Бейсенбі, 7 Тамыз 2025
Анық-қанығы 201 0 пікір 7 Тамыз, 2025 сағат 13:53

Құнанбай және Мұхтар Әуезов

Сурет: Мәдениет порталы сайтынан алынды

2012 жылы Ұлы жазушының ұлы Мұрат Әуезовтен “Абай жолы” эпопеясының аудиоформатын жасауға авторлық құқығын сұрай барғанмын. Мұрат ағадан кітаптағы Құнанбай образы бізді мектеп пен универде оқытқан мұғалім-профессорлардың айтқанына ешбір жанаспайтынын айтқам. Әуезов Құнанбайды ерекше құрметпен суреттеген. Қазақ ақсақалы Құнанбай қажыдай болса деген ниетті кітаптың әр сөйлемінен байқайсыз дедім. Әрі Мұрат ағаға мысалдарын келтіріп-көрсеттім.

Бұған дейін әдебиеттанушылар Құнанбайды Абайға қарсы қойып, романдағы образын жаман кісі кейпінде сипатайтынын білеміз. Былайғы жұрт та шығарманы оқымайды, бірақ әуезовтанушылардың Құнанбай қажыға қатысты жазбаларына сүйеніп сүйкей сөйлеуге әуес.

Абай атамыздың 150 жылдығына орай “Абай жолы” төрт томдығы қайтадан автор Мұхтар Әуезов жазып нүктесін қойған форматта басылып шықты. Оған дейінгі басылымдар коммунисттік системаның рұқсат етілген “4 томдық варианттары” еді. Сол себептен де “Абай жолы” 4 томдығын елімізде тұңғыш рет толық оқытып, аудиоформатын жасаттым.

Мұндағы мақсатым жалпы республикалық Қазақ радиосы мен “Шалқар” радиосы арқылы қалың жұртқа “Абай жолы” эпопеясының Мұхтар Әуезов

қаламынан шыққан нақты вариантын тыңдату еді. Радиотыңдаушыларымыз аудиокітапты ерекше ықыласпен қабыл алды. Екі радио эфирінен жылына 2-3 реттен қайталап беріп отырдық. Кітапты әйгілі диктор Аманжан Серіков оқыды. Әуенмен режиссер Советхан Қоңырбаев әрледі. Аудиокітапқа керекті қаржыны өзім таптым. Кейіннен бұл формат тыңдарманға қажетті екенін түсінген министрлік “100 кітап” аудиожобсына мол қаражат бөліп, біраз романдарды аудиолады.

Осы орайда, отандық Аудиокітап беташарын “Абай жолы” романынан бастағанымды мақтаныш санаймын!

Осы іске кірісерде Мұрат Мұхтарұлы маған аудиокітапқа мынандай алғысөз қосуымды талап еткен. Соның өзгеріссіз толық мәтіні:

“Құрметті радиотыңдаушылар!

Заманымыздың Ұлы жазушысы Мұхтар Омарханұлы Әуезов, өзінің «Абай жолы» атты 4 томдық даңқты тарихи роман-эпопеясын 15 жыл бойы жазды. Мұның «Абай» деп аталған біріші кітабы - 1942 жылы,

екіншісі - 1947 жылы жарыққы шыққан еді.

Орыс тіліне аударылған «Абай» романының екі кітабы - 1949 жылы бірінші дәрежелі Сталиндік сыйлыққа,

төрт кітәппен біткен эпопея - 1959 жылы Лениндік сыйлыққа ие болды. Ол дүниежүзі халықтарының 30 тіліне аударылып, өз оқырмандарының өте жоғары бағасын алды. Әлемдік классиканың 200 томдығына еңген шығарма бертін келе бірсыпыра текстологиялық түзетулер жасалып, 1997 жылы «Жазушы» баспасында қайта басылды.

Мұхтар Әуезовтің 100 жылдық мерейтойы қарсаңында жазушының өз мұрағатындағы араб, латын, кирилл қалпындағы қолжазбаларының бұрын сталиндік-социалисттік ұғымға келмейді деп қысқарып қалған нұсқаларын қалпына келтіру жүзеге асырылды.

Бес баспа табақ көлеміндегі бұл шығарманы ғалым Талапбек Әкім 30 жылдай зерттеп ойдағыдай атқарып шықты. Ол шамамен жаңадан 70 беттік мәтін, төрт томдық «Абай жолы» роман - эпопеясының ең соңғы басылымына қосылды деген сөз. «Абай жолының» толықтырылған жаңа нұсқасының аудиосы «Қазақ радиосында» тұңғыш рет жазылып отыр.

Жобаның жетекшісі - Махат Садық, оқыған - Аманжан Еңсебайұлы Серіков, әуенмен әрлеген - Советхан Мейірханұлы Қоңырбаев».

Классик жазушы жазған шығармасы келешекке жетіп, мәңгілік туынды болуына мүдделі. Егер араларынызда «Абай жолы» эпопеясын таяуда қайталап оқығандар болса, қазіргі заман геройларын табар еді. Сөздерін телевизиядан тыңдап, істерін көріп жүрген депутат – министрлер мен сенатор – әкімдердің образдарын «Абай жолы» кітабын оқи отырып кездестіре аласыз.

Әуезов Абай көзімен қазір айтып жүрген экономиканы әртаптандыру мәселесін, коррупциядан құтылу жолын, рушылдық зиянын да жазады. Тіптен әйелдерге золрлық-зомбылықты тоқтату қажеттігін әңгімелейді. Харрасмент проблемасы да бар.

Қоғамды қазір мазалап жүрген көп дүниелер шешімі суреттелген. “Абай жолы” 4 томын толық оқыған соң түйгенім: Абай ескерткен біраз кертартпалықтан арылыппыз. Адал адам ол Абай айтқан толық адам екенін қабылдап, дұрыс бағытта дамып келеміз.

Махат Садық

Abai.kz

 

0 пікір