Роберт Льюис Стивенсон. Балалар жыр бақшасы

Роберт Льюис Стивенсон
«A child’s garden of veres» (Балалар жыр бақшасы) жинағынан
Оқырманға
Тамашалап анамыз сыртымыздан,
Тұрмаушы ма ед біздерді ойын қуған.
Сен де сондай үңілсең сәл азырақ,
Беттерін кітабымның ашып қарап.
Көресің өзіңдей бір тозық бала,
Асыр сап жүрген ойнап өзге бақта.
Дауыстап шақырсаң да қанша ұзақ,
Қасына бара алмайсың оның бірақ.
Ойынның кеткен түсіп қызығына,
Бұрылып сен жаққа ол қарасын ба,
Шықпайды кітабынан тартсаң қанша.
Жасырмай , жас досым, айтар болсам,
Есейіп баяғыда ол жігіт болған.
Мызғымай жалғыз-ақ қалған бақта,
Қартаймайтын балалық шаттық қана.
Сәбидің Түнгі ойлары
Бөлмемнің сөніп жарығы,
Болғанда тастай қараңғы.
Шығады ойнап сан халық,
Күндізгідей ап-анық.
Жауынгер, патша, әмірші,
Асынған заттар әртүрлі.
Не деген сұсты түр дейсің,
Еш жерден күндіз көрмейсің.
Көрмеген ешкім бағамдап,
Циркті көрдім бір ғажап.
Адам мен хайуан қосылып,
Келеді керуен жосылып.
Жылжыды баста біртіндеп,
Тездетті сосын екпіндеп,
Қалмадым бірақ сонда да,
Кіргенше көзім ұйқыға.
Саяхат
Есейіп тез аттансам,
Жерлерге алыс бармаған.
Қиырға, сонау шығанға,
Жетсем елсіз аралға.
Үстіне киіп ешкі тон,
Тұрса алдымда Робинзон.
Аямай төгер күн нұрын,
Кезсем шығыс елдерін.
Алыстан мешіт көрінген,
Құмдағы баулар ішінен.
Араласам базарын,
Жайған алуан тауарын.
Көрсем Қытай Қорғанын,
Өтінде желдің тұрғанын.
Азан-қазан шулаған,
Өтсем қала-қорғаннан.
Көрінбей шеті шалқыған,
Орманы жалын шарпыған.
Құжынап іші маймылға,
Алдымда, міне, Африка.
Жетем Нілге жайнаған,
Жағасын тымсақ жайлаған.
Ұзын сирақ қоқиқаз,
Балығын аулар ала жаз.
Джунглиде тым-тырыс,
Жатыр бұғып жолбарыс.
Тыңдайды түріп құлағын,
Келсін деп жақын құрбанын.
Келеді біреу әріде,
Тербеліп зуза ішінде.
Кезігем құмды далада,
Қираған ескі қалаға.
Таппайсың онда ешбір жан,
Кәрі де жасы қалмаған.
Қыбыр етпейд көшелер,
Естілмейді күлкілер.
Қас қарайса түн жетіп,
Жанбайды жарық жылт етіп.
Барар ем сонда ер жетіп,
Қомында түйе тербеліп.
Кітап әлемінде
Қас қарайып кездерде жанғанда шам,
Пеш басына жайғасады ата-анам.
Сөйлеседі жайбырақат өз ара,
Ойын-қызық бәрі қалып жайына.
Мылтығымды қолыма мен серт ұстап,
Қараңғыда қабырғаны жағалап,
Ормандағы шиыр ізге тап келем,
Диван арты маған өзге бір әлем.
Қараңғыда мазаласын сені кім?
Маған пана, маған сарай шатырым.
Сүңгимін де кітаптардың ішіне
Небір елес елестейді көзіме.
Міне, орман, міне, биік шың құздар,
Жарқырайды төбемде күліп жұлдыздар.
Жатқан ағып алып өзен бойына,
Келді барыс шөл басуға жайлана.
Көрінеді сонадайдан бұлдырап,
Шатырларда жанған оттар жылтырап.
Үндістердей шыққан түнгі шолғынға,
Баспалаймын көміліп ап шалғынға.
Әкетуге келгенде анам өзіне,
Ораламын теңіздерден үйіме.
Тәтті ұйқыға кетем кіріп тезінен,
Кітаптарым шықпайды, бірақ, есімнен.
Қаңғыбас
Шүкір етем осыған,
Керек емес басқаң ол.
Төбемде күліп көк аспан,
Жатса алдымда даңғыл жол.
Түбінде бұта түнеймін,
Матырып нанды өзенге,
Лайығы осы, ырзамын,
Өзіме тұщы өмірге.
Соқсын тағдыр ерте-кеш,
Бассын ауыр жүгімен.
Аман болса қара жер,
Жүре берем үстімен.
Керек емен махаббат,
Керек емес Байлық та.
Керегі сол жалғыз-ақ,
Жатса жолым алдымда.
Жырлашы
Жырлашы, сонау
теңіз кешкен ұланды,
Болар ма ем соның орнында?
Шаттана күліп, жүр ойнап,
Шулаған теңіз толқында.
Күйкі тірлік қалып артта әдра,
Порт сайын жұтар, сайран сап.
Жастықтың маздар жалыны,
Қайда екен сол бір есіл шақ.
Түсірші еске тағы да,
Жанымның шат күндерін.
Жылт жүректі маздасын,
Еске сап жастық дүрмегін.
Туласа толқын дауыл сап,
Сабалап нөсер жөнелер,
Бәрі қызық, бәрі шат,
Келмейді-ау, қайтып сол күндер.
Өсиет
Астында кең аспанның жұлдыз жанған,
Қазыңдар қабірімді сол бір маңнан.
Өмір де, өлім де жат па маған,
Жалғыз-ақ тілегім бар ойда жүрген;
Жазыңдар қабіріме осынау сөзді:
Жамбасы осында ақыр жерге тиді.
Оралды қайтпай жүрген сол теңізші,
Оралды аңшы дағы құзды кезген.
Дауылды түн
Түнгі аспанды бұлт торлап,
Соққанда дауыл ышқына.
Қарамай түн мен жаңбырға,
Шабады салтат құйғыта.
Оттар сөніп, түн ортасы ауғанда,
Шықты екен қайда бейуақта?
Ағаштар шулап желменен,
Кемені теңіз шайқаса.
Тасырлатып жолменен,
Шабады салтат құйғыта.
Тұяғы жерді жаңғыртып,
Келеді, әне, тағы да.
Қош бол, ауыл
Келді күткен күймедағы қақпаға,
Дүркірей кеп мінді баллар асыға.
Қол бұлғасып қимай бәрі шұрқырап:
Ризамыз құшағыңда сайран сап!
Қош бол, баулар, асыр салған көк орай,
Алтыбақан құмарына бір қанбай.
Нән теректер түбінде біз жатқанбыз,
Қош енді, қош бол есен, баршаңыз.
Бәрінен де қимаймын мен пақырды,
Мая шөпке сүйеулі сол сатыны.
Қызық бар ма, тор басқан шатырсыз,
Қош енді, қош есен бол, баршаңыз.
Сарт етті қамшы, түстік жолға бүлкілдеп,
Үйлер, ағаш жатты қалып бір-бірлеп.
Тұсынан орман бергенде өте соңғы рет,
Қол бұлғадық бәріне де «қош есен» деп.
Әлі қазақшаланып көрмеген, жазушының балаларға арнап жазған өлеңдерінің қазақ тіліне аударған Әмір Қабшықбай
Abai.kz