Қазіргі қыз-жігітке қызық қостомдық...

Жастық шаққа тән құбылыстан – ізденіс, шаттық, қуаныш, сүйініш пен күйініштен түрлі көркемдік тәсіл арқылы тебірентерлік сыр шертуімен өзіме қатты ұнайтын екі романым мен бірер әңгімемді «Жібек жолы» баспасы өз тарапынан ниет білдіріп сұрап алып, «Қайран жастық» деген атпен екі том етіп шығарды. Осы қостомдықты басып беруге ықылас танытып, қолжазбаны кідіріссіз өндірісіне жібергені, сөйтіп, міне, жарыққа шығарғаны үшін баспаға, әрине, бек ризамын. Тек, бір әттеген-айы, соның көзделген таралыммен көрінуіне баспаның да, менің де мүмкіндігіміз жетіңкіремей қалды. Кім біледі, ғайыптан демеуші табылып, көмек қолын созып жатса, бәлкім, бұл кемістік тез түзеліп те қалар...
Есімде, екітомдықтағы «Қарсаң» романының «Дүние-кілт» деген атпен сонау алыс жылдары, Желтоқсан дүрбелеңінің артынша шыққан алғашқы басылымын сүйсіне оқығанын, сол 87-ші жылғы кітапты ұнатқандықтан да күні бүгінге шейін жоғалтпай сақтап келе жатқанын саттартану ретімен әңгімелесіп қалған шымкенттік мұғалимадан естіген едім. Ал одан сәл ертеректе, 84-ші жылы жарық көрген «Киелі мұра» жайында іле-шала бір талдықорғандық оқырман қыздың шығарма тақырыбы мен ондағы кейіпкерлердің іс-әрекеттерін өмірдегі өзі куә боп жүрген оқиғалармен байланыстыра отырып, шын жүректен егіліп айтқан сыры, сондай-ақ алматылық журналист жігіттің осы орайда білдірген жүрекжарды пікірі әсіресе есте қалған-тын. Қысқасы, бұл заманауи туындылардың өз уақытында оқырмандардың көңілдегілерін дөп басқаны анық болатын.
Алайда советтік дәуірдегі жастар өмірін суреттеген шығармалар бүгінгі заман сұранысын өтей алмайды деп санайтындар жеткілікті екенін ойлағанда – солардың талайының көкейінде ондай кітаптарды қазіргі тәуелсіздік кезең оқырманына қайта ұсынудың қаншалықты қажеті бар екен деген сауал тұрары хақтығына күмән келтіре алмайсың. Өйткені тұрмысты һәм рухани тыныш-тіршілікті партия-комсомол идеялары билеген ол заман жұртшылық көзінде мүлдем теріс бағаланып, қазіргі таңда қара сиямен сызып тасталып тұр емес пе...
Солайы-солай-ау, дегенмен өткенді түгел тәрк ету – соншалықты білгендік емес екені де анық. Көрмей-ақ көз жұмып бастартқаннан, ыңғайы, сол бейтаныс заманмен көркемделген туындылар арқылы танысқаны кейінгі ұрпаққа әбден тәлімді боларын ойлаған жөн шығар... Сонда қазіргі жас және, әрине, өсіп келе жатқан жаңа буын да оқығанын іштей де болса бүгінгі жағдаятпен салғастыра келе, рухани өмірдің дамуы хақындағы тарихи шындыққа, нағыз ақиқатқа көз жеткізуі әрі қажет тағылым қорытуы ғажап емес...
Көңіл шіркін осылай шалқиды. Қалай болғанда да, советтік қазақ елі жастарының тыныс-тіршілігінен, дәлірек айтқанда – олардың соғыстан кейінгі даму үдерісінде қалыптасқан стандартты кезең тәрбиесіне сай коммунизм құру ұранына сеніп өскен өмірінің макрокосмынан бүгінгі оқырман алдына осы қостомдықта бейнеленген микрокосм қызық та ойлантарлық көріністер тартар, тиісінше оқырман белгілі дәрежеде сондағы түрлі реңктерді айқын ажыратып, ғұмырында бір кәдеге асарлықтай сабақ алар деп үміттенем. Шынын айтқанда, қостомдыққа енген «Қарсаң» мен «Киелі мұра» романдарында және төрт шағын әңгімеде сөз болған оқиғалар ішінде бейнеленген жас жандар тағдыры туындыларды шын түсініп әрі түйсініп оқыған қазіргі замандасты мүлдем бейтарап қалдырмасына менің сенімім кәміл.
Өйткені бұларда қыз-жігіттердің араларындағы жақсы көру сезімі сынды мәңгі өлмес тақырып бойынша сөз болатын көңілді-көңілсіз жырлар, яғни сәтті, сәтсіз махаббат қана емес, солармен астастыра, қилы пендешіліктен ерекшелендіріліп, нақты мысалдармен өріліп суреттелетін өмір бар. Бұларда әділдік, адалдық, сүйіспеншілік жайлы ұғымдар, ұлттық ділдің өзгеру құпиясы, тіл мен ел болашағы, сондай-ақ ашаршылық секілді советтік кезде ашық айтылмайтын, тиісінше сол шаққы көп жастың көкейіне ұяламаған қасіретті өткенімізді жекелеген қыз-жігіттің өткір түйсінуі, жалпы олардың жеткіншектерді еңбекпен, тағлымды тарихпен тәрбиелеуді көздейтін іс-әрекеттері, оқушыларға кәсіптік бағдар беру ісіне мән беріп, белсене атсалысу мысалдары алға тартылады. Кеңестік қасаң идеология қалыптастырған көңілі тоқ көпшілік арасындағы аздаған озық ойлы жастардың жан-дүниесінен үлгі алуға тұрарлық сыр шертіледі.
Бұлардың бәрі ұлт тағдырына жаны ауырушылық және отансүйгіштік қасиеттерді бойларына сіңіруге құштар бүгінгі ұрпақты да, турасын айтқанда, шындап қызықтыруға тиіс. Сондықтан да қазіргі ізденімпаз, сыншыл оқырманның назарына «Қайран жастық» екітомдығын зор үмітпен ұсынып, аға буынның сонда суреттелген кеңестік дәуірдегі гүлдәурен кезеңімен жүздесуге шақырамын. Жүздесуге шақырам деймін-ау, алдымен жүздесудің алғышартын – туындылардың баспаханадан жобаланған тиражбен шығуын қамтамасыз ету керек қой. Осы орайда жәрдем қолын созғысы келетін азаматтардың не баспаға, не авторға тікелей хабарласуын өте-мөте қалайтынымды да жасырғым келмейді...
Бейбіт Қойшыбаев
Abai.kz