Сәрсенбі, 20 Тамыз 2025
Алашорда 139 0 пікір 20 Тамыз, 2025 сағат 14:04

Самарқаннан хат: «Жарқындарым, бірігейік!»

Коллаж: Abai.kz.

Хуррият газетінде 1918 жылы 26 қаңтарда жарияланған Өзбек жадид реформаторлары қозғалысының басшысы Махмудқожа Бехбудийдің қазақ ағайындарға үндеуі - ашық хат:

Қымбатты қазақ бауырларым!

Мұсылман ағайындар, барлығыңызға мәлім, Түркістан дегеніміз түркілер елі болып, мұндағы халықтың қазағы, қырғызы, өзбегі, түркімен мен татары - барлығы түрік-моғол балалары болып, жаханды билеген Шыңғыс хан мен Темірдің әулеттері яки аға-інілері.

Бауырлар! Қазіргі күнде Түркістандағы барлық халықтар үшін мұхтарият (автономия) жарияланды және біліңіздер: «құқық берілмейді, оны алу керек яғни, мұхтариятты Түркістанның балалары, өздері бірігіп, күшпен ала алады, біреу бізге бермейді. Басқалар қолынан келсе бізге бермеуге тырысады».

Жарқындарым! Басқа халықтар, мәселен сербтер, итальяндар, армяндар, славяндар, поляктар және басқалар, тіпті дүниенің арғы шетінде болса да бауырларымен бірлесіп жатыр. Басқа үлкен мемлекеттерге бағынышты болып, жұтылып, тіпті тілін де жоғалтқан түбі бір бауырластарын ажыратып алып бірігуге бар күші мен жанын салып жатыр. Біз де өз ішіміздегі ағайындарымыздан айырылсақ ақымақшылық, ұят, түркі тамырына балта шабу болмақ.

Жаным жарқындарым, бірігейік! Көріп жүрсіз, орыстар да бірігуде. Бірігу заманы келіп тұр. Егер сіз бөлінсеңіз, түркімен ағайын бөлінсе, Түркістан түріктері үш жерге бөлініп кетеді және мұхтарияттан ешкімге несібе бұйырмайды. Жетісудағы мұсылман ағайындарға да айтатын сөзім осы.

Түсініктеме: Бұл хат 1917 ж. 28 қарашадан 1918 ж. 22 ақпанға дейін Қоқанда өмір сүрген, Мұстапа Шоқай басқарған Түркістан Автономиясы (мұхтарияты) қолдауға шақырған үндеу.

Қазіргі әріпке түсірген Кәрім Аппазов

Abai.kz

0 пікір