Абайдың ұлылығы неде?

Ұлы данышпанымыздың заңғар биік тұлғасын түсінуде бұл сұрақтың маңызы ерекше. Оның шынайы тұлғасын анық танып, қабылдай білгенде ғана ұлы ойшылдың шексіз мұрасына тереңдеуге болады. Осылай ойшылды ынталы жүрекпен қабылдап, оның әлемдік тұлғасын да өз деңгейінде түсіне аламыз.
Ол ұлы ақын болған, немесе, ағартушы, ұстаз, халқының қамын ойлаған аяулы жан дейміз. Бәрі де дұрыс. Бірақ, оның ұлылығының негізгі мәні бұлар емес. Бұлар өткінші фәни өмір көрсеткіштері. Ал данышпан Абай бабамыздың мұрасы рухани деңгейде, яғни, бүкіл болмыс заңдылықтарын қамтитын бақилық әлемде жатыр. Абай хакім деңгейінде болған. Хакімдер болмыстың рухани және заттық білімдерін толық қамтып, оларды бойына сіңіріп, өз болмысына айналдырғандар. Абайдың өзі көрсеткендей, бүкіл адамзат ұстаздары. Сондықтан данышпанымыздың мұрасын тек қана рухани тұрғыдан қарастырып, қабылдай білуіміз керек.
Абай бүкіл болмыс заңдылықтарын, сонымен бірге, адам өмірінің түпкі мақсатын көрсеткен. Ол мақсатқа жету жолдары мен соған сәйкес білімді береді. Адамдардың ой өрісі, сана-сезімдері бірдей емес. Олардың өмірге көзқарастары мен тіршіліктері де әртүрлі деңгейде. Сондықтан, олардың мақсатқа жету жолдары да бірдей емес, әртүрлі. Жетілудің шыңын «толық адам» деп атап, Абай жетілудің осы эволюциялық жолындағы сатылар мен деңгейлерді көрсетіп кеткен. Бұл жолда әркімге өзінің жеткен деңгейін көріп, өткен өмірін саралап, болашағын болжауға мүмкіндік туады. Осылай, болмыспен үйлесімді өмір сүруге оған жол ашылады.
Хакім Абай бүкіл болмыстың, оның ішінде адам өмірінің мәні имандылықта жатқанын көрсетеді. «Пендеге иман өзі ашады жол» деп иманның маңызы мен оның негізгі мәнін көрсетеді. Имандылық діни жолмен толығады. Абай діннің мағынасын әлемнің бөліктерін ғана қамтитын күнделікті өмірдегі тар мағынада емес, бүкіл болмысты толық қамтитын кең мағынада береді. Абай ілімі бойынша «Ғұмыр өзі – Хақиқат. Қай жерде ғұмыр жоқ болса, онда кәмәләт жоқ», яғни, өмірдің өзі Хақиқат (Алла тағала) болмыс көрінісі, ал өмірдің өзі Құдайға жету жолы, яғни дін жолы. Өмірді өз мағынасында дұрыс пайдалана білу керек. Болмыс бөлінбейтін біртұтас. Сондықтан, діннің ішкі рухани мағынасы біреу, бөлінбейтін жалпыға ортақ біртұтас. Адаспай тура жолмен жүру үшін діннің осы ішкі негіздерін жақсы білу керек. Бұларды ынталы жүрек, шын көңілмен қабылдай отырып жасалған әрекет арқылы ғана өмірдің соқтықпалы соқпақсыз жолында өмірдің түпкі мақсатына жетуге болады.
Абай ілімінен қоғамдағы түрлі қайшылықтарды, діни ағымдардың арасындағы алауыздықтарды, әсіресе, бүгінгі күндері етек ала бастаған ислам мен тәңіршілдіктің арасындағы келіспеушіліктің себебін көріп, оны ушықтырмай, дер кезінде шешудің жолдарын да таба аламыз.
Сонымен бірге, Абай мұрасы бүгінгі күнге дейін елімізде әлі қалыптаса қоймаған ұлттық идеяны қабылдау арқылы өркениеттің сара жолына түсіруге мүмкіндік береді.
Досым Омаров абайтанушы, теолог
Abai.kz