"Қайраттың" тәжірибесі Қазақстан футболын өрге сүйрей ме?

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында футбол клубтарын жекешелендіру жұмысын күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ Мемлекет басшысы белгілі кәсіпкерлер Қазақстанның 4 футбол клубының иесі атанғанын хабарлады. Сонымен Қазақстанда футбол клубтарын жекешелендіру бойынша қандай жұмыстар жүріп жатыр?.
"Атырау" және "Ордабасы"
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің мәліметінше, жекеге беруге болатын квазимемлекеттік сектордың 475 кәсіпорнының тізімі жасалды. Оның ішінде 8 футбол клубы да бар. Олар: "Ақтөбе", "Астана", "Атырау", "Ордабасы", "Тұран", "Тараз", "Каспий" және "Шахтёр".
Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасы әзірге "Ордабасы" клубын жекешелендіру процесі жүргізілмегенін, әлеуетті инвесторлар туралы ақпарат жоқ екенін айтты.
Атырау облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы "Атырау" футбол клубын жекешелендіруді Коммуналдық меншік және мемлекеттік мүлік басқармасы ұйымдастыратынын хабарлады. Қазір әлеуетті инвесторларды іздеу жұмысы жүріп жатыр.
Болашақ инвесторларға қойылатын негізгі талаптар:
- балалар мен жасөспірімдер футболын дамыту;
- клубтың спорт инфрақұрылымын кеңейту және жаңғырту;
- білікті жаттықтырушылармен қамтамасыз ету, шетел мамандарын тәжірибе алмасуға тарту;
- жергілікті спортшыларды кәсіби дайындықтан өткізу, кейін ересектер құрамасына қосу;
- инновациялар енгізу және аймақтағы футболдың жалпы деңгейін көтеру;
- қаржы жағынан тұрақты болып, клубты дамытуға жеке қаражат салуға дайын болу.
Сонымен қатар жекешелендіру аясында инвесторларға әлеуметтік міндеттемелер қойылады. Атап айтқанда футбол орталығын дамыту, инфрақұрылымды кеңейту, жаттықтырушылар құрамын қолдау және команданың спорттық нәтижелерін жақсарту.
Осы тұста "Атырау" клубын жекешелендіру 2025-2026 жылдары жоспарланғанын айта кетейік.
"Тұран"
Түркістан облысы әкімдігінде "Тұран" футбол клубын дамыту үшін инвесторларды тарту мақсатында "Қазатомөнеркәсіп" ҰАК" АҚ өкілдерімен келіссөздер жүргізілгенін айтты.
Компания қазір ықтимал болатын әртүрлі нұсқаларды қарастырып жатыр, десе де түпкілікті шешім әзірге дайын емес. Қосымша ақпарат кейін берілмек.
Сонымен бірге "Саутс-Ойл" ЖШС-не клубты дамытуға атсалысу туралы ресми хат жолданған.
Инвесторларға қойылатын талаптар:
- қаржы жағынан тұрақты болу;
- ресурстардың жеткілікті болуы;
- заңды тұлға ретінде тіркелу;
- футболды негізгі бағыт ретінде дамытуға бейімделу.
"Қызыл-Жар СК", "Жеңіс", "Шахтёр" және "Қайсар"
Әлеуметтік желіде "Қызыл-Жар СК", "Жеңіс", "Шахтёр" және "Қайсар" клубтары жекешелендіру үшін инвестор тапқан деген ақпарат тараған еді.
"Қызыл-Жар СК" баспасөз қызметі Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігі инвестор С.В.Канмен бірге клубты жекеге берудің механизмін дайындағанын хабарлады.
2026-2028 жылдардағы өтпелі кезеңде клубты қаржыландыру екі көзден жүзеге асырылады. Біреуі – жеке инвестициялар, екіншісі – облыстың қолдауы, – делінген хабарламада.
Елордалық "Жеңіс" клубы ақпаратты түсіндіруден бас тартса, Қызылорданың "Қайсар" клубында жекешелендіру жоспары жоқ екенін айтты.
Қарағанды облысы әкімдігі "Шахтёр" клубына қатысты пікір білдіру әлі ерте екенін, қазір ол облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының қарамағында екенін жеткізді.
Abai.kz