Күлтөбе құрылтайы: Әз-Тәуке хан және жеті би

«Күлтөбенің басында күнде кеңес», яғни Күлтөбе құрылтайы – Қазақ хандығының саяси тарихында айрықша орны бар оқиға. Онда қазақ жұртының ұлттық тұтастығы мен бірегейлігін нығайтуға бағытталған ортақ заң-жоралғы үлгісін бекітумен қатар, түркілік саяси одақ құру қарекеті жүзеге асты. Одақ құрудағы басты саяси қам-қаракет тегеуіріні жойқын Жоңғар хандығына қарсы күш біріктіруге бағытталды. Құрылтайға Қазақ хандығының атақты Төле, Қазыбек, Әйтеке сынды үш биімен қатар, тілі, діні, тұрмыс-тіршілігінің табан ізі бір туыстас түркі елдерінің көсемдері де қатысты. Саяси одақ құруға серт еткен көсемдердің саны – жетеу, көшбасшы хан – біреу.
Құрылтай - маңызды саяси шара ретінде көне дәуірден қалыптасып, Қазақ хандығына бір желі бойымен сабақтаса жеткен алқалы жиын. ХҮІІ ғасырдың соңында Тәуке ханның бастамасымен ұйымдастырылған Күлтөбе құрылтайы халық жадында «Күлтөбенің басында күнде кеңес» деген шегенді, шымыр тіркеспен сақталып жетті. Онда ғұрыптық рәсімдерді мұсылмандық діни таныммен шегендеген заң-жоралғы үлгілері қабылданады. Ол қазақ жұртының тарихи жадында «Жеті жарғы» деп аталды. Тарихшы Шәкәрім қажы мұны Тәуке хан бекіткен «бітім жолы» деп жазады: «Есім ханның ескі жолы» деген жолдан кем қалған бітім жолдарды түзеткен осы еді. «Күлтөбенің басында күнде кеңес» деген жол бітім сол еді», – дейді ол.
Бітім – бүгінгі қолданыстағы заң-ереже деген ұғымның ертедегі қазақи нұсқасы. Жалпы, қазақ арасындағы «бітім жолы» – жеңіл шалып байлау емес, бірнеше амалдан тұратын күрделі, күрмеп байлауды қажет ететін қарекеттер жиынтығы. Онда бұрынғы өткенге салауат айтып, өкпе-кекті кешу, ел іші мен сыртқы жағдаяттан туындаған жаңа келісімді талқылау, бітімге уағдаласу, хан сайлау, күш біріктіріп, сыртқы жауды тойтаруға ант беріп, серт байласу т.б. сынды өзекті мәселелерді шешу мәселелері талқыланатын. Бұған түркі жұртының сонау Білге қаған, Шыңғыс хан тұсында орын алған құрылтай жиындарынан және Қазақ хандығының тарихында кейінгі тұста алған көріністер мен оқиғалар дәлел.
Бүгінгі таңда зерттеушілер ортасында Күлтөбе құрылтайының тарихи маңызын «жеті баптан тұратын» заң-жоралғыны қабылдау тұрғысынан талдау, зерделеу мәселелері орныққан. Бұл – құлашы қысқа, тынысы тар шеңбер. Біздіңше, атақты оқиғаны ұлттық тұтастық пен бірегейлікті нығайтумен қатар, Қазақ хандығының саяси элитасының геосаяси жағдайдың өзгеруінен туындаған сыртқы қауіп-қатерге тойтарыс беру мақсатында жүргізген саясатымен ұштастыра қарау да аса маңызды. Сондықтан Күлтөбе құрылтайын қазақ билеушілерінің қырғыз, қарқалпақ жұртымен, хандықтан ішкі саяси қайшылықтар себебінен айрылысып кеткен ру-тайпалармен қайта күш біріктіруге бағытталған одақ құру мәселесімен тікелей байланысты қарау – оның мән-маңызын кеңірек, толығырақ ашуға жол ашатын өзекті мәселе болып табылады. Оқшау, оңаша шығып тұрған ойымыздың орайы мен қисынын қысқаша мазмұнда дәлелмен қиыстырып көрелік.
Күлтөбе құрылтайында қабылданған заң-жоралғы үлгілері жеті баптан жасақталғаны туралы жазба және аңыздық дерек мүлдем жоқтың қасы. Атақты саяси оқиға туралы деректер ХІХ ғасырдағы Ресей империясының әкімшілігі тарапынан империя құрамына бағындырылған қазақ жұртын терең тану мақсатында ұйымдастырылған зертеу жұмыстарының нәтижесінде жазбаға тіркеле бастады. Ол жазбалардың дерегінде Күлтөбе құрылтайына жеті би қатысқандығы айтыла келіп, жиында қабылданған ғұрыптық заң-жоралғы үлгілері жазбаға түспегендіктен ел аузындағы әңгімелерде, қанатты сөздерде сақталып жеткендігі баяндалады. Айталық, 1882 жылы Батыс Сібір генерал губернаторы Семей облысының уезд басшыларына қазақ даласының ғұрыптық заңнамаларын жинау туралы тапсырма береді. Соның нәтижесінде Семей облысы статистикалық комитетінің мүшесі П. Е. Маковецкий 1886 жылы Омбы қаласынан «Материалы для изучения юридических обычаев киргизов. Материальное право» атты еңбек жариялайды. Жинаққа арқау болған материалдар Ақмола және Семей облысының Қарқаралы, Павлодар, Семей уездерінен жиналады.
Зерттеуді ұйымдастырушылар қазақтың сол кездегі қолданысындағы заңдық ғұрыптардың басым көпшілігі Әз-Тәуке хан тұсында орныққанын жазады: «Предание говорит, что хан Тауке собрал на уроч. Куль-Тюбе (в нынешней Сырдарьинской области) семь биев, в числе которых был знаменитый Туле Алимбеков, и эти бии соединили старые обычаи ханов Касыма и Ишима («Касым ханнын каскы джол, т.е. чистая дорога Касым хана, «Исым ханнын искы джол, т.е. древняя дорога хана Ишима) в новые обычаи, называемые «Джеты джарга». Эти обычаи не были записаны, но составители облекли их в форму кратких изречений и пословиц, в значительной части сохранившихся до сих пор между киргизами и пользующихся всеобщими уважением».
Орыс зерттеушілерінің жинағына Шыңғыстауда болыстық қызмет атқарған Абай да атсалысқан. Хакім Абайдың қазақ дау-дамайларын реттеуге өзі де араласып, арнайы ереже жазуға қатысқаны қалың қазаққа белгілі.
П. Маковецкийдің жинағына енген Тәуке хан туралы аңыздық деректі Сырдария облысының әскери генерал губернаторы (1883–1892) Н. Гродеков 1889 жылы Ташкентте баспадан шыққан «Киргизы и каракиргизы Сыр-дарьинской области. Юридический быт» еңбегіне пайдаланып, оны өзі билік құрған өңірде айтылатын аңыз мазмұнымен толықтырады. Ол былай дейді: «При Тауке-хане собрались семь биев, «джети джаргыш», или, вернее, «джети джаргы», то есть семь сотрудников (иш биттиретугун). В числе их было три знатных бия, по одному из каждой орды: из Великой – Туле, Средней – каз даусты Казбек, из Малой – Айтеке. Что Туле Алибеков (а не Алимбеков – бұл тұста Гродеков өзіне дейінгі Маковецкийдің жазбасын жөндеп отар – авт.) и остальные бий соединили обычай ханов Ишима и Касыма».
Демек, Тәуке ханның жанына жеті би, яғни «жеті жарғышы» (іс бітірушілер) жиналған. Аталған деректер «Күлтөбеде күнде кеңес» оқиғасы туралы көп жылдардан бері орныққан танымдарға тұспалы бөлек пайымдарға жол сілтейді. Басқаша айтқанда, «Жеті жарғы» ұғымын жеті баптың «қорасына қою», құрылтайға қатысқан «Жеті биді» қаперге алмау – тарихи оқиғаның мән-маңызы толық ашпайтыны анық. Сол себепті құрылтайға қатысқан «жарғышылардың» кімдер екенін нақты анықтау қажет.
Жоғарыда аталған зерттеушілердің қазақ жұртының арасынан жазып алған деректерде хан жарлығын орындаушы жеті бидің толық аты-жөні жоқ. Бірақ бұл «жоқты» Алаш қайраткері, тарихшы М.Тынышбайұлының Әулиеата уезіндегі Шымыр руы ақсақалдарының аузынан жазып алған аңыздық дерегі «тауып береді». Тарихшының жазуы бойынша, «Жеті жарғыны» қатысуға қазақтың үш биімен қоса қырғыздан Қарашора Қоқым, қарқалпақтан Сасық және Қатаған, Жайма руының, сондай-ақ тағы да басқа кішігірім рулардың би-көсемдері қатысқан.
Аталған жазбалардағы деректерді бір қосынға жинай келе, «Жеті жарғыны» қабылдауға қатысқан билердің қатарын былайша түзеуге болады: Ұлы жүзден –Төле би, Орта жүзден – Қазыбек би, Кіші жүзден – Әйтеке би, қырғыздан – Қоқым би, қарақалпақтан – Сасық би және Қатаған мен Жайма рудан – екі би. Өкінішке қарай, соңғы екі бидің есімдері біздің заманымызға жетпеген. Демек, Тәуке хан Күлтөбе құрылтайына Шыңғыс тұқымы билік құрған Қазақ хандығының шаңырағына тұрмыс-тіршілігі бір-біріне жақын, көшпелі қырғыздар мен қарақалпақтарды және Ер Есімнің тұсында Тұрсын ханға болысып жауласқан Қатаған мен Жайма руымен өкпе-ренішті жойып, барлығын бір тудың астына жинай алған. Мұндағы мақсат – «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаратындай» бірліктен орнықтырып, қауіпті Жоңғар хандығына тегеуірінді тойтарыс беру.
Сонымен, жеті бидің үшеуі – қазақтан, екеуі – көрші жұрттан, қалған екеуі – қазақ билеушілерінің өзара ішкі қақтығыстары салдарынан бөлініп кеткен ру-тайпалардың (Қатаған мен Жайма) көсемдері болып шықты. Олай болса, Тәуке хан қазақ жұртына тұрмыс-тіршілігі тұрғысынан бір-біріне жақын, тілі, діні, мәдени танымы бір көшпелі қырғыздар мен қарақалпақтарды бір тудың астына жинап, түркілік бірегейлікті қалыптастырып, туыстық, ынтымақтастық, достық құндылыққа сүйенген одақ құруды көздеді деп те бағамдауға болады.
Осы тұста қазақ билеушісінің «Қатаған қырғыны» оқиғасында Еңсегей бойлы Ер Есімнің қаһарына ұшыраған Қатаған мен Жайма тайпаларын қазақ ру-тайпа құрамына қайта кіргізіп, ел тұтастығын қалпына келтіруге ұмтылған әркетіне назар аудару қажет. Бұл – «өткенге салауат» айтып, кекті жойып, өкпені ұмытып, кешірімшіл болудың үлгісі. Мұны құрылтайдың сан алуан мән-маңызының бір қыры деп тануымызға болады. Қазіргі таңда Қатаған мен Жайма руы Қоңырат тайпасының шежіресінен орын алған.
Тәуке хан жинаған «Жеті би» құрылтайда қабылданған «бітім жолын» және билеуші ханның жарлығын өз аймақтарында қадағалаушы өкілі болғандықтан «жарғышы» деп аталған, бірақ ол уақыт өте келе бұл атау сөз қысқарып, «жарғы» деп те қолдана бастаған. Сол тілдік құбылыстың әсерінен «Жеті жарғының» саяси-тарихи маңызы ел арасында «заң-жоралғы жиынтығы» деген мағынада сақталуына жол салып, «жарғы» ұғымы «жариялау, жарыққа шығару, бекіту» деген мағынада қолданылады. Сонымен қатар лексикалық қордағы «жарлық», «жарлықау», «жар салу» деген сөздер мен сөз тіркестері де «жарғы» түбірімен сабақтас.
Бүгінгі тарихи санамызға Күлтөбе құылтайы оқиғасынан ел жадында сақталып жеткен «Жеті жарғының» түпкі мағынасын сол замандағы ұғымға сай «жеті жарғышы» немесе «іс бітіруші (орындаушы) жеті қызметкер» деп танып, оларды ел-жұртымен бірге билеуші хан маңына ортақ мақсат үшін топтасқан ынтықмақтастық, достық, туыстықтың рәмізі деген кең мағынада қабылдау да аса маңызды.
Саяси одақтың құрамына тартылған қырғыз бен қарақалпақ жұртының Қазақ хандығымен бірігуінің қандай тарихи негіздері болды? Алдымен қырғызға аялдайық. Атақты ғалым Ш.Уәлихановтың жазуынша, қазақ пен қырғыз халқының достығы Есім ханның тұсынан бастап қалыптасып, ол достық Салқам Жәңгір хан тұсында жалғасын тауып, Тәуке хан кезеңінде берік нығаяды. Қырғыздар Есім ханның жоңғарларға және ант бұзған Тұрсын ханға (Қатағанның хан Тұрсын // Кім арамды ант ұрсын!) жасаған жорықтарына тізе қосып, көмектеседі. Қос елдің жоңғарға қарсы жүргізген жеңісті жорығының құрметіне Есім хан Күнгей Алатауда «Санташ» деп аталатын тас үйінділерінен қорған соқтырады. Ал Тұрсын ханға қарсы күресте көмек қолын созған қырғыздың Көкім биіне Ташкент қаласында «Көкімнің көк күмбезі» деп аталатын мұнара салдырады.
Екі туыстас халықтың достығы Есімнен кейінгі кезеңде де жалғасын табады. Салқам Жәңгір ханның тұсында қазақтар қырғызға араша түсіп, жанын шүберекке түйіп, саны әлдеқайда аз әскерімен Орбұлақ шайқасында жоңғарлармен соғысады. Ал қазақтың қырғыздармен достығы Тәуке ханның билігі кезінде ерекше күшейеді. Ол тұста қырғыздар саяси тұрғыдан қазаққа тәуелді болып, Тәуке хан қырғызды Тиес би арқылы билейді. Ш. Уәлиханов Тәуке хан мен Тиес бидің достығы мызғымас бірліктің үлгісіндей болды деп жазады.
Қарақалпақтарға келетін болсақ, олар – ежелден қазақ жұртымен Жошы ұлысының құрамында болып, ауылы аралас, қойы қоралас, тілі, діні, тұрмыс-тіршілігі бірегей ұқсас жұрт. Ноғайлы ордасы ыдыраған соң, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаратын» орталық билігі болжырап, қарақалпақтар оңтүстіктегі Бұқара, Хиуа хандарының ықпалына түсе бастайды. Соны байқаған Тәуке хан туыстас қарақалпақ жұртын Жошы ұлысының бірден-бір мұрагері, орталықтанған хандық билігі үзілмеген Қазақ Ордасының панасына тартуға ұмтылады.
Көшпелілердің құрылтайында жүзеге асатын басты саяси шешімнің бірі – хан сайлауы. Хан сайлауы – «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаратындай» орталықтанған билікті күшейтудің басты амалдарының бірі. Сол қиысынға жүгінетін болсақ, Күлтөбедегі құрылтайда Тәуке хан тек қазақтың ғана емес, қырғыз, қарақалпақ тайпалық бірлестігінің ханы болып танылған деп те болжауға болады.
Бұл тұста қырғыз бен қарақалпақта хандық биліктің болмағанын, ал Шыңғыс тұқымы төрелер түп бабасынан қалған кеңістікте ру-тайпалардың басын біріктіріп, ел құрау миссиясын басты құндылық тұтқанын атап өтуіміз қажет. Сондықтан Тәуке ханнан кейінгі қазақ билеушілері Абылайдың қырғыз бен қарақалпаққа, одан кейін Кенесарының қырғыздарға жорықтарының бір қырын – Күлтөбе құрылтайының саяси мән-маңызынан іздеген де жөн. Қазақ билеушілерінің туысқан елге жасаған жорықтарының астарында сонау Шыңғыс заманынан төре тұқымына үлгі болып қалған хандық билікті орнату, соның негізінде сыртқы жауға тізе қоса қимылдау сынды саяси мақсат та болуы әбден мүмкін. Сонымен қатар Қазақ Ордасының билеушілері тарапынан көршілес елдерге ата-бабалар аманатына, яғни сертке адал болу мәселесі де алға тартылуы ғажап емес. Бұл орайда, қазақ, қырғыз, қарақалпақ халықтарының туыстық жақындығын, достығын ант-сертпен бекіткен саяси шара Күлтөбе құрылтайында нақты жүзеге асқан деп бағамдауға болады.
Көшпелі түркі халықтарының саяси одақ құруына не нәрсе итермеледі? Қазақ Ордасының, сондай-ақ Орта Азиядағы хандықтарының мазасын алған түйіткілді мәселе – шығыстағы Жоңғар хандығының қатты күшейіп, көрші елдерге көз алартып, жиі-жиі жойқын шабуылдап тұрғаны әрекеті еді. 1640 жылы Батыр қонтайшының бастамасымен Тарбағатайда өткен құрылтайдан кейін бірлігі нығайған Ойраттар сыртқы шапқыншылықтағы белсенділігін арттырып, ұрыс-қимыл әрекеттерінің бір бағытын Қазақ хандығына қарай бұрғаны тарихтан белгілі. Тарихшылардың жазуынша, Батыр қонтайшы Ұлы Далада Шыңғыс дәуірінен қалған көшпелілер империясын қайта жаңғыртуды мақсат етеді. Бұл тұста Жоңғарлар Ертіс пен Еділ арасындағы далалық өлкеге билік құрып үлгіреді.
Батыр қонтайшыдан кейін, ХҮІІ ғасырдың соңғы ширегінде билікке келген Галдан-Бошокты тұсында жоңғарлар өз билігін Шығыс Түркістанға (Кіші Бұқараға) толық әрі түбегейлі орнатады. Мұсылмандық Орта Азияның кіші көшірмесі болып саналатын Шығыс Түркістанның Жоңғарияға қарауы – Қазақ Ордасымен қатар Орта Азия хандықтарын да үлкен әбігерге түсіреді. Бұл – бір.
Екіншіден, зерттеушілердің пайымынша, Қазақ хандығына жиі шабуыл жасаған Галдан-Бошокты алым-салық төлеуге мәжбүрлеген бодандықты орнатумен бірге, қазақтармен көршілес жатқан мұсылмандық Орта Азияның дін бағытындағы саясатына зиян келтіретін қаракеттерді де көздеген.
Діні бөлек, екпіні қатты Жоңғарға қарсы тұру үшін Қазақ хандығына ұлттық тұтастықты нығыздап, түркі жұртын бір тудың астына жинап, күш біріктіру қажеттегі туындады. Мұндай қажеттілікті жүзеге асыру Қазақ хандығын билеген Тәуке ханның тағдырына жазылды. Ол мұсылман дінді, жауынгершілікке төзімді көшпелі түркі жұртын бір орталыққа жұмылдырып, сыртқы жауға айбар көрсетіп, тізе қосып күресуді ұйымдастырады. Жалпы, Қазақ хандығының билеушілері де өздерін Шыңғыс империясының заңды мұрагері деп санады.
Қалыптасқан тарихи жағдайлардың негізінде Күлтөбе құрылтайын қазақ билеушілерінің түркі тектес қырғыз, қарақалпақпен саяси одақ құра отырып, діні бөлек, ойы теріс ойраттардың тегеуіріне тойтарыс беру талпынысының бірі деп тану қажет. Қазақ хандығының бастамасымен ұйымдастырылған тарихи саяси жиын Жоңғар хандығының айылын жидырып, оның Орта Азияға қарай жүргізбек болған жойқын жорығын кемінде 25-30 жылға (1723 жылғы Ақтабан шұбырынды оқиғасына дейін) кейін шегерді.
Тәуке ханның түркі жұртының көсемдерімен келісімге келе отырып бір орталыққа бағындырған ісі халық көкейінен шығып, оған, көне Түркі қағанатындағы Могиялянды «Білге», даңқты қаған Шыңғысты «боғда», Алтын Орда ханы Жәнібекті «әз» деп атағаны секілді, «Әз-Тәуке» деген сый-құрметке толы лақап есім тағады.
Түйіндей келгенде, Ұлы Даланың күнгейіндегі Сырдария өзенін жағалай орналасқан сауда-экономикалық қалалардың кіндігі болып саналған Ташкент шаһары маңында ұйымдастырылған Күлтөбе құрылтайы тек Қазақ Ордасының ғана емес, Орта Азия кеңістігіндегі түркі халықтарының саяси тарихында ерекше маңызы бар оқиғаның бірі болды. Ол тарихтың көш-керуенінде түркілік кеңістіктегі халықтардың тұтастығы мен достығының бір үлгісі ретінде қала беретіні сөзсіз.

Сурет: Автордың мұрағатынан алынды.
Бүгінгі түбі бір түркі жұртына ата-бабалардан мирас болып сақталып жеткен достық, ынтымақтастық, туыстық қарым-қатынастарды көрікті мазмұнда жалғастыра білу –– қазіргі таңдағы геосаяси жағдаяттан туындаған шынайы шындығынан туындайтын қарекет. Осы орайда, бүгінгі Қазақ елі түркілік одаққа ынтазар ел ретінде үлкен ықылас танытып келеді. Бұл талпыныс – көңілге берік медеу, ойға мол тамызық, қаракетке мықты арқау.
Алмасбек Әбсадық,
филология ғылымдарының докторы.
Abai.kz