Балалар оқуға асығатын мектеп қандай болады?

Қазақстанда жаңа мектептердің заманауи моделі – “Келешек мектептері” ұлттық жобасы жүзеге асып жатыр.
Бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен қолға алынған білім саласын жаңғыртудың ең ірі жобаларының бірі. Оның басты мақсаты – бүкіл ел бойынша барлық балаға теңдей, сапалы білім алуға мүмкіндік беру.
Қанша мектеп салынады?
Жоба аясында 2026 жылға дейін 217 заманауи мектеп салу жоспарланған. Бұл мектептер 460 мың оқушыға арналған. Қазірдің өзінде 105 мектеп пайдалануға берілді, ал биыл тағы 112 мектептің құрылысы аяқталады. Ең бастысы – бұл мектептер тек қалада ғана емес, ауыл-аймақтарда да бой көтеріп жатыр. Осылайша, 200 мыңнан астам ауыл баласы жаңаша жабдықталған, қауіпсіз әрі қолайлы мектептерде білім алуға мүмкіндік алады.
Келешек мектеп несімен ерекше болмақ?
1. Кең әрі жайлы мектеп
Жаңа мектептердің аумағы бұрынғы типтік жобалардан 15–20% үлкен. Яғни сыныптар кең, жарық, ауа өткізгіш, әрбір баланың ыңғайына бейімделген. Бұл оқушыларға өзін еркін сезінуге, ал мұғалімдерге шығармашылықпен жұмыс істеуге мүмкіндік береді.
2. Супер технология мен пән кабинеттері
Келешек мектептерде IT және STEM бағытындағы зертханалар, робототехника, хореография, алғашқы әскери дайындық, коворкинг аймақтары болады. Сонымен қатар:
- 4 спорт залы
- заманауи жиһазбен жабдықталған оқу сыныптары
- арнайы мамандандырылған шеберханалар (аспаздық, тігін, IT және т.б.)
Барлық сынып интерактивті тақта, компьютер, мультимедиа сияқты құралдармен қамтылады. Бұл балалардың білім сапасын көтеріп қана қоймай, оқуды қызықты етеді.
3. Қауіпсіздік – басты назарда
Жоба аясында салынған мектептерде:
- бейнебақылау жүйесі
- кіріп-шығуды бақылайтын арнайы қақпалар
- бастауыш пен жоғары сынып оқушылары үшін бөлек блоктар
Балалардың қауіпсіздігі үшін барлық жағдай жасалған. Мектеп ішіндегі тәртіп пен қауіпсіздік бірінші орында.
4. Әр балаға қолжетімді орта
Бұл мектептер ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға да бейімделген. Онда:
- пандустар мен лифтілер
- логопед, дефектолог, психолог бөлмелері
- кең санитариялық тораптар мен белгілер
Яғни қай бала болмасын – мүмкіндігіне, жағдайына қарамастан – білімге тең қол жеткізе
5. Кәсіпке ерте бағыттау
Бастауыш сыныптан бастап оқушылар түрлі мамандықтармен танысады. Ал 7-сыныптан бастап:
- бейіндік оқыту
- жобалық апталар
- “Мансап компасы” платформасы енгізіледі
Бұл балалардың өз болашағын ерте анықтауына, мақсат қойып үйренуіне көмектеседі.
6. Мұғалім де жаңаша ойлай бастайды
Мектеп тек ғимарат емес, оның басты күші – мұғалім. Сондықтан “Келешек мектептері” жобасында 3000-нан астам ұстаз біліктілігін арттырды, алдағы уақытта барлық мұғалімдер заманауи технология мен әдістемелер бойынша оқытылады. Жобада арнайы педагогтерді даярлайтын бағдарламалар мен ЖОО-лармен серіктестік те бар.
Кітапхана – білім мен шабыт орталығы
Жаңа мектептерде:
- коворкинг аймақтары
- электронды кітапханалар
- оқу залдары
- медиатека
орналасады. Балалар тек оқып қоймайды, шығармашылықпен де айналыса алады.
Таза Қазақстан – мектептен басталады
Бұл мектептерде экологиялық мәдениетке, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға үйрету – басты бағыттардың бірі. «Таза Қазақстан» идеясы осы жастан бастап оқушы санасына сіңіріледі.
“Келешек мектептері” – бұл жай ғана жаңа мектептер емес. Бұл – балаларға болашаққа жол ашатын үлкен мүмкіндік. Мұнда білім де бар, тәрбие де бар, қауіпсіз орта, заманауи құрал-жабдық, шабыт беретін мұғалім бар.