Жұма, 1 Тамыз 2025
Ғылым-білім 588 0 пікір 31 Шілде, 2025 сағат 19:01

Қазақстанда қандай ғылыми бағыттар басымдыққа ие болып отыр?

Сурет: kazgazeta.kz сайтынан алынды.

Қазақстанда қазіргі таңда ғылымның бірнеше стратегиялық бағыттары мемлекеттік деңгейде басымдыққа ие деп танылып отыр. Бұл басымдықтар елдің индустриялық-инновациялық дамуына, ұлттық қауіпсіздікке, экологиялық тұрақтылыққа және цифрлық трансформацияға тікелей байланысты.

1. Жаратылыстану және техникалық ғылымдар

Бұл бағыттар Қазақстанның индустриялық-инновациялық саясатының негізіне айналған: IT және цифрлық технологиялар:

«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының аясында ақпараттық технологиялар, жасанды интеллект, киберқауіпсіздік және Big Data салалары басты орынға шықты. Елде IT-мамандарын даярлау мен стартаптарды қолдау күшейді.

2. Энергетика және баламалы энергия көздері:

Қазақстанда жаңартылатын энергия көздерін (күн, жел, су) дамыту бағытындағы ғылыми зерттеулер басымдыққа ие. Бұл «жасыл экономикаға» көшу мақсатына сай келеді.

3. Ядролық физика және материалтану:

Әлемдік деңгейдегі зерттеулер жүргізетін Ұлттық ядролық орталық, Физика-техникалық институт сынды мекемелер еліміздің ядролық қауіпсіздігі мен технологиялық әлеуетін дамытуға үлес қосуда. Болашақта осы ғылыми базаны тереңдету міндеті тұр. Еліміз энергетикалық қауіпсіздік тұрғысынан жаңа энергия кешендерін салуды  жоспарлап отыр.

4.  Биотехнология және медицина:

Әлемді шарпыған пандемия отандық вакцинология мен биомедицина саласына ерекше назар аудартты. Бұл саланы дамытуға Қазақстанның табиғи мүмкіндіктері өте зор.

5. Ауыл шаруашылығы және агротехнологиялар

Қазақстан – өзінің жер және климаттық жағдайына байланысты аграрлы ел қатарына жатады. Мысалы, әлемдегі қатты бидай сорттары санаулы мемлекеттерде ғана өсіріледі. Сол қатарда Қазақстан да бар. Еліміздәі жаңа технологиямен жабдықталған жылыжайлар салу әлеуеті зор. Сондықтан аграрлық ғылым – басымдыққа ие бағыт. Оның ішінде:

Топырақ құнарлылығын сақтау;

Климатқа бейімделген дақылдар өсіру;

Мал шаруашылығында генетика және селекция.

Агроөнеркәсіптік кешенді цифрландыру бағыттары маңызды болып отыр.

6. Экология және климат өзгерісі:

Глобалдық климаттық проблемаларға жауап ретінде Қазақстанда:

Су ресурстарын басқару, Құрғақшылыққа төзімділік, Каспий экожүйесін сақтау, Сырдария өзені ағысын реттеу, Арал мәселесі сияқты тақырыптарға арналған ғылыми зерттеулер жүргізілуде.

Кейінгі кезде оның қатарына Алатау шыңдарындағы мұздақтардың еруі, таудың жалаңаштануы, елімізде орман шаруашылығын дамыту сияқты экологиялық мәселелер өткір қойыла бастады.

7. Гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар

Соңғы жылдары гуманитарлық ғылымдарға, әсіресе ұлттық тарих пен мәдениетке, тілге, философияға қызығушылық қайта жанданды:

Қоғамдағы әлеуметтік трансформациялар, урбанизация, миграция, тіл саясаты сияқты мәселелер де өзекті зерттеу нысанына айналуда.

Қазақстанда ғылымның дамуы экономикалық қажеттіліктер мен ұлттық қауіпсіздік талаптарына сәйкес бағытталып келеді. Цифрлық технологиялар, энергия, биомедицина, аграрлық ғылымдар және экология — ел дамуы үшін стратегиялық маңызы бар ғылыми салалар болып отыр. Сонымен қатар, рухани және ұлттық құндылықтарға негізделген гуманитарлық ғылымдар да жаңа серпін алуда. Әсіресе, Қлт тарихын зерттеудің кешенді жобалары қайта сараланып, оған еліміздің озық ғылыми әлеуеті жұмылдырылуда. Бұл – мемлекеттік дамуға серпін беретін рухани қадам.

Әбдірашит Бәкірұлы, философ,

Abai.kz

0 пікір