Сейсенбі, 23 Қыркүйек 2025
Жаңалықтар 61 0 пікір 23 Қыркүйек, 2025 сағат 13:07

Қазақстан өзін азық-түлікпен толық қамтамасыз етіп отыр

Сурет: inbusines.kz сайтынан алынды

Қазақстан өзін негізгі азық-түлік тауарларымен толықтай қамтып отыр.

Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Үкімет отырысында мәлімдеді.

"Биыл 8 айда тамақ өнімдерін өндіру 10,1%-ға артып, 2,5 трлн теңгені құрады. Бидай егістігі өнімділіктің артуы есебінен жалпы өнім былтырғы деңгейде күтілуде. Күріштің жалпы өнімі өткен жылдың деңгейінде немесе 500 мың тоннадан асады деп күтілуде. Бұл ішкі сұранысты толық жабуға және экспортты сақтауға мүмкіндік береді. Қарақұмық өндірісі шамамен 90 мың тоннаны құрайды. Жалпы, дәнді дақылдар өндірісінің көлемі ішкі қажеттіліктен 6 есе жоғары, бұл нарықты қайта өңделген өнімдерімен толық қамтамасыз етуге кепілдік береді", - деп атап өтті ведомство басшысы.

Сондай-ақ майлы дақылдар 4 млн тоннаға жетеді деп күтілуде. Оның ішінде шамамен 2 млн тонна күнбағыс алынуы мүмкін.

"Картопқа келетін болсақ, 2,7 млн тонна көлемінде жинау болжануда. Оның 1,8 млн тоннасынан астамы жиналды. Фермерлерде құны келісіне 90-120 теңгені құрайды. Сондай-ақ 700 мың тоннадан астам пияз жиналды, киллограммына 50-60 теңгеден сатылады. Фермерлерде 300 мың тонна көлемінде қор қалыптастырылды. 300 мың тонна сәбіз жиналды, фермерлерде бір килограмы 85-95 теңгеден болатын, шамамен 100 мың тонна сәбіз бар", - деді Айдарбек Сапаров.

Министрдің мәліметінше, мал шаруашылығы өнімдері де жеткілікті.

"Ет өнімдері – сиыр, қой, жылқы еттері және жұмыртқа ішкі сұранысты толығымен жабады. Құс еті бойынша оң динамика байқалуда. Былтыр қамту деңгейі 79% болса, биыл 82%-ға жетті. Сүт өнімдері бойынша да қамтамасыз етілу 100% жеткізілді. Қазіргі өндіріс көлемі ішкі нарықты қолжетімді өнімдермен толық қамтамасыз етуге жеткілікті", - деді ведомство басшысы.

Abai.kz

 

0 пікір