Жұма, 26 Қыркүйек 2025
Жаңалықтар 203 0 пікір 26 Қыркүйек, 2025 сағат 18:33

Алматы облысында жаңа индустриялық аймақ ашылды

Сурет: Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметінен алынды.

Жамбыл ауданындағы Теміржол ауылдық округінде «Қазыбек бек» индустриялық аймағының ашылуы өтті.

Салтанатты іс-шараға іскерлік орта өкілдері, инвесторлар, жергілікті атқарушы органдар мен өңір тұрғындары қатысты. Индустриялық аймақтың жалпы аумағы 900 гектарды құрайды. Негізгі бағыттары – металлургия және металл өңдеу, құрылыс материалдарын шығару, машина жасау және өнеркәсіптік жабдық өндірісі, сондай-ақ жүк сақтау қызметтері. Жобаны іске асыру мерзімі 2027–2029 жылдарға жоспарланған.

Ашылу рәсімінде сөз сөйлеген Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев индустриялық аймақтың құрылуы өңір мен тұтас ел экономикасын дамытудағы маңызды қадам екенін атап өтті.

«Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында: «Өңдеуші өнеркәсіптің дамуына жаңа серпін беретін уақыт келді», – деп атап өткен болатын. Мемлекет басшысы Алматы, Қостанай, Қарағанды және Атырау облыстарында іске қосылған ірі машина жасау және металлургия кәсіпорындарын мысалға келтірді. Сонымен бірге, бұл жұмыстар жеткіліксіз екенін айтып, экономиканы әртараптандыруды жеделдетудің маңыздылығын ерекше атап өтті. Осы тұрғыда негізгі басымдық – ішкі және сыртқы нарықтарда бәсекеге қабілетті, терең өңделген өнім өндіру. Бүгін ашылған «Қазыбек бек» индустриялық аймағы – осы міндеттердің нақты жүзеге асуының көрінісі және өңір экономикасының жаңа серпініне айналарына сенімдімін», – деді облыс әкімі.

Марат Сұлтанғазиев, сондай-ақ, аталған бастаманы алғашқылардың бірі болып қолдаған инвесторлар мен серіктестерге алғыс білдіріп, алдағы уақытта облыс әкімдігі кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсетіп, инфрақұрылымды дамытып, бизнес жүргізу үшін қолайлы жағдай жасайтынын атап өтті. Оның айтуынша, заманауи индустриялық аймақ жаңа инвестициялар тартуға, өндірістік секторды кеңейтуге, жаңа жұмыс орындарын ашуға, инновациялық жобаларды енгізуге, бәсекеге қабілетті өнім шығаруға және экспорттық әлеуетті арттыруға жол ашады.

Сурет: Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметінен алынды.

Бүгінгі таңда «Қазыбек бек» индустриялық аймағына жалпы құны 454 млрд теңгені құрайтын 11 қатысушы тартылған. Бұл жобаларды жүзеге асыру нәтижесінде 2495 жаңа жұмыс орны ашылады.

Инвесторлардың бірі – «KAZAKZSTANYULIN IRRIGATION EQUIPMENT» ЖШС жобасының жетекшісі әрі бас директордың орынбасары Серікжан Болатұлы Нұрсейітов өндіріс орнын ашуға қолдау көрсеткен облыс әкімдігіне алғысын білдіріп, жобаның болашағына сенімді екенін жеткізді.

«Бізге жер телімін бөліп бергені үшін Алматы облысының әкімдігіне алғыс айтамыз. Біздің жобамыз – ауыл шаруашылығы техникасының кең спектрін шығаратын заманауи зауыт құру. Мұнда өсімдік шаруашылығына арналған машиналар, жаңбырлатып суару қондырғылары, мал шаруашылығы техникасы, сұйық және қатты тыңайтқыш енгізуге арналған жабдықтар, сондай-ақ жоңышқаны ұнтақтайтын арнайы машиналар және басқа да техника өндіріледі. Зауыт заманауи технологиялармен жабдықталады, жылдық қуаттылығы – 500 дана ауыл шаруашылығы техникасы. Өнімдерді енгізу шаруалардың импортқа тәуелділігін азайтып, өнімділікті арттыруға мүмкіндік береді. Бұл жоба өңір индустриясының дамуына серпін беріп, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге зор үлес қосады деп сенеміз», – деді Серікжан Болатұлы.

Сурет: Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметінен алынды.

Қазіргі таңда Алматы облысының инвестициялық портфелінде жалпы құны 6,3 трлн теңгені құрайтын 229 жоба бар. 2025 жылы 302,7 млрд теңге көлеміндегі 35 жобаны іске қосу жоспарланған. Олар өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, туризм және инфрақұрылым салаларын қамтиды және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына айтарлықтай үлес қосуда.

Айта кетейік, Алматы облысы – Қазақстандағы ең серпінді дамып келе жатқан өңірлердің бірі. Қытай және Қырғызстанмен шектесетін қолайлы географиялық орналасуы, дамыған көлік-логистикалық инфрақұрылымы мен инвестициялық ахуалы тұрақты өсімге мүмкіндік беріп отыр.

Abai.kz

0 пікір