Қазақстан Орталық Азиядағы көшбасшылық рөлін арттыруға құлшыныс танытуда

Қазақстанның сыртқы саясаты еліміздің халықаралық аренадағы ұлттық мүдделерін қорғауға, аймақтық және жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, экономикалық даму мен интеграцияны ілгерілетуге бағытталған стратегиялық бағыттар мен шаралардың жиынтығы.
Жаһандық саяси алаңда көпвекторлы саясат ұстанатын еліміз Ресеймен стратегиялық әріптестік, Қытаймен көршілік және сауда-экономикалық байланыс, АҚШ-пен инвестициялық және қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық және Еуропалық Одақпен энергетика, сауда және білім беру салаларындағы байланыс орнатты.
Сонымен бірге Қазақстан БҰҰ, ЕҚЫҰ, ШЫҰ, ТМД, ҰҚШҰ, ЕАЭО, ИЫҰ сияқты халықаралық және аймақтық ұйымдарға мүше. Қазақстан түркітілдес мемлекеттермен (Түркістан декларациясы, Түркі мемлекеттері ұйымы) және мұсылман елдерімен (ИЫҰ аясында) тығыз қарым-қатынас орнатып келеді. Ал қазір Қазақстан Орталық Азиядағы көшбасшылық рөлін арттыруға құлшыныс танытуда.
Айталық, 29 шілде күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Президент Режеп Тайип Ердоғанның шақыруымен Түркияға ресми сапармен барады. Анкарада екі ел басшылары келіссөз жүргізіп, қазақ-түрік стратегиялық серіктестігін одан әрі нығайту мәселесін талқылайды. Сондай-ақ президенттер Қазақстан мен Түркия арасындағы жоғарғы деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің бесінші отырысын өткізеді.
Қазақстан үшін басқа елдермен терезесі тең саясат ұстанудың маңызы зор. Бұл тұрғыда еліміз шығыс елдермен де, батыс мемлекеттерімен де орнықты саясат ұстанып келеді. Мысалы, бірнеше жыл бұрын Қазақстан мен Ұлыбритания арасында жаңа Стратегиялық әріптестік туралы келісім жасау бойынша жұмыс сәтті аяқталды.
Бүгінде Шығыс Азия елдерімен байланыстарымыз тұрақты түрде дамып келеді. Жапониямен кеңейтілген стратегиялық әріптестік негізіндегі саяси үнқатысу жалғасып жатыр. Оңтүстік Кореямен ынтымақтастық өткен жылдың тамызында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сеулге жасаған сапарынан кейін жаңа қарқын алды. Біз Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттерімен өзара іс-қимылды кеңейтуге және осы бағыттағы мүмкіндіктерді тиімді пайдаланбақпыз.
Соңғы жылдары түркі мемлекеттері арасындағы ынтымақтастық айтарлықтай қарқын алып, жаңа деңгейге көтерілді. Түркі кеңесі толыққанды ұйымға айналып, «Түркі көзқарасы–2040» бағдарламасы қабылданды. 2021 жылы Түркістанның түркі әлемінің рухани астанасы ретінде жариялануы – Қазақстанның бұл кеңістіктегі беделі мен маңызын көрсетеді.
Сонымен қатар, Қазақстан мен Америка Құрама Штаттары арасындағы қарым-қатынас та жаңа белеске көтерілу үстінде. Кеңейтілген стратегиялық әріптестік жөніндегі комиссия аясында өтетін жоғары деңгейдегі тұрақты кездесулер саясат, қауіпсіздік, сауда және инвестиция салаларындағы өзара тиімді серіктестікті дамытуға мүмкіндік беріп отыр.
Ал Еуропа бағытында Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы өзара іс-қимыл қолданыстағы Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімнің мүмкіндіктерін барынша пайдалануға және экономикалық байланыстарды тереңдетуге бағытталған.
Abai.kz