Сейсенбі, 26 Тамыз 2025
Алаш аманаты 199 0 пікір 26 Тамыз, 2025 сағат 13:07

«ОВ-ты» ақыиесіне қайтаратын кез келді!

Сурет: автордың жеке архивінен алынды.

Біздің қазақ хат жазып қол қойса, кісі атын жазса орысшалап кетеді: «жаманбай аманбайов» деп , жазады. Жаманбай хат жазып, қол қойса, өзі де Аманбайов деп, қол қояды. Бұл Иван Ивановичтың тәржімасы.

Бұл бізге орысқа қараған соң жұққан мінездің ноғай қотыры. «ов», «ов» деп, жазып отырған жігеттердің өздері сөйлегенде жаманбайдың өзін ғана атайды.

Біздің түрік тілінің салты, заңы осы: бұрынғы атақты билер бізге белгілі өздерінің ғана аттары мен:

Төле би, қаз дауысты Қазыбек би, Ередіге, Мамай, Ноғай, Жәнібек, Әйтек.... бұлардың кімнің баласы екенін өз елі ғана біледі. Бізге жақын билердің әкелері ғана бізге мәлім: Жаныбек әкесі Қошқар, Қазыбек әкесі Келдібек. Ноғайды Берке ханның інісінің баласы, дейді тарих жазушылар, Ноғайдың әкесін тарихта білмей қалған.

Бұрынғы батырлар да өз аттарымен аталған – не пәленнің ұлы деп аталған:

Шора батыр, Алпамыс батыр, Орақ батыр. Қара қыпшақ Қобыланды, Ақбалтырұлы Уақ, Мәнжүр ұлы Шуақ, Кеңесұлы Кенжебай.

Бізбен жақын түрік Станболдағы түрік. Тарих бұларды біздің Қаңлы дейді. Қазақ ішінде қаңлы руының көбі Жетісуда. Түріктің тіл салты дәл біздікі сияқты: бұлардың атақты азаматтары өз аттары мен қана аталады.

Әнуар-бек, Талат-бек, Мұстафа-камал, Ризабек. Бұлардың әкесін түрікте болмаса, өзге жерде еш кім білмейді.

Орыста тарих жазған Карамзин, ақын Пушкин хатты анық жалпы орыс жұртының тілімен жазған. Газет, кітап жазған, жұртын ағартам дегендерге Пушкин жолы қасқа жол болып шыққан.

Бізге де газетте, журналда, кітапта, кеңседе қазақ жұртының тіл салтына түскені оң. Біз өз жұртымыздың тіл заңына түссек, елге жылдам жақындасамыз, елге жанасқан сайын ел ағартқан іс гүлдейді.

Сүйтіп біздің айтайық дегеніміз «ов» ды орысқа қайырып, қазақтың таза тілінің салтын қолдану керек дейміз. Бұдан былай қол қойғанда, не сөз арасында біреуді атағанда «Байтұрсынұлы Ахмет, Дулатұлы Міржақып, Ходжанұлы Сұлтанбек» деп жазу дұрыс дейміз. Мақалаға қол қойғанда, хат жазғанда... Ахмет, Міржақып, Қойшыбай, Жаманбай деп қана жаза салсада болады.

Бір-екі сөз «ов» дың етегіне намаз оқыған мешандарға: еш нәрсені тесе қарап, тексермей, тоқ қарынға мәз болып жүре беретұн, не дінді, не білімді, не тұрмысты, не төрені сынамаған, байға, төреге еліктеген, өмірін малша өткізген адамды А.И. Гертсен «мешанин» деген.

Әр жұрттың, әр уақыттың түрлі-түрлі мешаны болады.

Америкада байлар Еуропаның ақ-сүйектерінің атын сатып алады: бұл оп-оңай мешанның ақсүйек төре болғаны.

Татар арасында кім көрінген «апнды» болады. Грек жұртында Афина дейтұн – қала бар. Грек жұрты білімі, шеберлігі осы Афинада гүлденген. Афина қаласы ақыл, білім кіндігі болған. Сократ, Платон, Аристотель – осы Афина оқымысты білгіштің ұясы болған.

Түрікте «апнды» Афина азаматы деген болады. «Апнды», «апнды»-ды татар арасында мешандар шығарған: оп-оңай оқымысты, білгіш болғаны.

Біздің қазақтың бұрын оқу-оқығаны төреге еліктеген, елтіп жүріп, сары түймеге жерік болған. Сары түйме тағып, оп-оңай төре болғаны.

Осы күнгі мықыннан салбыраған алты атарға жерік. Бұл оп-оңай коммунист болғаны.

Мешанин дәл қоян: жаз жердей сұр, қыс қардай аппақ.

Сары түйме төре қылмайды, алты атар коммунист қылмайды, бірақ, мұны мешанин білуге болмайды.

Қай жұрттың мешаны болса да сынға соқыр: «құдай» мешанды сынға соқыр қылып жаратқан.

Біздің қазақтың шала оқығаны «овқа» жерік. «ов» бен атын жазса білгіш бола қалады: айуанға бір табан жақын, төре де бола қалады.

Төрелік, білгіштік «ов» да емес екенін мешанин қайдан білсін?!

Газет, журнал, жаңа кітап жазған көсем азаматтар, кеңселер қазақ тілінің салтына, заңына түссе, «ов» ды ақы иесіне қайырып, Тіленшіұлы Алшымбай, Өскембайұлы Құнамбай, Құнамбайұлы Абай деген, жолға түссе, жұртымызбен иласуға оң болады.

Темір қазық.

Бұл мақала, осыдан 95 жыл бұрын 1923 жылы Мәскеудегі "Күншығыс баспасынан" шыққан "Темірқазық" журналында басылған дүние. Бұл баспаны ол кезде Нәзір Төреқұлов басқарып, Әлихан Бөкейхан бастаған бір топ қазақ ағартушылары жұмыс жасаған...

Темірқазық журналына жазушылар:

Әбдолла Бөкейханұлы, Әбдрахман Байділдаұлы, Әміржан Ситықұлы, Ш. Наушаруанұлы, Сұлтанбек Қожанұлы, Санияр Аспандиярұлы, Ғаббас Тоғжанұлы, Ғази Мұрзаұлы, Ғапар Мырзәліұлы, Қыр баласы, Қошмұхамет Кеменгерұлы, Сымағұл Сәдуақасұлы, Сымағұл Қазбекұлы, тағы басқалар.

Абай мырза

Abai.kz

0 пікір