Оқу маусымы қарсаңында патер жалдау қымбаттады

Тамыз айында пәтер жалдау бағасы мамырмен салыстырғанда 20%-ға дейін өсті. Мамандардың сөзінше, бағаның өсуі студенттердің демалыстан кейін ірі қалаларға қайта оралуына байланысты басталған.
OLX.KZ талдау қызметі әр тамызда Қазақстанның ірі қалаларында студенттердің арасында тұрғын үй жалдауға талас басталатынын айтады. Мыңдаған студент демалыстан оралып, жаппай жалдамалы пәтер нарығына шығады. Үй жалдағанда студенттер хостелден орын брондауды немесе пәтерді бірнеше адам бірігіп алуды жөн көреді. Жалпы ел бойынша пәтер мен хостел жалдау бойынша іздеу сұраныстары артқан.
Алматы
Тамызда бір бөлмелі пәтерлер – тұрғын үй көшін бастады, нақты айтқанда 12 мың сұраныс болды. Олардың бағасы бір айда 6%-ға (10 мың теңгеге) өсіп, 160 мың теңгеге жетті. Екі бөлмелі пәтерге сұраныс 8,9 мыңға дейін төмендеді, баға сол деңгейде қалды, 200 мың теңге. Үш бөлмелі пәтерлердің бағасы бірден 20%-ға көтерілді, 200 мыңнан 250 мың теңгеге дейін.
Астана
Астанада бір бөлмелі пәтерге сұраныс орта есеппен 27%-ға артты. Бағасы орташа есеппен 140 мың теңге көлемінде сақталуда. Ал екі және үш бөлмелі пәтерлердің бағасы 10–12%-ға өсті. Екі бөлмелі мен үш бөлмелі пәтерлер Алматыдағы бағамен бірдей жалға берілуде.
Шымкент
Шымкентте екі бөлмелі пәтерлерге сұраныс жиі түсуде. Сұраныс саны 800-ге өсіп, 3,8 мыңға жетті. Екі бөлмелі пәтерлердің жалдау ақысы 10 мың теңгеге қымбаттап, медиандық баға 149 мың теңге болды. Бір бөлмелі пәтерлердің жалдау ақысы бірден 15 мың теңгеге көтеріліп, 120 мың теңгеге жетті. Үш бөлмелі пәтерлер 20 мың теңгеге қымбаттап, 175 мың теңгені құрады.
Хостелдер
Алматыда хостелдерге сұраныс 30%-ға, Астанада екі есе дерлік өсті. Шымкентте хостелге сұраныс 39%-ға артты. Бағасы былтырғыдан өзгермеген, тек Шымкентте 10%-ға төмендеген.
Abai.kz