Ұлттық жасанды интеллект платформасы құрылады

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Үнзила Шапақ жақында қабылданған Жасанды интеллект туралы заңның қалай жұмыс істеп жатқаны туралы тоқталды.
— Бұл құжат еліміз үшін алғашқы әрі маңызды қадамның бірі болмақ. Заң аясында жасанды интеллектіге қатысты жаңа құқықтық түсініктер енгізіліп, ұлттық жасанды интеллект платформасын құру көзделген. Соңғы жылдары ЖИ тақырыбы әлемдік деңгейде қызу талқыланып келеді. Бұл технологиялар біздің күнделікті өмірімізге еніп қана қоймай, заң тұрғысынан да жаңа талаптарды қажет етіп отыр. Қазақстан да осы үрдістен шет қалған жоқ. Жасанды зейін адамды толыққанды алмастыра алмайды. Бірақ түрлі түйткілдердің шешімін іздеуде таптырмас құрал. ЖИ-ді әзірлеп енгізу үшін алдымен Ұлттық платформа құру керек, - деді ол Jibek Joly телеарнасындағы «Bugin Live» бағдарламасында.
Депутат бұл тұрғыда деректердің қауіпсіздігі бірінші орында болуы маңызды екенін айтты. Сондықтан заңнамада аталған платформаға аудит жасау мүмкіндігі де қарастырылған.
— Жасанды Интеллект арқылы жасалған синтетикалық контентті міндетті түрде таңбалау талабы бекітілді. Бұл – азаматтардың ақпаратқа деген сенімін арттыруға бағытталған шара. Бұған қоса, адамның келісімінсіз мінез-құлқына әсер ету, эмоциясын талдау немесе әлеуметтік мәртебесіне қарай жіктеу сияқты бірқатар функцияларға заң жүзінде тыйым салынды. Жаңа заң бір жағынан инновациялық дамуға жол ашса, екінші жағынан қоғамның қауіпсіздігі мен азаматтардың құқығын қорғауды көздейді. Бұл ретте авторлық құқық мәселелері де назардан тыс қалмай, ЖИ көмегімен жасалған шығармашылық өнімдерге қатысты нақты нормалар енгізілді, - деді Үнзила Шапақ.
Abai.kz