Ресей азаматтық авиациясы өлім аузында...

Ресейде «Ангара» дейтін әуе компаниясының Ан-24 ұшағы Ресейдің қиыр шығысындағы Хабаровскіден ұшып шығып, Амур облысындағы Тында дейтін қалашыққа жетер-жетпей апатқа ұшырады. Ұшақ бір дегенде қона алмаған. Сосын соң радардан жоғалған. Бортта 49 адам болған. Оның 43-і жолаушылар, 6-ауы экипаж мүшелері. Барлығы қаза тапты.
Ескерту: Бұл ұшақ 70-ші жылдары шығарылған (50 жыл бұрын). Сондай ескі бола тұра, 2036 жылға дейін ұшуға рұқсат берілген екен.
Ашық деректердегі мәлімет мынау: Ан-24 ұшақтарын шығару 1979 жылы тоқтатылған екен. Ал қазір Ресей әуе компанияларында Ан-26 ұшағынан 26 данасы, Ан-24 ұшағынан 26 данасы әлі қолданыста. Ресейде тұтынушы көп. Сәйкесінше әуе тасымалына сұраныс көп. Ал сол сұранысты толық қамтуға ұшақ жеткіліксіз. Сол себепті, Ресейдің азаматтық авиация институты биыл Ан-24 пен Ан-26 ұшақтарына тағы 50-60 жыл ұшуға рұқсат берген.
Жолаушылар тасымалдауға арналған Ан-24 пен Ан-26-ның баламасы – чехтер шығаратын L410 ұшағы. Бірақ, бірнеше жыл бұрын санкцияларға байланысты бұл ұшақты Ресейде шығару тоқтатылды. «Bombardier» компаниясы да Ресейге ұшақ сатуды 2014 жылдан бастап доғарғаны айтылады. Украиналық Ан-140 те Ресейден кеткен. Airbus Ресейге ұшақ жөндеуге қосалқы бөлшектер бермей қойды. Сөйтіп, бір жылдары Ресей өз ұшақтарын Иранға апарып жөндеп жүрді. Қазір ол да тоқтады. Өйткені, Иранның өзі санкциядағы ел. Иран авиациясы да өлімші хәлде. Ресейге көмектеспек мүмкіндігі жоқ.
Ал Ресейдің өзінде өндіріс өлімші хәлде. Балама ұшақ құрастыра алған жоқ. Сәбет өкіметі кезінде Ил-114 дейтін ұшақтың модернизациясын жобалай бастаған, онысы әлі күнге аяқсыз қалды.
Жалпы Ресейде соғысқа дейін (2022 жылға) 850 ұшақ болса, 2023-те 736 ұшақ қалған. Ал 2026 жылға дейін олардың саны 2 есеге қысқаратыны айтылады. Ресейдегі жолаушылар тасымалдайтын ұшақтардың күрт азаюының басты себебі – шетелдік компаниялардың ұшақтары Ресей агрессиясына байланысты салынған санкцияларды сақтап, Ресейден ұшақтарын алып кетіп жатқандығы.
2024 жылы Ресей Қазақстанның әуе компанияларына қолқа салып, Ресей ішінде рейстер ұйымдастыруды сұрағаны БАҚ-та айтылған. Кейін ол әңгіменің де аяғы сұйылып кетті.
Ресей үшін жолаушылар ұшағы дейтін мәселе – жай ғана қажеттілік немесе коммерциялық пайда мәселесі емес. Көптеген шалғай аудандар толығымен авиацияға тәуелді. Қайсыбір жылдары «Boeing» және «Airbus-пен» жарысамыз деп екіленіп, ұшақ шығаруды қолға алған. сонда жасағандары 2 дана «Ту-214», 1 дана «Ил-96-300». Ресейде тағы бір жойқын проект болған. Ол – «MC-21» лайнерінің құрылысы. Жаңағы «Boeing-пен» бәсекелеседі деген осы ұшақ. Бірақ, жобаның құны ресейдің бюджетіне салмақ болып, әзірге іс алға баспай тұр.
Осылайша, санкциялардың соққысы Ресей авиациясын есеңгіретіп қана қоймай, өлім мен өмірдің шегіне әкеп тіреп тұр!
Abai.kz