Сәрсенбі, 3 Қыркүйек 2025
Алашорда 221 0 пікір 3 Қыркүйек, 2025 сағат 13:43

Тұңғыш астанаға жаңа ат қалай берілді?

Сурет: e-history.kz сайтынан алынды.

Жақында Қызылорда қаласының астана болғанына 100 жыл толуы және Қазақстан халқы ассамблеясының 30 жылдығына арналған «Дәуірлер тоғысындағы Сыр өңірі: тарих және тағылым» тақырыбында болмақ халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция  жайында  ақпараттық хат шықты.

Ақпараттық хатта Қызылорда облысының әкімдігі,  Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті, Қызылорда облысы қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемесі өткізетін бұл  конференцияның мақсаты ұлтымыздың тарихын ұлықтау, зерделеу, халықтың тарихи жадын жаңғырту, ұлттық сананы және азаматтық бірлікті насихаттау және қоғамның тұтастығы мен жалпыұлттық келісімді нығайту, жалпыұлттық сананы қалыптастыру, этносаралық татулық пен конфессияаралық бірлікті насихаттау. қоғамдық келісім мен азаматтық қоғамның толеранттылығын нығайтудағы мемлекеттің саясатына қолдау білдіру, азаматтардың еркіндігі мен тең құқығын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды жандандыру екені көрсетіліпті. Төмендегі шағын мақала осыған байланысты ұсынылып отыр...

Дайындалып жатқан осынау халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 1925 жылы Қазақ елінің астанасы болған Қызылорда қаласында Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысын өткізуді ұсына келе, ел астанасын Қызылордаға көшіру туралы тарихи шешімнің қабылданғанына және халқымыздың «қазақ» деген байырғы атауы қайтарылғанына да бір ғасыр толғанын атап айтқанына орай мәселені тереңдете қарап, келелі ойлар қорытарына күмән жоқ.

Халқымыз жайлаған Ұлы Даладағы кең-байтақ өлкенің оңтүстігі де Ресей империясы қоластына түскеннен соң, Көне Ақмешіттің Перовск, монархия құлап, Совет билігі орнағаннан кейін қайтадан Ақмешіт атанғаны мәлім. Міне сол байырғы қалада біртұтас үлкен, іргелі қазақ елінің іс жүзінде құрылғанын паш еткен құрылтай өтті. Ташкентте 1918 жылы ту тіккен Советтік Түркістан автономиясы құрамындағы қазақ облыстары 1924 жылғы ұлттық-мемлекеттік жіктеп-межелеу науқаны нәтижесінде бөлініп, 1920 жылы республикасының шаңырағын Орынборда көтерген Қазақ автономиясына қосылған еді. Екі республикаға бөлініп жатқан  халқымыз барлық жер-суымен тұңғыш рет біртұтас мемлекеттік бірлікке біріккенін жария еткен.    Бұл 1925 жылдың сәуір айы еді.  Құрылтай Қазақ Республикасы Кеңестерінің 5-ші съезі деп аталды.

Сол съезден жеті ай ілгеріде, Түркістан Кеңестері Орталық Атқару Комитетінің төтенше сессиясы Түркістан Федеративтік Кеңестік Социалистік Республикасын ұлттық-территориялық межелерге жіктеп-бөлу жайында шешім қабылдаған-ды. Төтенше сессияда Түркатком төрағасының орынбасары, Түркістан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы, БК(б)П Орта Азия бюросының (Средазбюро) мүшесі,  межелеу науқанына орай осы Средазбюро құрған Территориялық комиссияның мүшесі Сұлтанбек Қожанов 1924 жылғы 15 қыркүйекте: «Қазреспубликаға Түркістанның екі облысын қосу – Қазақ ұлттық республикасын рәсімдеудің басы болады», – деп мәлімдеген болатын. Жарты жылдай Қазақ ұлттық республикасын рәсімдеуге дайындық жүргізіліп-тиянақталғаннан кейін Қазақ Республикасы мен Сырдария, Жетісу, Қарақалпақ облыстарынан сайланған делегаттар жаңа астанаға лайық қала ретінде таңдалып-бекітілген Ақмешітте бас қосты. Міне сол 1925 жылғы 15 сәуірде ашылып, жұмысы бес күнге созылған Ақмешіт съезі аяқталар қарсаңда, Қазақ өлкелік партия комитетінің екінші хатшысы Сұлтанбек Қожановтың биік мінберден жасалған ұсынысымен Ақмешітке іргесі кеңейген Қазақ Республикасы бастан кешіп отырған жаңа тарихи жағдайға лайық деп мойындалып, Қызыл Орда атты заманауи аталым берілді.

Ақмешіт съезі қабылдаған тарихи шешімдер тек бұл ғана емес-тін. Бұлар жайында мен Ұлт театрының алғашқы директоры Дінмұхамед Әділовтің ОГПУ тергеушісіне берген көрсетулеріне сүйене отырып өткен ғасырдың соңына қарай да, бертінде де мерзімді баспасөзде әлденеше рет жазғанмын-ды. Олар 2000 жылы жарық көрген «Ұлт театры шаңырағын көтеруші», 2007 жылы шыққан «Сұлтанбек Қожанов» атты кітаптарымда бар. Кезінде «Түркістан» газеті осы маңызды мәселеге назар аударып, менің «Тоқсан жыл ілгергі тарихи науқан», «Үлкен Қазақстан былай басталды» деген жұмыстарымды жария еткен, кейін олар «Тауарих-тамшылар» (2017), «Тарих және тұлға» (2019) деген кітаптарыма енді. 2022 жылы жарық көрген «Тәуелсіздік тамырлары» деген жинағымда да осынау маңызды мәселе атап өтілді. Ал биылғы көктемде бұл мәселе Алматыда өткен әлденеше ғылыми-практикалық конференцияның тақырыбына айналды. Яғни тарихи шешімге түрткі болған жәйттер осы жылы ресми мінбелерде іс жүзінде тұңғыш рет нақты шындыққа тақалтылып атап айтылды. Осы уақытқа  дейін қала атауын ұсынған деп (бұл, бәлкім, саяси репрессияларда жазықсыз жазаланғандарды екшеп, әр мезгілде ақтаудың, тиісінше, еңбектерін де дер кезінде әділ бағаламағандықтың салдары болар) әдебиеттерде түрлі есім аталатын, әлі де көп жерде қателік сол қалпы тұр, толық түзетіліп, өзгертіле қойған жоқ.

Сонымен, Қазақ Республикасы Советтерінің рет саны бойынша Бесінші, іс жүзінде екі өлкедегі ел-жұрт жер-суымен біріктірілгеннен кейін жаңа ахуалда өткізілген Бірінші  съезінде қабылданған шын мәніндегі тарихи шешім Ресей Компартиясы Қазақ өлкелік комитетінің екінші хатшысы, съезд делегаты Сұлтанбек Қожановтың есімімен тығыз байланысты-тұғын. Сонда ел мен астана аталымына байланысты аса маңызды қаулылар алынды және олардың өмірге қандай ретпен келгені жайында бұрын жабық боп келген бірқатар тарихи құжаттар сыр шертеді.

«Алаш ісінің» алғашқы толқынында репрессияланған Ұлт театрының алғашқы басшысы Дінмұхамед (Дінше) Әділов   1928 жылғы 24 желтоқсандағы тергеуде: «...Қожанов, мен, Есполов және Қожықов Табынбаевтың үйінде түстеніп отырғанбыз, – деп көрсетті. – Съезд аяқталуға тақалған болатын. Сонда үкіметтің Ақ-Мешіт қаласына көшіп келуін есте қалдыру үшін қаланың атын өзгерту хақында мәселе көтерілді. Қалай атау дұрыс боларын ойластыра бастадық. «Қызыл-Орда» терминін бірінші болып Қожықов ойлап тапты. Одан: Неге? деп сұрадық. Ол ұсынысын былай дәйектеді: бұл – қос атау, ана жақты да, басқа жақты да қанағаттандырады. «Қызыл» – қызыл түсті білдіреді, сондықтан большевиктерге ұнайтын болады, ал «Орда» – ұлттық термин. Сол себепті ана жақтан да, мына жақтан да наразылық тумайды. Мұндай дәлелдермен баршамыз келістік, сонда Қожанов: «Қаланың аты Қызыл-Орда деп өзгертілетін болады», – деді».

Бұл дерек менің жоғарыда көрсетілген жарияланымдарымнан кейін жақында ғана – Президент Қасымжомарт Тоқаевтың шешімімен құрылған Репрессия құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия жұмысының нәтижелерінің бірі ретінде 2023 жылы ҚР Президенті Архивінің дайындауымен он екі кітап боп жарық көрген «Алашорда ісі» көптомдығының 1-ші томында шықты.

Осы бір түстік кезіндегі пікірлесу жөнінде кезінде Түркістан өлкесіндегі ұлт-азаттық қозғалысқа белсене қатысқан қоғам қайраткері, байырғы мұғалім, ағартушы, тарихшы-ғалым, сол шақтағы кеңес қызметкері Қоңырқожа Қожықов 1931 жылғы 20 қыркүйекте ОГПУ тергеушісіне: «Ақ-Мешіт қаласын Қызыл-Орда деп қайта атау тарихын білемін, – деп жауап берді. – Ол былай болып еді: 1925 жылғы Кеңестер съезі кезінде мен, Жандосов, Қожанов және тағы басқалар қазақтардың бірінің үйінде түскі ас ішуге жиналдық. Тамақтанып отырғанда жаңа астананы қалай атау керек деген мәселе көтерілді. Мен оны «Қызыл-Орда» деп атауды ұсындым, мұным бәріне ұнады, содан соң Қожанов осы атауды Кеңестер съезінде ұсынды да,  ұсыныс қабыл алынды». – Біріккен мемлекеттік саяси басқарма мұрағаттарында сақтаулы бұл мәлімет тұңғыш рет бұрнағы жылы «Алашорда ісі» көптомдығының 4-ші томында жарияланды.

Әділов өзін тергеудің сол 1928 жылдың 27 желтоқсанында жүргізілген жалғасында: «Табынбаев Ембергеннің үйіндегі түстік кезінде Ақ-Мешіт қаласын Қызыл-Орда деп өзгертіп атау керек деген қорытындыға келдік. Осыдан кейін Қожанов пен біз съезге кеттік, – деп көрсеткен-ді. – Қожанов төралқаға шықты да, өзіне кезектен тыс сөз алып, мынандай ұсыныстар енгізді: бірінші ұсынысы – «Киргиз Республикасына» «Қазақ Республикасы» деп қайта ат қою, екіншісі – Ақ-Мешіт қаласының атын Қызыл-Ордаға алмастыру. Съезд екі ұсынысты да бірауыздан қабылдады».

РК(б)П Қазақ өлкекомының екінші хатшысы, 5-ші Советтер съезіндегі комфракцияның төрағасы Сұлтанбек Қожанов ұлт қайраткерлерінің бейресми басқосуында халқы мен жер-суы біртұтастанған Үлкен Қазақстанның астанасын бұдан былай Ақмешіт емес,  Қызылорда деп атау туралы өзінің ұстазы іспетті қадірлейтін Қоңырқожа Қожықовтың ұсынысын  бірден қолдаған және оны съезде жария етумен бірге әрі оның алдында Дінмұхамед Әділов ОГПУ тергеушісіне берген жауабында көрсеткендей, тағы бір өте маңызды мәселені көтерген-ді...

Бесінші съездің тасқа басылып шыққан стенографиялық есебіне қарағанда, Қожанов ұсыныстарын шынында да, Әділов айтқандай «өзіне кезектен тыс сөз алып», әрі  «сценарийден тысқары» (өйткені бұл мәселелерді қарау  съездің күн тәртібінде көзделмеген-тін), бірақ өте қисынын келтіре жария еткен көрінеді. Съезде Республиканың басқарушы органдарын сайлау мәселесіне көшер алдында, Киргизияның (яғни Қазақияның) барлық еңбекшілеріне үндеу қабылдау үшін,  төрағалық етуші оның мәтінін оқиды. Делегаттар үндеуді қызу қол шапалақтап қуаттайды.

Қолшапалақ басылысымен Сұлтанбек Қожанұлы сөз алады да мінбеге көтеріледі: «Бізде осы уақытқа дейін бір түсінбестік боп тұр, – деп бастайды ол сөзін. – Киргиздар өздерін қазақпыз деп атайды. Мұны олар орыс казактарынан көшіріп алған жоқ, олар бағзы заманнан-ақ қазақ деп аталатын.  Көшпенділердің алғашқы одағы қазақ делінетін, сондықтан орыс казактары осы атауды өздеріне бізден көшіріп алған деп ойлауға болады», – деп бір тоқтайды.  Сосын бұл аталымның қалай өзгергеніне шолу жасай келіп: «Болашақта киргизді қазақ деп, ал республиканы Қазақтікі, яғни Қазақстан деп атауды заңдастыру керек. Мен осы атауды бекітіп, соншалықты әдемі емес таңбаны жуып тастауды ұсынамын. Кеңестердің Бесінші Бүкілкиргиз съезі «қазақ» атауын киргиз халқының аталымына және «Қазақстан» атауын Киргиз Республикасына беруді заңдастырсын», – дейді.

Ұсыныс қатты қол шапалақтауға ұласты.

Сосын төраға әуелі Қожанов сөйлердің алдында жария етілген құжат жобасын – съездің үндеуін дауысқа салып алды да: «Келесі ұсыныс: Киргиз Республикасына – Қазақ Социалистік  Кеңестік Республикасы деп  қайта ат қою», – дей бергенінде жұрт ду ете түсіп, қол соғып жіберді. Төрағалық етуші ұсыныстың қабылданғанын жариялады да, келесі мәселеге ауысып, Республика орталығын  Ақмешітке көшіруге байланысты, Ленин атындағы халық үйін салу шешімінің орындалу барысын хабарлады. Содан соң Қожанов келесі ұсынысын айту үшін тағы да сөз алды.

«Ақмешіт қаласы патша үкіметі жаулап алғанға дейін Ақмешіт аталатын, – деп кірісті ол сөзіне. – Патша өкіметі кезінде граф Перовскийдің құрметіне қала аты Перовск боп өзгертілді. Революция оған қайтадан ескі атауын берді. Бұрын қалай аталса да, ол артта қалған, қатардағы жұпыны қала болатын.

Кеңестердің Бесінші съезін біз Қазақ Республикасы ғұмырындағы күрт бетбұрыс деп санаймыз. Бұл съезді біз Бірінші Съезд деп атаймыз. Бұл съездің Қазақ Республикасының  жаңа орталығы Ақмешітте өтуі  де оның мәнін арттыра түседі.

Сөйтіп жұпыны Ақмешіт қалашығы Қазақ Республикасының орталығына айналып отыр. Қаланың мән-мағынасы ауысуына байланысты, мен осы қаланың атын таза қазақы атауға өзгертсек деген ұсыныс енгіземін. Бұрын хандық құрылымдардың орталықтары болатын, мысалы – Ақ Орда дейтін. Атақты хан өз орталығын Көк Орда деп атаған. Ал біз өз орталығымызды Қызыл Орда деп атай аламыз.  Мен  орталығымыз Ақмешітті (Перовскіні) бұдан былай – Қызыл Орда деп атауды ұсынамын».

Қызу қол соғылып, ұсыныс бірауыздан қабылданды...

Халқы мен жер-суы бір шаңырақ астына жиылып іргесі кеңейген Қазақ Республикасы Кеңестерінің Бірінші (кеңестік автономия 1920 жылы бой көтергелі бергі рет саны бойынша – Бесінші) съезі Үлкен Қазақстанның астанасына осылай Қызыл Орда деген әсем де айбарлы ат берді. Осы Ақмешіт съезінің айрықша маңыздылығы сол – екі өлкедегі қазақ халқының бір мемлекеттік бірлестік құрып тұтастануын,  халқымызға өзінің этностық атауының қайтарылуын заңдастырды. Және айрықша атап айтарлық бір жәйт – съезде қазақ қайраткерлері өте құнды қарарлар қабылдап, ұлттық мемлекеттілік үшін күрестің жаңа кезеңін мейлінше белсенділікпен жүргізуге бейіл екендіктерін көрсетті. Бірақ орталықтан жаңа эмиссар келісімен көзделген, жоспарланған даму тоқырап, бәрі кері кетірілді. Бұл, әрине, басқа әңгіменің тақырыбы.

Біз  бүгін шашылған жер-суымызды жиыстырып, халқымызды іргесі кеңейтілген бір шаңырақ астына топтастырған, тарих сахнасына этностық қазақ  атымызбен шыққанымызды жер-жаһанға әйгілеген құрылтайға және сол құрылтай шешімімен Ақмешіт-Қызылорда  шаһарының Үлкен Қазақстанның алғашқы астанасы болғанына тұтас бір ғасыр толуын асқан қуанышпен атаймыз. Және бүгіндері Қызылордада осы мәселені арнайы қарастырмақ халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция  жұмысына тәуелсіз еліміздің рухын асқақтата түсетіндей жемісті жұмыс, зор табыс тілейміз.

Бейбіт Қойшыбаев,

жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты

Abai.kz

0 пікір