде болуды жоспарлаған шетел азаматтарын тіркеу институты енгізілді. Ішкі істер органдарына тәуекел елдердің азаматтарына елге келуден, шақыртудан бас тарту құзыреті берілді. Сонымен қатар шетел азаматын тіркеу тәртібін бұзғандарға әкімшілік жауапкершілік енгізу мәселесі қаралып жатыр, – дейді ол.
Abai.kz