Жексенбі, 3 Тамыз 2025
Экономика 384 0 пікір 3 Тамыз, 2025 сағат 12:33

Ел экономикасының қозғаушы күші

Тамыз айының алғашқы жексенбісі – Көлік қызметкерлерінің күні. Көлік кешені – ел экономикасының күретамыры, қозғаушы күші, отандық экономиканың бас­ты, стратегиялық сегменттерінің бірі.

Көлік қызметі елдің өнеркәсіптік, техно­логиялық әлеуетін нығайтуда, өңіраралық, халықаралық байланыстарды дамытуда үлкен рөл атқарады. Өндіріс, сауда, ауыл шаруашылығы, қызмет көрсету, логистика сияқты секторлардың дамуына тікелей әсер етеді. Халықтың өмір сүру сапасы көбінесе осы саланың сенімді, үздіксіз жұмыс істеуіне байланысты.

Қазіргі таңда еліміздің көлік кешені қуатты өндірістік, ғылыми-техникалық, кадрлық әлеуетке ие. Сала қызметкерлерінің күнделікті тынымсыз еңбегінің, кәсіби­лігінің, іске жауапкершілікпен қарауы­ның арқасында кешенді жаңғырту, жолаушы­ларға қызмет көрсету сапасын арттыру, жүктерді жеткізу, қызметтер мен жұмыстардың аясын кеңейту, көлік инфрақұрылымын жетілдіру, озық технологиялар енгізу, өңірлік, халықаралық байланыстарды нығайту, қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі мақсат-міндеттер барынша ойдағыдай жүзеге асырылып келеді.

Жақсы дамыған көлік инфрақұрылымы – шетелдік, отандық инвесторлар үшін де тартымды фактор. Ол өндірісті кеңейтуді жеңілдетеді, тауар мен қызмет айналы­мын қамтамасыз етеді, мыңдаған адамды жұмыспен қамтиды. Қала мен ауыл, аймақтар мен елдер арасындағы эконо­микалық қатынасты нығайтады. Ішкі нарықты біріктіріп, экономикалық теңгерім­ді қамтамасыз етеді.

Сала қызметі темірдей тәртіпті, жоғары жауапкершілікті талап етеді. Осы тұрғыда күн-түн демей, аптап ыстыққа, қақаған суыққа қарамай, қоғам өмірінің барлық саласында еселі еңбектің көрігін қыздырып, ел экономикасына еселеп үлес қосып жүрген бейнеткеш қауым қандай құрмет, мақтауға болсын лайық.

Көлік қызметкерлерінің бүгінгідей «адал азамат» ұғымы қадірлі құндылықтары­мыздың бірі ретінде алдыңғы қатарға шығып, жұмысшы мамандықтар кеңінен насихатталып жатқан кезеңде мән-маңызы тіптен арта түседі. Бір сөзбен, көлік инфрақұрылымы – экономиканың драйвері, елдің тыныс-тіршілігінің негізгі көрсеткіші. Демек оны дамыту барша байлықты, ресурстарды тиімді пайдалану, халықтың әл-ауқатын арттырудың бірден-бір жолы, көзі болып қала береді.

Abai.kz

0 пікір