«Шимай» және шындық
Өтірік пен шынның хикаясы: Ғ.Есімінің «Шимайына» орай
«Қазақ әдебиеті» газетінің биылғы үшінші санында Ғ.Есімінің «Шимай философиясы» деп аталатын үлкен мақаласы жарық көріпті. Мұнда автор, өзін Хакім деп жариялап, былайғы жұрттың бәріне дерлік- ақын-жазушыларға, педагогтарға, психологтарға, ғалымдарға, философтарға-да-ақыл айтып үйретіп тынады. Сондағы басты ақылы, «шимайлай бермеңіздер» дегенге саяды. Демек, не болса соны шимайлап жаза бермеңіздер дейді бұл хакім.
Балаларға шимайлауға болады, бұл олардың өсу іздену жолы. Ал ересектердің шимайына келсек олардың бір бөлігі адасудан тұратын шимайлар. Өздерін пайғамбар деп есептеп шимайлай беретіндер тым көп, «шегірткедей қаптайды-ау келіп» деп кейиді автор. Бұларға кім қой деп айта алады? Әрине, хакімдер, өйткені пайғамбарлар дәуірі өткен дейді де, Ғ Есім өзін хакім деп жариялап іске кіріседі.
Хакімдерге ол ілімшілер легін («қиялшыл»-утопистерді, қиянатшыл ілімшілерді, өтірікшілдерді қарсы қояды. Олардың шимайынан («коммунизм және фашизм» деп нақтылайды ол) соғыстар туындап, «әлем дүркін-дүркін қанды қырғынға ұшырады. Мұның бәрі - «шимайшылар әрекетінен болған қасіреттер,»- деп қорытады автор. Сондай шимайшылардың бірі Карл Маркс, ал оның ілімі – қылмыс,» - деп әшкерелейді Ғ.Есім. Сөйтіп бұл автор бүкіл әлем теңдессіз философ, ұлы ғалым, экономист («Капиталдың» авторы) деп таныған Карл Марксты түкке тұрғысыз қылып, оның ілімін шимай деп, «архивтік ілім» деп кемсітеді.
Марксизмді тындырып тастап, ол тіл мәселесіне көшеді: «сөз мәйегі дегеніміз-ана-тіліміздің дәмі, психологиясы, сөз ұлағаты дегеніміз – ана-тіліміздің мән-мағынасы, семантикасы,» - деп көкиді. Тіл білімінің өкілдері бұл ұйғарымдарды қалай қабылдайтынын мен білмеймін, ал философ ретінде мұны «тарабарщина» деп атамасқа болмас деймін, өйткені бұл арада тиянақты ой жоқ: тілдің дәмі дегеніміз не, тілдің дәмі болса, оны біз неге психологиясы деп атауға тиіспіз? Бұл арада «сөз мәйегі», «сөз ұлағаты» деп өзі қосақтаған туынды сөздердің бірін психологияға, екіншісін семантикаға жатқызса көлгірсудің ешқандай да мәнісі жоқ екені анық.
Ақындарға да талай ақыл айтып, жарылқап қойыпты. « Поэзия деген жақсы сөз»,- депті. Абайдай, Мағжандай, Мұқағалидай болыңыздар деп кеңес беріпті. Тәрбиешілерге де, жазушыларға да, ақылы дап-дайын екен....
Ең соңында диалектикалық логикаға тиісіп, «схоластика мен софизмнен құрылған, қолдан жасалған «философия», - деп тұжырымдапты. Кант пен Гегелді « Еуропа ұмыта бастаған» деп кемсітіпті. Бұл қалай? Кант пен Гегель ұмытылса, Фихте, Шеллинг, Фейербах, Маркс, Энгельс және т.б. атақты философтар легін философия тарихынан сызып тастауға («ұмытуға») тура келеді ғой. Философиядан, философия тарихынан оқулықтар жазып жүргенсің, өз ойың ба бұл? Әлде сені біреулер адастырып жүрме? Ақыл-есің өз орнында ма?
Диалектикалық логиканы «архивке» аттандыруды аңсайтыныңды ашық айтыпсың. Оны жақтаушыларды «шимай философтар» деп тіл тигізіпсің. Кант пен Гегелді, Маркс пен Энгельсті архивке аттандыру арқылы сен қазақ философиясының абызы Жабайхан Мүбәрәкұлы Әбдилдиннің диалектикалық логикалық мектебінің түбіне жетпексің, жоқ қылып тынбақсың. Бұл түбірі терең ілімді сен жоққа шығара алмайсың, оны сен түсінбейсің. Сенікі тек бақталастықтың айқын бір көрінісі ғана: «соны философиялық рефлексия қажеттігін түсінбей жүргендерді адасушылар, яғни шимай философтар деуден өзге айтарым жоқ»,-депсің. Қалай ұялмайсың?
Соны философиялық ойға бүкіл әлемдік философия тарихын қорытып, қазіргі мәдениеттің, білім мен ғылымның, техника мен технологияның жетістіктерін ой елегінен өткізіп барып қана қол жеткізуге болады. Осындай әмбебап тұғырға сүйеніп, КСРО Ғылым Академиясының философия институтында өзінің атақты «Проблема начала теоретического познания» деген монографиясымен барып арнайы диссертация жазбай-ақ докторлығын қорғаған, төрт томдық «Диалектикалық логиканы» дүниеге келтіріп, бүкіл әлемдік философиялық конгресстердің өз кезіндегі барлық мәжілістеріне қатысқан, қазақ философиясының шынайы алыбы Ж.М. Әбділдиннің абырой - атағы жоғары, адамгершілік ұстанымы мығым, ғылыми шығармашылығы мен саяси-әлеуметтік қызметі асқан құндылыққа ие екені сөзсіз.
Жәкеңнің ғылыми шығармалары, саяси-әлеуметтік қызметі мен мәдени- философиялық ізденістерінің болашаққа жол нұсқайтын әлеуеті кең, мақсат-мұраты айқын, ақиқат пен шындыққа сай екені сөзсіз, өйткені ол халқымыздың бел баласы, мемлекетіміздің ардақты азаматы, ғылым мен білімнің үлкен маманы, философиялық ілімнің хас шебері болып табылатыны анық. Мемлекет тарапынан ұстазымыздың еңбегі жоғары бағаланып, мемлекеттік сыйлықпен, Ш.Уәлиханов атындағы сыйлық, бейбітшілік пен рухани келісім президенттік сыйлығымен Гегель атындағы алтын медальмен, «Өмір ағашы» халықаралық сыйлығымен, басқа да қошеметті атақтармен марапатталғаны белгілі.
Кенеше жабысып, өтірік пен шынды мидай араластырып, өзін хакім деп жариялап, кеудесін керіп, улы тілін оңды-солды сілтеуге жалықпайтын Ғ.Есімге, асқаралы ағамызға тиісуші болма, жайыңа жүр, арыңды сақта деп кеңес айтамын.
Сәбит Мұрат,
философия ғылымдарының докторы, профессор, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты
Редакциядан: Abai.kz еркін ақпарат алаңы. Ой жарыстырып, пікір таластыруға Қазакқстанның кез келген азаматы құқылы. Мақалада аты аталатын жекелеген азаматтар редакциямызға жауап бергісі келсе, алдағы уақытта олардың да мақаласын жариялайтын боламыз...
Abai.kz