Сәрсенбі, 17 Қыркүйек 2025
Әдебиет 212 0 пікір 17 Қыркүйек, 2025 сағат 12:10

Біздің Омарғазы

Сурет: qalamger.kz сайтынан алынды.

(Есте қалғандардан үзінділер)

1

Мен онымен 1954 жылы қыркүйек айының басында қызыл бинаның (Шынжаң университетінің ескі ғимараты) алдында кездестім. Бұрынырақ келген бір тобымыз оқитын класымызды көріп алайық деп қызыл бинаға келгеміз. Кластан шыға беріс есікте сұңғақ бойлы, бұйра шаш, аққұба жігіт пен екі беті алмадай қып-қызыл, бауырсақ мұрын, төртбақ жігіт жолыға кетті. Екеуінің киімдері де қырлы. Аққұба жігіт сұр трико саржадан костюм-брюки киіпті де, төртбақ жігіт қоңыр сары шибарқыттан галифе сым, аяғына құрым етік киіп, қонышын сыртына қайырып алыпты. Мен ә дегенде бұларды оқу іздеп келген шәкірт екен дегем жоқ. Қаланың қайсы бір мекемесінде бәленбай лауазыммен қызмет ететін кісілер болса керек деп білдім. Өйткені, маған да соның алдында ғана жерлесім Тілеужан Сақалов келіп жолығып кеткен. Ауылдан келген басқаларын да Үрімжіде қызмет ететін жерлестері іздеп келіп қайтқан. Сөйтсем, бұлар кәдімгі мынау өзіміз сияқты білім іздеп келген азаматтар болып шықты. Әлгі сұңғақ бойлы, аққұба жігітіміздің аты-жөні Омарғазы Айтанұлы екен де, етігінің қонышын қайырып алып, шіреніп тұрғаны Талғатбек Ғабдоллаұлы екен. Омарғазы алты жыл шамасы оқытушы болыпты да, Талғатбек төрт жыл шамасы қызмет істепті. Бұларға Алтайдың Жеменей аудандық жастар одағы комитетінің секретары болған Сапи Мейірханұлы деген ағамыз қосылды. Сөйте-сөйте бір кластағы қазақ оқушының саны он үшке жетті. Мұның екеуі келіншек пе, қыз ба, әйтеуір жіп тағуға болмайтын Гүлсара, Күншай дейтін екі әйел заты еді. Өкінішке орай, бұл екеуі оқу бітірмей кетіп қалды.

Сөйтіп, Омарғазымен қызыл бинаның солтүстік бұрышына таяу есіктен бірге кіріп, бір партада қатар отырып, жоғары мектеп әліппесін бірге бастағамыз. Бір жатақта, қатар кереуетте жатып, бір аспаздың қолынан бірге тамақтанғанбыз. Үш жылдық оқушылық өмірде ол кластағы қазақ балалар ғана емес, ұйғыр, өзбек сабақтастармен де – барлығымызбен жақын достасып кетті. «Достасып» деген сөзді жалпы тату-тәтті өткенімізге бола ғана айтып отырғам жоқ. Оның көз аясының кеңдігі, білімінің ұшан-теңіздігі, кешірімді, кішіпейілдігі, зерделі де зеректігі бәрімізді қайран қалдырған. Класс ішінде осындай зор беделге ие болғандықтан да, біздер кейде өзара ренжісіп қалғанда, класс мұғаліміне емес, алдымен Омекеңе жүгінетінбіз. Өзінің жұғымды ақылы, майда тілімен, кейде әзіл-қалжыңын араластыра отырып, ренжіскендердің көңілін лезде жадыратып жіберетін, ынтымаққа ұйытқы болатын мұндай мысалдар аз емес.

Осы орайда тағы бір іс есіме түседі. Бізден бір класс ілгергі әдебиет класында ақын Тоқтарқан Жекібаев пен ақын Серік Қапшықбаев оқитын. Біз бірте-бірте олармен де достасып кеткеміз-ді. Ақын Мақатанмен дос едік. Бір рет Мақатан (бұл кезде Мақатан «Шинжияң әдебиет искусствосында» қазіргі «Шұғыла» журналында істейтін) мен ақын Тоқтарқан ренжісіп қалады. (Бұл 1955 жылдың суық күзі еді). Біз барлығымыз жатақта едік, жатаққа Тоқтарқан келді. Көзі шатынап, қара торы реңі сұрланып кеткен. Есікті жұлқып ашып кіріп келгенде біз бәріміз оған үдірейе қалдық. Үнемі жайраңдап жүретін ақ көңіл, әрі пәк, сезімтал қызба ақын жігіттің мұндай халге түскенін көрмеген екенбіз. Ұғыса келсек, оқиға былай болыпты.

Тоқтарқан «орыс клубы» жақтан келе жатса, қызыл бинаның көше жақ алдындағы қалың ағаштың арасында Мақатан бір қызбен сөйлесіп тұрады. Жақындай келе қараса, бұл қыз Тоқтарқанмен жүріп жатқан қыз болып шығады. Істің байыбына бармаған Тоқаң Мақай ағамызды (Мақатанды кейде осылай атайтынбыз) жақтан періп қалады да, қызды жатағына қуып тығады. Сөйтсек, Тоқаң Омарғазыға Мақай ағамыздың үстінен арызға келіпті ғой. Кейін ұғыссақ, Мақай ағамыз тағы бір қызға хат жазып, соның жауабын ала алмайды екен. З арқылы Б-ның жауабын алмаққа сөйлесіп тұрған кезі екен. Жағдайды ұққан соң Омыкең бір жексенбі күні мені, Тоқтарқанды ертіп (тағы бір жолдасымыз бар еді, есіме ала алмадым) Мақай ағамыздың жатағына келдік. Ағамызға сонан бірнеше күн бұрын кептірілген ет, жент келген екен. Оған ішімдікті араластыра ауқаттанып отырғанда Омыкең бір ойын шығарды: «Үстелдің үстіне жалғыз тал тары тастаймын, соны кім ұстаса, арақтан берем, ұстай алмаса бермеймін. Тәліпбай арық, қолы қармақтай іліп алады. Сондықтан тары бәсекесіне ол қатыспайды, мен төреші боламын. Жарысқа Мақатан мен Тоқтарқан түседі»,- деді. Мақай ағамыз мақұл болғанымен, Тоқтарқан көніңкіремеді. Оған қоямыз ба, екеуін үстелдің екі жағына қарама-қарсы отырғыздық та: «Ал, таста тарыңды, Омыке!»- дедік. Омыкең жентпен араластыра отырып шөжіп қалған бір тарыны бөліп алды да: «алдымен Мақатан ұстасын», – деді.

Ұстау қайда?! Ағамыздың толысып тұрған кезі еді, денесінің алпамсадай зорлығына қарамастан саусақтары семіз еді. Тарыны олай айналдырып та, былай айналдырып та ұстай алмады. Сонымен оған тиеселі рюмка Тоқтарқанға келіп еді, қалай екен, Тоқаң да ұстай алмай-ақ қойды. Сонымен оның кезегі ағамызға берілді. Өстіп отырып екеуін аз-аздан қыздырып алған соң басқа да ойын араласып, жатақ думанға бөленді де, арадағы кірбеңдік көңілділікпен жуылып, баяғы достық қалып қайта орнады...

Міне, ынтымақтастыру шеберлігі қайда жатыр?! Тағы бір мысал келтірейін.

Ол кезде руымызды, жерімізді біліскенімізбен, рушылдық, жершілдік дегенді білмеуші едік. Бір күні класта отырып Омыкең жарты бет қағазға (сабақ үстінде отырып) маған: «Албан халық республикасының президенті Тәліпбай мырзаға! Республика халқыңыз азат болғандығының он жылдығы байланысымен сізді қызу құттықтаймын. Керей халық республикасының президенті Омарғазы Айтанұлы», – деп жазып ұстата қойды. Мен де бір бет қағазға: «Керей халық республикасының президенті мәртебелі Омарғазы мырзаға! Еліміз азаттығының он жылдық мерекесін құттықтағаныңызға өз атымнан және албан халқы атынан алғыс айтамын. Албан халық республикасының президенті Тәліпбай», – деп жазып ұстаттым. Кейін бұл ойынды әңгімеғып сырттағы достарға да айтысып күлісіп жүрдік.

«Ойыннан от шығады» деген рас екен. 1958 жылғы оңшылық пен ұлтшылдыққа қарсы күрес делінетін кезеңге келгенде, өз достарымыздың бірі осы бір ойынды үлкен саяси мәселеғып әшкереледі. Маған тағылған көп қылмыстардың ішінде дәл осы мәселе «ең кілтең, ең маңызды мәселе» болып саналды. Мұның өзі «отанның тұтастығын бөлшектеудің дайындық сатысы» есептелді. Бұрыннан араз-аштылығымыз бар адамнан мұндай қылық шықса ғой бірдеңе дер едік. Жақын көңілдес досыңнан мұндай пәле жабысса, басқаға «ойын еді» деп дәлелдеуің де қиын екен. Қоғамдағы көп күрестерде де, түрмеде де ойыннан шыққан осы оттан құтыла алмадым. Осыған бола сол досқа түрмеде де қатты ренжумен болдым. 1962 жылдың маусым айында түрмедегі бір бөлім ұлтшыл-оңшылдарды босатып, мекемелеріне қайтарды. Осы орайда мен де өз мекемем – жастар баспасына қайтып келдім. Қайтып келді дегенді естіген Омыкең іздеп келіп, мені жатағына ертіп барды. Ол кезде Омыкең әдебиет-көркемөнер бірлестігінің Нәнміндегі семьялылар ауласындағы жатақта екен. Ұзақтан көрісе алмай сағынысқан біздер бір күн, бір түн бірге болып, бастан кешкен күндерді айтысып шерден шыққандай болдық. Бұл аралықта Омыкең да талай өткелектен өтіп, не-не қиындықтарды бастан кешіріпті. Бір басының амандығы үшін басқаларды құрбандыққа шалатын ағайын-достардың жәбірін бұл кісі де бір кісідей тартыпты. Сондағы Омыкеңнің айтқаны мынау ғой: «Біраз жылдық өміріміз кетті, өкінішпен кетті. Бірақ өмірге бергенімізден алғанымыз көп сияқты. Оң-солымызды таныдық. Кісіге жамандық қылмадық. Жамандық қылғандар беті күйгендей көлкек қағады. Соның бірі кеше осында келіп кетті. Саған барып амандасуға беті шыдамапты. Ертең осында келеді. Кешіре сал...». Не деген кешірімділік, мені де соған жетелейді...

1989 жылы Шинжияң жазушыларының төртінші құрылтайы Шинжияң спорт қонақүйінде өтті. Омарғазы да, мен де уәкіл болып қатынастық. Одақтың құрылтайы ашылып, басшы сайлауда едәуір көңілсіздіктер болды. Дауыс жетпей төраға кандидатындағы Қиымтұрды өтпей қалды. Одақтың бір қазақ орынбасарын сайлар алдында қазақ уәкілдерінің арасында түрліше сыңайлар байқалып қалды. Бірақ, Омарғазы бастатқан бір топ беделді ақын-жазушылардың ақылына аунаған қазақ уәкілдері түпкілікті ынтымақта бірегей болы да, жеңіліс болмады.

2

Иә, сөздің басын 43 жылдан бұрынғыдан бастап едік қой, енді сонымызға қайта оралайық.

Ол кезде Омарғазы әлі қатардағы ақын болатын. Бірақ бұл жаңа жаза бастаған біздер үшін үлкен бір бел сияқты еді. Кластағы қазақ балалар үшін Омыкең ұстаз іспетті болды. Өлеңсымақ шимайларымызды Омыкеңе көрсетеміз. «Менің де пысықтайтын сабағым бар» дегеніне көнбейміз. «Шығармаларымызды» көрмей қоюына да жол қоймаймыз. Оқып, келіспеген жерін түзетіп, қате жерін оңшап, кәдімгі мұғалім сияқты жалықпай үйретеді. «Ақын болу үшін кітапты көп оқуды, әрбір ақынның жылт еткен артықшылығын байқап, өлеңде сондай жаңа сөз, жаңа ой айтуды үйрену керек» деген ойларын ортаға салатын. Ал, өзі болса кітапты үзбей оқитын. Қасым Аманжоловтың жалындылығына, Хамит Ералиевтің тапқырлығына қатты тәнті еді. Сол жылдары Шинжияңға еліміздің Гоморо сияқты ақындарының Қазақстанда аударылып басылған жинағы келді. Осыдан бастап ол Гомороның шығармаларына ықылас берді. Әсіресе, Гомороның романтикаға толы пафосты өлеңдерін таңдай қаға оқумен бірге, бізге оның артықшылықтарын сүйсіне отырып әңгімелеп беретін. Өзбектің Ғафур Ғұламын, әзербайжанның Самед Вургунын, түріктің Назым Хикметін, Чилидің Пабло Нерудасын, орыстың Пушкині мен Лермонтовын сол күнде-ақ оқып білген еді. Қазақстан арқылы Шекспир, Бальзак, Байрон, Достоевский  шығармалары келді. Кітапты арт-артынан құнығып оқығаны сонша, Омыкеңнің құлағы қалқиып, көзі кәдімгі Әлішер Науаидың көзінше аларып қалды. Біртүрлі ой басып алғандай салғырт жүрді. Қысқы демалыста осы күйімен кетті. Бұл біздің оқу бітіретін жылымыз еді. Сонан қайтып келмеді. Бірақ хат келіп тұрды. Әрбір хаты сағынышқа да, қуанышқа да толы болушы еді. Сағынышы достарға қаратылса, қуанышы бірыңғай жазуға беріліп кетекені, жазған шығармаларының сәттілігіне байланысты еді. 1957 жылдың екінші, не үшінші айы болса керек, тағы бір хат келді. Хатында жазып аяқтатқан «Менің шығысым», «Найзағай» және «Табиғат философиясы» деген үш дастанын бірсыпыра өлеңдерімен қоса Қазақстанға – «Жұлдыз» журналына жібергенін қуана хабарлапты. Кейін «Қазақ әдебиеті» газетінен Қазақстанның атақты ақыны Әбділда Тәжібаевтың шолу сипатты хабарламасын оқыдық. Онда Омарғазы туындыларының ой, көркемдік бітіміне тұңғыш рет жоғары баға берілген әрі бұл шығармаларды басуға ұйғарылғаны айтылған. Мұны естіп қатты қуандық. Ағамыз, әрі досымыздың бұл табысына қалайша қуанбасқа!?

Реті келген соң айта кетейін, мен 1989 жылы Қазақстанға туысшылай бару орайына ие болдым. Бұл хабарды естіп үйімізге Омыкең келді. «Тек өліп көрмедік, қалғанның бәрін көрдің ғой, бұл күнге жеткеніңді естіп қатты қуандым. Туысқандарыңды көретін болдың. Марқұм әке-шешең тірі болса, қандай қуанар еді!» – деп үні толқып барып тоқтап қалды. Қарасам, екі жанардан екі тал тамшы төмен сырғып барады екен...

Кетерінде Әбділда Тәжібаевқа жолығып, жоғарыда аты аталған шығармаларының кейін қалайша басылмай қалғанын ұғыса келуді тапсырды. «Екі елдің арасындағы мұз еріді ғой, басып қалар, егер баспаса ала кел. Әбеңе (Әбділда Тәжібаевты айтады) менен сәлем айт», – деді. Онда барған соң Қазақстанның дарынды ақын қызы, жиырмаға жуық кітаптың авторы, менің келінім Қанипа Бұғыбаева арқылы тілдесіп, Әбділда ағамызды Қазақстан жазушыларының демалыс үйіндегі жекелік саяжайға Қанипамен және оның күйеуі, менің бауырым Қанағат үшеуміз іздеп бардық. Әбекең жазу үстінде екен. Бізді жазу бөлмесіне алып кірді. Қазақшылап-ақ амандастық. Бір әредікте көзім үстел үстінде жаюлы жатқан оригиналға түсті. Оригиналға жазылған қолжазбаның біздің осы күні қолданып отырған жазуымызға ұқсастығына, жазудың көркіне қарап қайран қалдым.

– Сіз біздің жазуды да өте көркем жаза білетін болдыңыз ғой?- дедім оригиналға қарап.

– Бұрынғыларымыз осымен оқыдық қой, славяншаны кейін оқып білдік. Бала кездегі қолдың көніп қалғаны ма, өзі оңай жазылады, – деді Әбең жымиып.

Ол кісі еліміздегі қазақтардың оқу-ағарту, мәдениет жағын көбірек сұрады. Мен қазақтың шағын қыстағында бастауыш, ауылдығында орталау, аудандарында орта, аймақтары мен орталық қалаларында өз тілінде оқитын техникум және жоғары мектептердің барлығын айтқанда сәл таңданғандай немесе сеніңкіремегендей болды. Менің сөзімді бауырым Қанағат растады. Өйткені, ол содан бұрын елімізге келіп, мұндағы туыстарды көріп қайтқан. Сондағы көрген-білгенін айтып беріп еді, ол кісі иланған бейне танытты. Одан соң баспасөз жайын сұрады. Мен:

– Қазақтар үшін онға жуық газет, жиырмаға жуық журнал шығарылатынын, он үш баспаның бәрінде қазақ бөлімдері жұмыс істеп, жылына неше жүз түрліден артық кітап шығаратынын айтқанымда қуанып кетті: «Міне, тірлік деген осы. Өзі миллиондай ғана халық миллиардтан артық халықтың қолына қараса да, осыншама жұмыс істеді дегенге, былай қарағанда сенгің келмейді. Мына ағайынымыз Өзбекстанда бір миллиондай қазақ тұрады. Туысқанның қолында тұрып не мектебі, не баспасөзі болсын, әншейін бір байқұс», – деді.

Одан кейін ол кісі әдебиетіміздің жайын сұрады. Мен еліміздің әдебиет-көркемөнерге ерекше мән беретіндігіне дәлел болады ғой деп: «Үрімжіден «Шұғыла» деген журнал шығады. Онан басқа Іле қазақ облысына қарасты үш аймақтан үш журнал шығарылады. Тіпті көпшілік аудандарда өз көлеміне сай әдеби журналдар шығады» дегенімде, ол кісінің есіне әлдебір іс қалт ете түсе қалды білем: «Осы сендерде сол 50-ші жылдарда бір күшті ақын бар еді, сол бар ма?»- деді. Мен Асқар, Құрманәлі, Рахметолла, Мағаз ағаларымыздан бастап 50-ші жылдардағы белді деген ақындардың көбін-ақ санап бердім. Бірақ ол кісі: «Олар емес»,- деді. Одан кейін екінші буындағы Омарғазы, Әлімжан, Серік, Мақатандарды атағанымда: «Омарғазының фамилиясы кім болады?»- деді. Мен айттым. «Дәл, дәл, ол бізге бір топ дастан, өлеңдерін жіберген болатын. Сол 50-ші жылдарда. Оқып шығу маған  тапсырылған. Мен оқығам. Ол өте ойшыл. Ол кезде бізде ондай ақын аз ғой, апыр-ай, бар екен-ау!»- деді таңданғандай. Жоғымның өзін алдыма жайып салғанда енді маған бөгелетін ештеңе жоқ еді, сол Омарғазының айтқан сәлемін толық жеткіздім.

«Оны басатын болып «Қазақ әдебиеті» газетіне хабарлағанбыз. Бірақ, еліміз Ай Цин (ақын Ай Чиңді айтады) деген қытай ақынның өлеңін басып қойып, Қытай мемлекетінің наразылығына қалды. Осыдан кейін сендер жақтан ешкім де басылмады»,- деді неге басылмағанын түсіндіріп. Мен: «Сіздерде архив сақталады ғой, табуға бола ма, басылмағандай болса, автордың қайтарып алу ойы бар. Оның өзінде оригиналы қалмаған екен?»- деп едім.  Ол кісі өзі кеңсеге барғанда тауып беретін болып келісті. Ақыры бұл дастандар табылып, Қазақстанда тұңғыш басылым көрді және аса жақсы бағасын алды. Менің білуімше, 50-ші жылдары ақын Құрманәлінің «Күркешеден күллі әлемге» атты өлеңі шетел басылымдарында жақсы баға алған еді. Одан кейінгісі осы Омыкең болса керек деп ойлаймын.

3

Біздің Омарғазы 51-ші жылдан жаза бастағанымен, оқытушылық, шәкірттік және әсіресолшылдықтың жиырма жылдық ауыр азабы сияқты күндерді басынан кешіре жүріп, айтар ойының көбін-ақ өз шығармаларына аса шеберлікпен сыйғызып кеткен дарынды қаламгер. «Аң шадырын оқ табар», «Таразы» романдары Омарғазы шығармашылдығының ғана емес, тұтас қытай қазақ әдебиетінің бір-бір биік белесі сияқты. Оның «Тырналары» мен жоғарыда аталған үш дастаны және таңғажайып суреткер қаламынан туылған өлеңдері Омарғазының нағыз ақын екенін әлдеқашан танытып болған. Біреулер оның формасын сөз етіседі. Қазақ әдебиеті әлемінен хабары бар оқымысты азаматтардың қай-қайсысы да қазақ өлеңі 11 буынмен, 4 жолмен келетін қара өлеңнен ғана тұрмайтынын біледі деп ойлаймын. Ақын Абай қаншама форма жаратты? Біреулер «Оғызнамадағы», «Қорқыттағы», тағы басқа аса ертедегі төл мұраларда кездесетін өлең формаларын білмейтін де болу керек. Осыларды қадағалай қарап отырсақ, формадағы жазампаздыққа жеңіл қарауға болмайтынын білген болар едік.

Омарғазының сын-зерттеу шығармашылығы да өз алдына бір төбе. 50-ші жылдары жарияланған «Поэзия», кейінгі жылдары жарияланған «Оғызнама туралы», «Бөрі және көк құс», «Тілдер дамуы» атты мақалаларының ғылыми құнын төмен бағалауға болмайды.

20-ға жуық драмалық шығармаларының ішінде әлі басылым көрмеген «Ақ мысық» атты көлемді драмасының басылар кезі жетпесе де, оның қазақ әдебиеті ғана емес, одан да үлкен әдебиеттердің ортасын ойып орын алары хақ.

Бір жылы Шинжияң университетінен тойдан бірге қайттық. «Қызыл бинаны айнала жүрейікші»,- деді. Баяғыда Мақай ағам мен Тоқтарқан ренжісетін маңайға келдік. «Есіңде ме, – деді маған, – баяғыда осында Тоқтарқан мен Мақатан екеуінің ренжіскені?». Мен оған: «Одан бұрын ұйғырдың да бір ақын жігіті бір ақын қызға бола осында өмірін қиған ғой»,- дедім. «Рас,- деді ол, –  бұл қызыл бина өмірге де, махаббатқа да, өлімге де құштарлықтың куәсі болған ғой, одан да маңыздысы, қызыл бина, бұл бина емес нар, қызыл нар, Шинжияңды сүйреп келе жатқан арқалы қызыл нар!».

Біреуден биыл қызыл бинаны бұзып тастады деген хабарды естіп сенбегем-ді, арнайы бардым. Сұмдық-ай, рас екен! Кешегі күннің бар хикаясын шертетін қарт әжедей сезілетін қызыл бинаның өзі жоғалып, жер астындағы бөлмелерінің тамтығын көргенде, өз көзіме өзім сенбей, жүрегім су ете түсті. Аяғыма мың батпан тас байлап қойғандай мамырлап жүре алмай қалдым...

«Омарғазы қайтыс болды» дегенде соғып тұрған жүрек лүпілі тоқтап, денедегі барша қан басыма шапшығандай болды. Осыдан бірнеше күннің алдында ғана Шинжияң жазушылар қоғамы құрылғандығының 40 жылдық торқалы тойына бірге қатынасып, қатар отырғанбыз. Қонағасыда бір үстелде отырып тамақтанғанбыз, қалжыңдасқанбыз. Магнитофон ала барып, Ноғай ақынның өлеңдерін әнімен қосып таспаға түсіріп алуға келісім берген. Бүгін, ертең деп жүргенде діні қатты сұм ажал оған қаратпапты. Қазақ әдебиетінің қызыл бинасын – қызыл нарын алып ұрыпты. 43 жылдық адал досымнан, ақылшы ағамнан айырып тыныпты...

Ақын қазасы үстінде оның жақын досы, жазушы, журналист Ғани Саржан: «Толыда Омарғазымен бірге мұғалім едік. Ол Үрімжіге келіп бағы ашылды, ұлы ақын болды»,- деді. Тағы бір жолдас: «Омыкең ары таза, адал, адамдықтың ұлы қасиетін бір бойына жинақтаған ұлы тұлға еді»,- деді. Ондай ірі-ірі бағаны халқы бағалай жатар. «Халық айтса, қалт айтпайды» деуші еді. Әділін халқы берер, заманы берер, өз басым Омарғазыны досына адалдығы, берекешілдігі, замана тынысын дәп басып тани білетін қырағы да зерделі, аса көрнекті қаламгер болды дегім келеді. Таяуда біреу менен: «Омыкең ғашық дертін тартқан ба еді?»-деп сұрады Омыкең жөнінде әңгімелесіп отырып, мен оған: «Баяғыда оқып жүргенде Х. деген қызға арнап «Жаулықтың өңі» деген өлең жазған еді, бірақ соның өзі онша баянды болмаған сияқты», - дей салдым. Шындығында, ол кісінің махаббаттан салымы болмады-ау деймін.

Тәліпбай Қабаев

«Шұғыла» журналы 1997 жыл.

Abai.kz

0 пікір