Бейсенбі, 2 Қазан 2025
Жаңалықтар 114 0 пікір 2 Қазан, 2025 сағат 16:54

Ауыр атлетикадан әлем чемпионатына шолу

Сурет: olympic.kz сайтынан алынды.

2 қарашада Норвегияның Ферде қаласында ауыр атлетикадан әлем чемпионаты басталады. Жаңа салмақ дәрежелерінің енгізілуі биылғы әлем біріншілігінің басты ерекшелігі болмақ. Бұл өзгеріс әр салмақтағы бәсекелестік деңгейін айтарлықтай өзгертті. Қазақстан бұл жолы әлем чемпионатына шағын құраммен аттанды. Толығырақ Olympic.kz материалында.

2024 жылғы әлем біріншілігінде ұлттық құрама үш жүлдеге қол жеткізген еді. Нұрғиса Әділетұлы (96 келіге дейін) мен Артем Антропов (102 келіге дейін) алтыннан алқа тақса, Алексей Чуркин (81 келіге дейін) күміс жүлдегер атанды.

Алайда Норвегияда сол жүлдегерлердің ешқайсысы жарыс тұғырына шықпайды. Бұған қоса, Қазақстан әйелдер құрамасы да қатыспайды. Бапкерлер штабы шағын құрамды жіберуге шешім қабылдады. Себебі басқа жарыстарға басымдық беріліп отыр. Соның ішінде 7-21 қараша аралығында Эр-Риядта (Сауд Арабиясы) өтетін Ислам ынтымақтастығы ойындары бар.

Осыған байланысты 2025 жылғы әлем чемпионатында ел намысын бар болғаны төрт спортшы қорғайды. Олар үш салмақ дәрежесінде сынға түседі.

79 келіге дейін: Едіге Емберді, Петр Хребтов

88 келіге дейін: Әлібек Рахымберді

110 келіге дейін: Сұлтан Мейрам

Біздің ауыр атлеттерге жүлде үшін талас оңайға соқпайды. Оның үстіне, әлем чемпионаты алдында әр салмақтағы жағдай түсініксіз болып тұр. Себебі биылдан бастап жаңа салмақ дәрежелері енгізілгендіктен, айқын фавориттерді атау қиын.

Көптеген ауыр атлет өздерінің бұрынғы салмақ дәрежесін өзгертуге мәжбүр болды. Бірі салмағын төмендетсе, енді бірі керісінше, жоғарылатуды таңдады. Соның нәтижесінде әдеттегі жарыс тізімі түбегейлі өзгерді. Сондықтан сарапшылар фавориттерді негізінен олардың тәжірибесі мен атақтарына қарай бағалап отыр.

Қазақстан құрамасынан Едіге Ембердіге үміт артылуда. Ол - А тобына енген ұлттық құрамадағы жалғыз спортшы. Өткен жылы жастар арасында өткен әлем чемпионатында (89 келіге дейін) топ жарса, биыл жазда Азия рекордын жаңартып, сары құрлық біріншілігінде жеңімпаз атанды. Енді алғаш рет ересектер арасында өтетін әлемдік додада бақ сынайды.

"Басты мақсатым - биыл ірі халықаралық жарыстардың бірінде жеңіске жету. Болашақта одан да жоғары жетістіктерге ұмтыламын. Ең бастысы - бабымды қалпына келтіріп, дайындықты күшейтіп, 2028 жылғы Олимпиадаға жолдама алу", - деген еді Едіге сары құрлық біріншілігінен кейін.

Дегенмен, Норвегияда жүлде алу оңай емес. Әсіресе Емберді мен Хребтовқа (В тобы) кіл мықтылар қарсылас болады. Олардың дивизионы - чемпионаттағы ең тартысты топтың бірі. Қарсыластардың қатарында Олимпиада-2024 жеңімпазы Ризки Джуниянсян (Индонезия), 2024 жылғы әлем чемпионы Ри Чон Сон (КХДР), 2023 жылғы әлем чемпионы, үш дүркін Еуропа чемпионы Оскар Мартинес (Италия), мысырлық жас дарын Мохаммед Эльсайед бар. Сарапшылар Ембердіге де басымдық беріп отыр.

Әлібек Рахымберді В тобында өнер көрсетеді. Оның салмағында айқын фаворит жоқ. Бірақ қарсыластарының арасында әлем чемпионаттарының жүлдегерлері – Рел Кван Ро (КХДР), Марин Робу (Молдова), сондай-ақ ирандық жас спортшы Илия Салехипур мен Босния өкілі Адраник Карапетян бар.

Сұлтан Мейрам болса, С тобында сынға түседі. 110 келіге дейінгі салмақта медаль үшін таласқа түсу қиын болмақ. Әдетте жүлделерді А тобының спортшылары өзара бөліседі. Бұл топта өзбекстандық Олимпиада чемпиондары Руслан Нурудинов пен Акбар Джураев басты үміткерлердің қатарында. Айта кетсек, Джураев Токио-2024 Олимпиадасында күміс алған, ал Нурудинов әлем чемпионы атанған. Бұлардан бөлек, армениялық Гарик Карапетян да халықаралық турнирлерді жоғары нәтиже көрсетуде.

Айта кетейік, Қытай құрамасы мен бірқатар әлемдік көшбасшы Норвегияға бармайды. Бірі спорттық мансабын аяқтаса, енді бірі қарашада өтетін Қытай ұлттық ойындарына дайындалуды жөн көрген. Сондықтан бұл чемпионатта екінші құрамдағы спортшылардың бәсекесі тартысты болмақ.

Алғаш болып 6 қазан күні Хребтов пен Емберді зілтемір көтеруге шығады. 7 қазанда - Рахымберді, ал 10 қазанда Сұлтан Мейрам бақ сынайды.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Профилактика бытового насилия

Алмаз Ещанов 408
Қауіп еткеннен айтамын

Жау жоқ деме – жар астында...

Қуат Қайранбаев 6373
46 - сөз

Кәрағаның көркемдік көкжиегі

Дәурен Бақдәулетұлы 385