АҚШ : Kепілмен виза беретін пилоттық бағдарлама

Кепіл енгізген адамның АҚШ аумағынан белгіленген мерзімде шыққаннан кейін бұл сома толық қайтарылады деп жоспарланып отыр.
Америка Құрама Штаттары шетел азаматтарына 15 мың долларға дейінгі ақшалай кепілмен кіріс визаларын беру бойынша пилоттық бағдарламаны іске қосып отыр. Бұл туралы АҚШ үкіметінің ресми құжаттары жарияланатын Федералдық тізілім деректер базасында электронды түрде орналастырылған Мемлекеттік департаменттің хабарламасында айтылған.
Хабарламада нақтыланғандай, бағдарлама тек іскерлік және туристік визаларға (B-1 және B-2 санаттары) қатысты және АҚШ-қа кіргеннен кейін белгіленген мерзімнен артық заңсыз қалып қоятын азаматтардың үлесі айтарлықтай жоғары елдердің азаматтарына қолданылады. Сонымен қатар, ақшалай кепіл нұсқасы, визаны алуға өтініш берген тұлға туралы консулдықтарға ұсынылған ақпарат АҚШ тарапына жеткіліксіз болып көрінген жағдайда қолданылатын болады.
Бағдарламаға сәйкес, енгізілген кепілдік сома өтініш білдіруші адамның АҚШ-тан белгіленген мерзімде шыққаннан кейін толық көлемде қайтарылады. Кепіл көлемі нақты жағдайларға байланысты 5 000, 10 000 және 15 000 доллар мөлшерінде белгіленеді.
Бағдарлама туралы хабарландыру жарияланған күннен бастап бір жыл ішінде жүзеге асырылатын болады. Ресми жариялануы 5 тамызға жоспарланып отыр.
Abai.kz