Ауылға баратын дәрігерлерге жеңілдетілген кредит беріледі

Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназароваға ауылдағы кадр тапшылығын шешу тетіктерін нақтылауды тапсырды.
Сіз кадр тапшылығы мәселесін айтып өттіңіз. Расында да бұл, әсіресе ауылдық жерлерде өте өзекті. Мұны нақты қалай шешеміз? – деді Премьер-министр.
Министрдің айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2024 жылы денсаулық сақтау саласын кадрмен қамту бойынша бірқатар үкіметтік қолдау шаралары қабылданған.
Заң жүзінде бекітілген нормалар аясында 100 еселенген ең төменгі жалақы мөлшерінде қаражат бөлу көзделіп отыр. Сонымен қатар ауылға баратын жас мамандарға үй сатып алу немесе баспана салу үшін берілетін бюджеттік кредит көлемі де ұлғайтылды. Бұл кредиттің мөлшерлемесі – бар болғаны 0,01 пайыз. Сондықтан мұны үлкен қолдау деп есептейміз, – деді Ақмарал Әлназарова.
Одан бөлек, министр медициналық қызметкерлердің балаларына балабақшаға орналасу кезінде жергілікті деңгейде басымдық берілетінін атап өтті.
Заң аясында барлық әлеуметтік қолдау шаралары бар. Алайда жергілікті атқарушы органдар тарапынан медицина қызметкерлеріне нақты басымдық беру маңызды, – деді ол.
Abai.kz