Салық жеңілдіктерінен кімдер қағылады?

Ұлттық экономика министрі, вице-премьер Серік Жұманғарин салықтық жеңілдіктерден кім қағылатынын түсіндірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Оның айтуынша, бүгінде жеңілдетілген салық режимінде жұмыс істеп келген кәсіпкерлердің барлығы бұл жүйеде қала береді. Рұқсат етілген қызмет түрлеріне мыналар кіреді:
- бөлшек сауда (2000 шаршы метрден асатын ірі форматтағы нысандарды қоспағанда);
- ауыл және орман шаруашылығы, аквакультура;
- креативті индустрия, мәдениет пен спорт;
- техникалық қызмет көрсету, жөндеу, көлік пен пошта (қызмет түріне қарай саралау жүргізіледі);
- жылжымайтын мүлік пен көлікті жалға беру (бизнестің деңгейіне қарай сараланады);
- тұрмыстық қызметтер;
- денсаулық сақтау мен әлеуметтік қызметтер (жекелеген түрлері);
- құрылыс жұмыстары (кейбір түрлері жеңілдетілген режимде қалады);
- қоғамдық тамақтану: мейрамханалар, дәмханалар;
- базарлар мен үй жанындағы дүкендер;
- мектепке дейінгі білім беру.
Жұманғариннің айтуынша, жеңілдетілген режимде шамамен 1,3 млн кәсіпкер мен 318 қызмет түрі қалады.
Қай салаларға тыйым салынуы мүмкін?
Ал «тыйым салынған тізімге» кіруі ықтимал салалар қатарына мыналар жатады:
- өңдеу өнеркәсібінің ірі сегменті;
- көтерме сауда;
- ірі сауда орталықтары;
- жер қойнауын пайдалану;
- қаржы секторы;
- кәсіби қызметтер;
- ақпараттық технологиялар мен телекоммуникациялар;
- құрылыс жұмыстарының бір бөлігі;
- жалға беру және лизинг;
- медициналық қызметтің кейбір түрлері;
- мәдениет, балық шаруашылығы, құмар ойындар және тағы басқалары.
Бұл шамамен 500 мың кәсіпкерді және 790 түрлі қызметті қамтуы мүмкін. Министрдің сөзінше, тізім әзірге дайын емес. Ол «Ашық НҚА» порталында жарияланып, көпшілік талқысына ұсынылады.
– Апта соңына дейін порталға жариялап, сіздердің ұсыныстарыңызды күтеміз. Кулуарда өзіміз шешім қабылдамаймыз, міндетті түрде ашық талқылаймыз, – деді Жұманғарин.
Реформа не үшін қажет болды?
Министрдің айтуынша, мұндай реформа пандемиядан кейінгі мемлекеттік қаржыға түскен қысым мен әлеуметтік шығыстардың артуына байланысты қолға алынған. Ол кәсіпкерлерді қауесетке сенбеуге шақырды.
18 шілдеде президент жаңа Салық кодексіне қол қойған болатын. Ulysmedia.kz-ке пікір білдірген сарапшылардың айтуынша, бұл жаңашылдықтар көптеген кәсіпкерлерге және қарапайым қазақстандықтарға ауыр соққы болуы мүмкін. Мамандардың болжамынша, салық реформасы салдарынан 400 мыңға жуық кәсіпкер өз бизнесінен айырылуы ықтимал.
Abai.kz