Сейсенбі, 9 Қыркүйек 2025
Ақмылтық 616 0 пікір 9 Қыркүйек, 2025 сағат 14:04

«Саяси сүзгі»: Сенатқа сол кезден-ақ сенім болмаған

Сурет: Автордың жеке мұрағатынан алынды.

Сөз жоқ, кешегі президент Жолдауының ең басты саяси жаңалығы – Парламенттің жоғарғы палатасы – Сенатты тарқатып, бір палаталы Парламент құру туралы ұсынысы болды.

Президенттің өзі айтқандай, «Елімізде парламенттік реформа мәселесі кемінде жиырма жылдан астам уақыт бойы айтылып келеді. Осы мәселе ашық та, жабық та талқыланып жүргені ешкімге құпия емес. Бұл тақырып әлі күнге дейін өзекті болып отыр».

Меніңше, Сенаттың өзі де кінәлі: қолында соншама өкілеттік (ресми және бейресми!) бола тұрып, ол Жаңа Қазақстан тұсында ескі стиль, ескі қарқынмен жұмыс істеді. Қоғам мен мемлекет өмірінде құлақты елең еткізер, жүректі дір еткізер, қоғамды селт еткізер бастама көтере алмады. Ылғи да  оқиға соңында ілбіп жүріп келді.

Және де Сенаттың 1995 жылы дүниеге келуінің себебін көкірегі ояу, көзі ашық ағайын о бастан-ақ біліп қойған. Бізде 1995 жылға дейін мінезді, тәуелсіз депутаттары бар мықты Жоғары Кеңес болған. «Аузы күйген үрлеп ішеді» демекші, сол кездегі президент Назарбаев заң шығару мен заңның орындалуын бақылау ісіне осы жаңалықты енгізіп, Мәжіліс қабылдаған заң жобаларын кейін қайтара алатын орган – Сенатты құрып алды. Яғни, ол ел ішінде, соның ішінде Мәжіліс арқылы келуі мүмкін «ыңғайсыз» заң жобаларының «саяси сүзгісі» болды. Ол функцияны Сенат мінсіз атқарып, экс-елбасы құрған бір адамға бағынған саяси режимнің қолбаласы ретінде тарихта қалды.

Сол себепті қоғамның да бұрыннан оған деген көзқарасы теріс боп келді: кеше президент Сенатты тарқату туралы бастама көтергенде, бір де бір партия, бір де бір белгілі тұлға Сенатты қорғап шыға қоймады.

Оны айтпағанда: «Жоқ, президент мырза! Сенат - мемлекетімізді басқару ісінде әлі де керек институт деп санаймын! 50 адамды қысқартқаннан бюджет толып кетпейді. Сенатор ретінде мен солай ойлаймын!» – деп, немесе: «Сенат саяси ролін атқарып болса, онда неге бір жыл тағы күтеміз? Өзіміз-ақ тарайық, жо-жоқ, жойылайық! Референдумға да қаржы шығындаудың керегі жоқ! Сенатор ретінде мен солай ойлаймын!» – деп екі сенатор екі жақтан шыққанда ғой, шіркін! Несі бар, президенттің өзі көтерген «Әртүрлі пікір – біртұтас ұлт» қағидаты тұсында өмір сүріп жатырмыз ғой...

Олай болмады...

Сол себепті өз басым Сенат тағдырын шешу үшін референдум сияқты орасан зор қаржыны қажет ететін шараны өткізуді артық деп санаймын. Қоғамда бір палаталы Парламентке қатысты жалпыұлттық келісім, ортақ пайым бар. Соның негізінде плебисцитсіз-ақ мәселені шешіп тастауға болар еді. Мәселен, Сенат өз тағдырын өзі шешіп, өз еркімен тарқаса, нұр үстіне нұр ғой!

Егер де алдағы жалпыұлттық талқылау тек Сенат тағдырына ғана емес, Тоқаев президент болғалы алты жылдың ішінде қордаланып қалған маңызды әлеуметтік-экономикалық,  құқықтық-саяси мәселелерге қатысты болса, онда әңгіме бөлек, ондай пікірталас ауадай қажет! Әйтпесе, бір жылды бір ғана мәселеге – шешімі бесенеден белгілі тақырыпты талқылауға арнау дұрыс болмас еді.

Бір палаталы Парламентті сайлаудың «постсенаттық» ерекшелігі болайын деп тұр. Президенттің ұсынысына сай, енді мажоритарлық жүйе болмай, депутаттар тек қана партиялық тізімдер бойынша сайланатын сықылды. Сенатта не дегенмен, депутаттардың Парламенттегі өңірлік өкілдігі сақталатын, яғни әр облыстан екі сенатор сайланатын. Енді ол механизм жойылғалы тұр. Сол себепті не партиялық тізімдерде сол өкілдіктің сақталуын заңмен бекіту керек, не мажоритарлық жүйені, яғни партиялық тізіммен қоса депутаттардың тең жартысының округтерден сайлануын қамтамасыз ету керек.

Сонда әр өңірдің өкілі Парламентті отырады. Бәлкім, ол үшін Парламент депутаттарының санын да арттыру керек болар...

Енді партиялық өмірдің жанданатыны сөзсіз. Президент ұсынған «Әрүрлі пікір – біртұтас ұлт» қағидаты партиялық тұғырнамалар жағынан жаңаша мән-мазмұнға ие болса, құба құп. Ол үшін билік оларды тіркеу рәсімін жеңілдеткені абзал.

Алайда, бұл жолда да баршамыз – қоғам да, билік те ескерер бір қауіп бар. Оның аты – саяси өмірдің, қала берді Парламенттің олигархтану мүмкіндігі. Өйткені, партия секілді ұйым құру орасан зор қаржыны қажет етеді. Өркениетті елдерге краудфандинг механизмін толыққанды жүзеге асыру, халқының көпшілігі азып-тозған біздің қоғамда қиын болар. Осы бұлыңғыр (президенттің айтуынша) кезді пайдаланып, халыққа жағымды ұрандарды жалау етіп, қаржылы кландар өз ойынын ойнап кетуі әбден мүмкін. «Ескіқазақстандықтардың» реванш алып кетуі де ғажап емес. Қазақстанға көз алартқан сыртқы күштер де қарап отырмасы хақ.

Әзірше айтарым – осы.

Әміржан Қосан

Abai.kz

0 пікір