Дәрігерлердің қауіпсіздігі – мемлекеттің басты міндеті

Сенат депутаты Қайрат Тастекеев Семей қаласындағы Медициналық университет госпиталімен танысты.
Сенаторға мекеменің жұмысы, жаңа ангиографтың мүмкіндіктері және бұл құрылғының пациенттерді диагностикалау мен емдеудегі маңызы жөнінде кеңінен баяндалды. Медициналық персоналмен кездесу барысында парламентші Сенаттың заң шығару қызметі және медицина қызметкерлерінің құқықтары мен қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған жоспарланған түзетулер туралы ақпарат берді.
Депутат соңғы жылдары медицина қызметкерлеріне жасалатын шабуылдар мен күш қолдану жағдайларының артқанын атап өтті. Соңғы бес жылда елімізде дәрігерлерге қарсы 170-тен астам шабуыл тіркелген.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент депутаттары мен денсаулық сақтау саласы өкілдерінің ұсыныстарын қолдай отырып, медицина қызметкерлерінің құқықтары мен қауіпсіздігін заңнамалық тұрғыда қорғаудың қажеттілігін атап өтті. Мемлекет басшысы Үкіметке нақты шаралар қабылдап, заңнамаға тиісті түзетулер енгізуді тапсырды. Бұл бастама Парламентте азаматтық қоғам өкілдерімен бірлесіп жан-жақты талқыланатын болады. Енді мемлекет дәрігерлердің қауіпсіздігіне басымдық беруге ниетті, өйткені олар күндіз-түні адамдардың өмірі мен денсаулығы үшін еңбек етеді. Олардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін мұндай оқиғаларға «Заң және тәртіп» қағидаты аясында заңдық тосқауыл қойылады», – деді Қайрат Тастекеев.
Бұдан бөлек, сенатор «AMANAT» партиясының облыстық филиалының төрағасымен кездесіп, өңірлік бағдарламалардың жүзеге асырылуы, олардың тұрғындар үшін маңызы, өзекті мәселелер және алдағы даму жоспарлары жөнінде пікір алмасты.
Депутат өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, халықтың әл-ауқатын арттыру және инфрақұрылымдық жобаларды тиімді іске асыру – негізгі басымдықтардың бірі екенін атап өтті.
Abai.kz