Бейсенбі, 21 Тамыз 2025
Қоғам 101 0 пікір 21 Тамыз, 2025 сағат 13:41

Түркістан тұрғыны FlyArystan-ды тәубесіне түсірді...

Сурет: tilalemi.kz сайтынан алынды.

Қазақ тілінде сөйлеуді талап еткен Түркістан тұрғыны FlyArystan-ды тәубесіне түсірді... 17 тамызда Түркістан халықаралық әуежайында FS7162 рейсіне жолаушылар отырғызу кезінде күтпеген жағдай орын алды. Бұл туралы Erteńmedia телеграм арнасы жазды.

Ұшаққа мінгелі тұрған әйел жолаушы әуекомпания қызметкерінен қазақ тілінде жауап беруді талап еткен.

Сөзден сөз шығып, дау ушығып, жолаушы әуежай қызметкерін итеріп жібергені хабарланды. Әдеттегі пікірталас тез арада үлкен дауға айналып, рейстің ұшуына үш сағатқа жуық уақытқа бөгет болған.

Әйел жолаушының айтуынша, әуежай қызметкерлері өзіне мемлекеттік тілде жауап беруден бас тартқан. Осы сәтті өзге жолаушылар видеоға түсіріп, әлеуметтік желілерде таратқан.

FlyArystan өкілдері куәгерлерден түсірілген видеоны өшіруді талап еткеннен кейін, наразылық одан әрі күшейе түскен. Алайда әуекомпания оқиғаның мән-жайын басқаша түсіндірді: «Оқиға орнына тиісті қызметтер шақырылды. FlyArystan-ның жердегі қызмет өкілі мәселенің мән-жайын анықтау үшін ұшақ бортына отырғызу аяқталар сәтте келген болатын. Ол жолаушыға тәртіп ережелерін түсіндірмек болды. Әлемжеліде тарап жатқан видео толық оқиғаны көрсетпейді, жағдайдың тек бір бөлігін ғана қамтыған. Әуежай қызметкері түскен бейнежазбаны өшіру туралы өтініш тек жағдайды ушықтырмауға бағытталған еді», – делінген компания мәлімдемесінде.

Жолаушылардың айтуынша, рейстің үш сағатқа жуық кешігуіне дәл осы жанжал себеп болған. Тараған видеода әйелдің мемлекеттік тіл мәселесімен қатар рейстің кешігуіне байланысты да ашуланғаны көрінеді.

Кейін әуекомпания өкілі жолаушылардан кешірім сұрап, ұшақ Алматыға бет алған.

Abai.kz

0 пікір