Дүйсенбі, 29 Қыркүйек 2025
Білгенге маржан 156 0 пікір 29 Қыркүйек, 2025 сағат 13:25

Қырым хандығы – қыпшақ қазақтар ма?

Сурет: wikipedia.org сайтынан алынды.

Тарих ғылымында түркі халықтарының шығу тегі, олардың этникалық, саяси бірліктері мен мемлекеттілігінің эволюциясы – үнемі қызу пікірталас тудыратын тақырыптардың бірі.

Соның ішінде Қырым хандығының тарихы мен оның халықтық негізін құраған этностар жайлы жағдай де әлі күнге дейін зерттеушілер арасында ортақ тұжырымға келген жоқ. Әсіресе, «Қырым хандығы қыпшақ қазақтар ма?» деген сауал қоғамдық санамызда жиі қозғалады. Бұл сұрақ кездейсоқ емес: қыпшақтардың Дешті Қыпшақ даласындағы үстемдігі, қазақ этногенезіндегі орны, сондай-ақ Қырым хандығының мемлекеттік тілі, мәдениеті мен әскери дәстүрінде қыпшақтық негіздің басымдығы осындай ойға жетелейді.

Қырым хандығының тарихи қалыптасуы 

Қырым хандығы XV ғасырдың ортасында Алтын Орданың ыдырауы нәтижесінде пайда болды. 1441 жылы қырымдықтар өздерінің дербес билеушісін сайлап, Қажы Керейді хан көтерді. Бұл – Қырым хандығының ресми түрде құрылған жылы саналады. Алғашқыда хандық Алтын Орданың мұрагерлік құрылымдарының бірі ретінде көрінгенімен, уақыт өте келе жеке саяси субъект ретінде қалыптасты.

Хандықтың территориясы Қырым түбегін ғана емес, Қара теңіздің солтүстігіндегі далалық аймақтарды да қамтыды. Бұл аймақтар ежелден қыпшақтардың дәстүрлі қоныстары болған. Сондықтан Қырым хандығының этникалық негізінде қыпшақтар басты рөл атқарды.

Қыпшақтар XI–XIII ғасырларда Еуразия даласында үстемдік құрған ірі түркі тайпаларының бірі еді. Олардың мекені – Дешті Қыпшақ даласы қазіргі Қазақстанның аумағын, Еділ бойы мен Қара теңізге дейінгі кеңістікті қамтыды. Көшпелі мал шаруашылығына негізделген өмір салты, әскери ұйымшылдығы қыпшақтарды ортағасырлық түркі әлемінің басты күшіне айналдырды.

Қазақ халқының этногенезінде қыпшақтар ерекше орын алады. XIV–XV ғасырларда Ақ Орда мен Әбілқайыр хандығы дәуірінде қыпшақтар қазақ руларының негізгі этникалық құрамдас бөлігіне айналды. «Қыпшақ – қазақтың бір қанаты» деген тарихи тұжырым да бар. Демек, Қырым хандығы қыпшақ дәстүрінде құрылғандықтан, оны қазақпен байланыстыру қисынды.

Қырым хандығының мемлекеттік тілі – қыпшақ тілі болды. Бұл тіл Алтын Орда дәуірінен бері мемлекеттік іс қағаздарында, дипломатиялық байланыстарда қолданылып келген. Тіпті XV–XVI ғасырларда Осман империясының сарайында да қыпшақ тілі аудармашылар арқылы пайдаланылғаны белгілі.

Қыпшақ тілінің қазақ тілімен тарихи туыстығы айқын. Лексикасы, грамматикалық құрылымы, дыбыстық заңдылықтары бойынша қазақ тілі қыпшақ тілдерінің тобына жатады. Қырым татарларының қазіргі тілі де қыпшақ негізінде дамыған. Бұл – қазақ пен қырымдықтардың ортақ тілдік негізден шыққанын көрсетеді.

Мәдени тұрғыда да ұқсастықтар көп.  Мысалы, қымыз бен шұбат сияқты дәстүрлі сусындар, киіз үй мәдениеті, жылқыға қатысты әскери дәстүрлер қыпшақтан қалған ортақ мұра. Қырым хандығында да атқа міну, жорыққа шығу, әскери тәртіп қазақ қоғамындағыдай маңызға ие болды.

Қазақ хандығы мен Қырым хандығы екеуі де Алтын Ордадан тараған мұрагерлік мемлекеттер болды. Екеуінің мемлекеттік құрылымы да ұқсас: хан – жоғарғы билік иесі, сұлтандар мен бектер кеңесі – кеңесші орган, ал ру-тайпалық жүйе – саяси тірек қызметін атқарды.

Сонымен қатар екі хандықтың сыртқы саясатында да ортақтық байқалады. Екеуі де Мәскеу князьдігімен, Осман империясымен, Шайбани әулетімен қарым-қатынас орнатты. Қырым хандығы көбіне Осман империясына тәуелді болса, Қазақ хандығы дербес саясатын жүргізді. Дегенмен олардың халықаралық қатынастардағы дипломатиялық дәстүрлері ұқсас еді.

Қазақ пен қырым халықтарының байланысы

Тарихи деректерде қазақтар мен қырымдықтардың арасындағы қарым-қатынас айқын көрінеді. Мысалы, XVI–XVII ғасырларда Еділ бойындағы және Дон өңіріндегі қазақтар мен қырым татарлары бірлесіп Мәскеуге қарсы жорықтарға шыққаны жазылады. Сонымен қатар, қазақ даласынан Қырымға, Қырымнан қазақ жеріне көшіп-қонып жүрген рулар да болған.

Қазақ жырауларының толғауларында да Қырымның аты жиі аталады. «Қырымның қырық батыры» эпостық жырлар циклі қазақ фольклорында ерекше орын алған. Бұл да екі халықтың тарихи тағдырлас екенін дәлелдейді.

Әрине, Қырым хандығын «қазақ мемлекеті» деп атау тарихи дәлдікке жатпайды. Себебі Қырым хандығының саяси-географиялық жағдайы, этникалық құрамы қазақ даласынан бөлек еді. Қырымда қыпшақтармен қатар ноғайлар, түркімендер, черкес және грек халықтары да мекендеді. Осман империясының ықпалы да қырымдықтарды ерекше бағытқа айналдырды.

Қазақ хандығы болса, Жетісу мен Сыр бойынан бастау алып, Дешті Қыпшақтың орталық аумағында қалыптасты. Қазақтың этникалық негізі тек қыпшақтардан тұрмаған, оған үйсін, қаңлы, арғын, найман, дулат, жалайыр секілді басқа да көптеген тайпалар кірді. Сондықтан Қырым хандығы мен Қазақ хандығы – туыс мемлекеттер болғанымен, екеуін толықтай теңестіру дұрыс емес.

Көптеген отандық және шетелдік тарихшылар Қырым хандығын қыпшақ мемлекеті ретінде қарастырады. Яғни айтқанда, Лев Гумилев қыпшақтардың Еуразия тарихындағы рөлін ерекше атап өтіп, Қырым хандығын «қыпшақ дәстүрін сақтаған мемлекет» деп атаған. Қазақ ғалымдары да Қырым татарлары мен қазақтар арасындағы тарихи-мәдени ұқсастықтарды дәлелдеп жүр.

Дегенмен кейбір зерттеушілер Қырым хандығын қазақ этногенезіне тікелей телудің қажеті жоқ дейді. Себебі қазақ этносы XV ғасырдың ортасында Орталық Азияда қалыптасып, өз алдына дербес халық болып шықты. Ал Қырым хандығы болса, Батыс Дешті Қыпшақ пен Қара теңіз өңірінде орналасқан өзіндік мемлекет еді.

Сонымен, «Қырым хандығы қыпшақ қазақтар ма?» деген сұрағымызға біржақты жауап беру қиын. Тарихи тұрғыда Қырым хандығы – қыпшақ негізінде құрылған мемлекет. Қазақ халқының этногенезінде де қыпшақтар шешуші рөл атқарды. Осы тұрғыдан алғанда, Қырым хандығы мен Қазақ хандығы туыс мемлекеттер, олардың тамыры бір, дәстүрі ортақ.

Алайда Қырым хандығын толықтай «қазақ мемлекеті» деп атау тарихи дәлдікке жатпайды. Ол – өз алдына дербес этносаяси құрылым. Дегенмен қазақ пен қырым халықтарының тілдік, мәдени және тарихи жақындығы олардың ортақ қыпшақтық мұрадан тарайтынын айқын дәлелдейді.

Қыпшақ дәуірінен бастау алған осы сабақтастық қазақтың да, қырым татарларының да тарихи тамырын тереңдетіп, болашақтағы тутастықтың негізі дейміз.

Бейсенғазы Ұлықбек,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Abai.kz

0 пікір