Жексенбі, 3 Тамыз 2025
Тарих 351 0 пікір 3 Тамыз, 2025 сағат 18:11

Қазақстар тарихы: Түркі дәуіріне арналған екінші том талқыланды

Сурет: Президент әкімшілігінен алынды

Бүгін Алматы қаласында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Тыныбайұлы Каринның төрағалығымен «Ежелгі дәуірден бүгінге дейінгі Қазақстан тарихы» академиялық басылымының редакциялық алқа отырысы өтті.

Аталған жиынға Мемлекеттік кеңесші Ерлан Каринмен қатар, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, ҚР Ұлттық музейінің директоры Берік Әбдіғалиұлы, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас директоры Зиябек Ермұханұлы Қабылдинов, аталған институттың бас ғылыми қызметкері Мұрат Жеткергенұлы Әбдіров, «Жошы ұлысын зерттеу» ғылыми институтының директоры Жақсылық Мұратұлы Сәбитов, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Бәтташұлы Сыдықов, «Қазақ тарихы қоғамы» басқармасының төрағасы Радик Жексенбайұлы Темірғалиев, ҚР Орталық мемлекеттік архивінің директоры Сәбит Қамытбекұлы Шілдебай, Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары Бүркітбай Ғелманұлы Аяған, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі Берекет Бақытжанұлы Кәрібаев, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің зерттеуші профессоры Мәмбет Құлжабайұлы Қойгелдиев және «Қазақ газеттері» серіктестігінің бас директоры Дихан Қамзабекұлы бастаған редакция алқа мүшелері қатысты.

Отырыс барысында «Қазақстан тарихы: ежелгі дәуірден бүгінге дейін» академиялық басылымының I томына енгізілген өзгерістер мақұлданып, баспаға жіберу мәселесі талқыланды. Сондай-ақ, «Қазақстан тарихы» басылымының II томы – «Түркі дәуірі» тарихшылармен кеңінен талқыланды.

II том Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтына бекітілген. Ғылыми жетекшісі – тарихғылымдарының докторы, академик Болат ЕшмұхамедұлыКөмеков. Том 5 бөлімнен, 19 тараудан, 96 параграфтан, кіріспе мен қорытындыдан, сондай-ақ әдебиеттер тізімі мен көрсеткіштерден тұрады.

Авторлар құрамына 19 отандық және 7 шетелдік ғалым тартылған. Отандық авторлар қатарында Саясат Нұрбек, Берік Әбдіғалиұлы, Зиябек Қабылдинов, Мұрат Әбдіров, Жақсылық Сәбитов, Ерлан Сыдықов, Радик Темірғалиев, Сәбит Шілдебай, Бүркітбай Аяған, Берекет Кәрібаев, Мәмбет Қойгелдиев, Дихан Қамзабекұлы бар.

Шетелдік ғалымдар ішінде – Өзбекстан, Қырғызстан, Түркия, Ресей, АҚШ елдерінің жетекші тарихшылары бар. Атап айтқанда:

Г. Бобоев (Өзбекстан),

Н. Голден (АҚШ),

Н. Қ. Үсебеев (Қырғызстан),

Т. Ахмет (Түркия),

В. В. Тишин, Ш. Ш. Қадыроваев (Ресей),

Т. Қ. Чороев (Қырғызстан).

II том ұлттық мүдделер мен ғылыми тұжырымдамаларға сай әзірленген. Көшпелі өркениетті зерттеудің заманауи тәсілдеріне негізделген еңбек Түркі мемлекеттілігіне (VI–XIII ғғ. басы) ерекше назар аударады. Түркі әлемінің бірлігі мен рухани құндылықтары сипатталады.

Бұған дейінгі басылымдарда идеологиялық шектеулерге байланысты түркі мемлекеттерінің тарихы тек Қазақстан аумағымен шектеліп берілсе, бұл томда тарих кеңірек ауқымда, Еуразия кеңістігімен байланыста қарастырылады. Алғаш рет Хазар қағанаты мен Хорезмшахтар мемлекетінің Қазақстан тарихымен сабақтастығы көрсетілген. Барлығы 14 түркі мемлекетінің тарихы қамтылған.

Мақсаты – отандық және шетелдік түрколог-ғалымдардың еңбектерін біріктіріп, ғылыми негізде жазылған, көпшілікке түсінікті, жүйелі академиялық басылым әзірлеу.

Ерлан Карин, Мемлекеттік кеңесші:

– Бүгін редакция алқасының кезекті отырысында жалпы дауыс беру арқылы басып шығаруға әзірлеу үшін Қазақстан тарихының бірінші томының қолжазбасын бекіттік.

Сондай-ақ әріптестерімізбен бірге Түркі дәуіріне арналған екінші томның мазмұнын талқыладық. Авторлар ұжымының жетекшісі, тарих ғылымдарының докторы, академик Болат Көмеков баяндама жасады.

Тарих ғылымдарының докторлары, Ұлттық ғылым академиясының академиктері Мәмбет Қойгелдиевтің,  Оразақ Смағұловтың, тарих ғылымдарының докторлары Еркін Әбілдің, Айболат Көшкімбаевтің, Галина Ксенжиктің рецензиялары тыңдалды. Сондай-ақ Меруерт Әбусейітова, Бүркітбай Аяған, Айгүл Сәдуақасова, Жақсылық Сәбитов, Радик Темірғалиев, Дихан Қамзабекұлы, Ақан Оңғар, Күлғазира Балтабаева, Нұрсан Әлімбай, Зиябек Қабылдинов, Жәкен Таймағамбетов сияқты редакция алқасының өзге мүшелері де оз ойын ортаға салды.

Жиын соңында редакциялық алқа екінші томды жетілдіру жұмысын жалғастыру туралы және келесі отырыста «Қазақстан тарихы: ежелгі дәуірден бүгінге дейін» атты академиялық басылымның үшінші томын қарастыру жөнінде шешім қабылдады.

Мәмбет Қойгелді, Академик:

– Бүгінде балаларымыз мектепте ежелгі Грекия тарихын жақсы біледі. Зевс пен Афродитаны біледі, бірақ өзіміздің Бумын қаған, Махмұд Қашқари, Жүсіп Баласағұндарды білмейді. Осы олқылықты түзейтін уақыт келді. Мысалы, менің немерем қазір Еуропада оқып жүр. Сол жақтағы білім беру жүйесінде өз елінің тарихын танып өсуге басымдық береді. Ал біздің жастар көбіне өз тарихи тамырынан бейхабар. Түркі мемлекеттілігін қалыптастырған қағандардың ерлігі ешбір антикалық батырдан кем емес. Сол себепті түркілік дүниетанымды, тарихи тұлғалар мен ұғымдарды мектеп пен ЖОО бағдарламасына жүйелі түрде енгізуіміз қажет. Бұл – қоғамдық сананы жаңғыртатын, ұлтты рухани тұрғыдан нығайтатын маңызды негіз.

Түйін: Жиын соңында редакциялық алқа екінші томды жетілдіру жұмыстарын жалғастыру және келесі отырыста академиялық басылымның III томын қарастыру туралы шешім қабылдады.

Abai.kz

0 пікір