Ұмытылмас есім: Ел үшін еңбегі ерен қайраткер

Халқының болашағы үшін аянбай еңбек еткен, ұлт мүддесін бәрінен жоғары қойған тұлғалардың есімі ешқашан ұмытылмайды. Солардың бірі – көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, дипломат, ағартушы, публицист Нәзір Төреқұлов.
ХХ ғасырдың басындағы аласапыран кезеңде елін өркениетке жетелеуді мақсат еткен қайраткердің өмір жолы – бүгінгі ұрпақ үшін тағылымға толы. Ол білім мен мәдениетті өркендетуді, елдің халықаралық байланыстарын нығайтуды өмірлік мұраты санады. Жасынан зерек, білімге құштар Нәзір ауыл молдасынан сауат ашқан соң, Түркістандағы орыс-түзем мектебінде, кейін Ташкент мұғалімдер семинариясында оқып, сол кездің озық ойлы жастарының қатарына қосылды.
Төреқұловтың алғашқы қадамы ағартушылық пен баспасөз саласынан басталды. Ол «Ақ жол» газеті мен түрлі журналдарда редактор, автор ретінде еңбек етіп, елдің саяси санасын оятуға үлес қосты. Қазақ және өзбек тілдерінде мақалалар жазып, мәдени-ағарту бағытындағы маңызды мәселелерді көтерді. Халықты өнер-білімге шақыру, ұлттық бірлікті нығайту, отаршылдық езгінің зардаптарын түсіндіру – оның басты тақырыптарының бірі болды.Алайда Нәзірдің қызметі тек ішкі ағартушылықпен шектелген жоқ.
1928 жылы ол КСРО-ның Сауд Арабиясындағы төтенше және өкілетті елшісі болып тағайындалды. Бұл – тарихта сирек кездесетін оқиға, өйткені ол тек қазақтан шыққан алғашқы дипломаттардың бірі ғана емес, сонымен қатар сол кезеңдегі мұсылман елдерімен байланыс орнатқан санаулы кеңес өкілдерінің бірі еді. Жеті жылға жуық дипломатиялық қызметінде Нәзір екі ел арасындағы саяси, мәдени және сауда байланыстарын нығайтуға күш салды. Ол Сауд Арабиясының королі Әбділәзиз ибн Саудпен бірнеше мәрте тікелей келіссөздер жүргізіп, Мекке мен Мәдина қалаларындағы кеңес азаматтарының жағдайына араша болды.
Дипломатиялық миссиясынан бөлек, Нәзір араб әлемінің тарихы, мәдениеті және діні жөнінде зерттеулер жүргізді.

Сурет: Бағлан Ташимовтың мұрағатынан алынды.
Оның еңбектері Шығыс халықтарының тұрмысы мен салт-дәстүрін кеңінен таныстыруға бағытталды. Бұл – оның білімге, зерттеуге деген құштарлығының айғағы.
Бүгінде Нәзір Төреқұловтың есімімен аталатын музей – ұлт тарихындағы ұлы тұлғаның өмір жолын танытатын тағылым ордасы. Мұнда қайраткердің өмірі мен қызметіне қатысты сирек кездесетін тарихи деректер, фотосуреттер, қолжазбалар, жеке заттар мен құнды құжаттар сақталған.

Сурет: Бағлан Ташимовтың мұрағатынан алынды.
Музей экспозициялары Нәзірдің балалық шағынан бастап, білім алған жылдары, баспасөздегі қызметі, дипломатиялық сапарлары және оның өмірінің соңғы кезеңіне дейінгі барлық деректерді қамтиды. Бұл жерге келген әрбір адам сол дәуірдің рухын сезініп, ұлтқа адал қызмет етудің не екенін түсінеді.

Сурет: Бағлан Ташимовтың мұрағатынан алынды.
Нәзір Төреқұлов – қайсар мінезді, білімді, ұлтжанды тұлға. Ол қиын кезеңде де өз ұстанымынан айнымай, ел мүддесін қорғады. Өмірінің соңына дейін халқына адал қызмет етті. Өкінішке қарай, сталиндік қуғын-сүргіннің құрбаны болып, 1937 жылы атылды. Бірақ оның есімі мен еңбегі халық жадында мәңгілік сақталды.
Халықтың тәуелсіздігі мен дамуы жолында қажырлы еңбек еткен Нәзір Төреқұловтың өмірі – шынайы патриотизмнің, адалдық пен табандылықтың үлгісі. Ол өз дәуірінде елінің мүддесін қорғап қана қойған жоқ, болашақ ұрпаққа білім мен мәдениеттің маңызын түсіндіріп, ұлттық сананы оятуға атсалысты. Оның мұрасы – елге адал қызмет етудің, білім мен өркениетке ұмтылудың айқын бейнесі. Нәзірдің өмір жолын зерттеу – өткенімізді тану ғана емес, болашағымызға бағдар жасау.
Бағлан Ташимов
Abai.kz