Жұма, 10 Қазан 2025
Мәдениет 652 0 пікір 10 Қазан, 2025 сағат 13:14

Өнер мен білімді тоғыстырған көпір

Сурет: Автордың мұрағатынан алынды.

Қазақстан мен Ресей арасындағы шығармашылық ынтымақтастық жайлы ой...

Өнер – халықтың жаны, рухтың көрінісі!

Ал сол өнерді ұлықтап, дамытатын мамандар – ұлттың мәдени тірегі.
Бүгін мен Қазақстан мен Ресей арасындағы өнер саласындағы білім беру мен шығармашылық серіктестік туралы ой бөліскім келеді.

Екі елдің арасындағы байланыс ғасырлар бойы қалыптасқан ортақ тарих пен мәдени сабақтастыққа негізделген. Бұл достықтың шынайы дәнекері – өнер. Ол музыка мен театрда, кинематография мен бейнелеу өнерінде айқын көрініс табады.

Кеңес дәуірінде-ақ қазақ өнерінің талай саңлақтары Мәскеу мен Ленинградтың әйгілі оқу орындарында – Консерваторияларда, Ресей театр өнері институты ГИТИС пен С. А. Герасимов атындағы кинематография университеті ВГИК қабырғасында білім алды. Сол буын өкілдері ұлттық өнер мектебін қалыптастырып, қазақ мәдениетінің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосты.

Жаңа дәуір – жаңа мазмұн

Бүгінде бұл дәстүр жаңаша сипат алып отыр. Қазіргі қазақстандық жастар Ресейдің жетекші оқу орындарында – Мәскеу және Санкт-Петербург консерваторияларында, С. А. Герасимов атындағы кинематография университеті ВГИК пен Репин атындағы өнер академиясында білім алуда. Ал Құрманғазы атындағы Ұлттық консерватория мен Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы ресейлік ұстаздарды шақырып, шеберлік сабақтары мен бірлескен шығармашылық жобаларды жүзеге асырып келеді.

Бұл серіктестіктің нақты нәтижелері бар. Мысалы, Жүргенов академиясы мен Ресей театр өнері институты ГИТИС арасындағы студенттер алмасу бағдарламасы, халықаралық балет және опера жазғы мектептері, бірлескен қойылымдар мен оркестрлік гастрольдер – жас өнерпаздардың кәсіби өсуіне зор мүмкіндік беріп отыр.

Алайда бұл байланыс тек тәжірибе алмасумен шектелмейді. Бұл – мәдениеттердің тоғысуы, халықтар арасындағы рухани көпір. Өйткені өнер – саясаттан жоғары, ал шығармашылық жүректен туады.

Жүргенов академиясы – шығармашылық диалог орталығы

Қазақ ұлттық өнер академиясы бүгінде Ресейдің 15-тен астам жетекші жоғары оқу орнымен тұрақты байланыс орнатқан.
Олардың қатарында:

  • ГИТИС – Ресей театр өнері институты;
  • ВГИК – С. А. Герасимов атындағы кинематография университеті;
  • Штиглиц атындағы Санкт-Петербург өнер және өндірістік академиясы;
  • Новосібір архитектура, дизайн және өнер университеті;
  • Челябі мемлекеттік мәдениет институты;
  • Ресейдің «Жоғары экономика мектебі» университеті және тағы басқалар бар.

Академиялық ұтқырлық бағдарламалары студенттерге тек жаңа білім емес, шығармашылық еркіндік пен халықаралық тәжірибе сыйлайды.

Академия студенттері мен оқытушылары ресейлік оқу орындары ұйымдастыратын халықаралық байқаулар мен фестивальдерге белсенді қатысады.
Мысалы, ВГИК аясында өткен ТМД елдерінің III халықаралық студенттік фильмдер фестивалі – «Восхождение» кезінде Жүргенов академиясының жас режиссерлері мен актерлері бірнеше марапатқа ие болды:

  • Мырза Махамбеттің «Қараша» фильмі – «Үздік режиссура»;
  • Айша Алдакееваның «Мамыр әні» – «Үздік актриса»;
  • Тілеуберді Тұрарбекұлының «Жалғыз қалған» фильмі – қазылар алқасының арнайы дипломы.

Бұл жеңістер – жастарымыздың кәсіби әлеуетінің айғағы, әрі халықаралық сахнаға шығудың сенімді қадамы.

Болашақ – цифрлық өнер мен жаңа форматта

Қазақ ұлттық өнер академиясы мен Ресейдің Мемлекеттік киноқоры арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумы екі елдің мәдени байланысын жаңа деңгейге көтерді. Құжатта музыка, театр және кино салаларындағы тәжірибе алмасу мен бірлескен жобалар қамтылған.

Сонымен қатар, академиямыз, Ресейдің «Жоғары экономика мектебі» және «Яндекс» компаниясы арасында үшжақты келісім жасалып, студенттерге арналған сценарийлік шеберлік бойынша minor бағдарламасы іске қосылмақ.

Бүгінгі серіктестіктің стратегиялық бағыты – цифрлық өнер мен онлайн білім беру. 3D-анимация, графикалық дизайн, заманауи медиа және бейнеөндіріс бойынша бірлескен курстар екі ел студенттерін жаңа технологиялар кеңістігінде тоғыстырады.

Сондай-ақ театр, музыка, кино және хореография бағыттарында жазғы мектептер мен шығармашылық зертханалар ұйымдастыру жоспарланып отыр. Алдағы уақытта Ресей театр өнері институты ГИТИС-пен екіжақты қатынастарды Дамыту картасына қол қою да осы бағыттағы жаңа кезең болмақ.

Мәдени мұра мен рухани сабақтастық

Біздің серіктестігіміз тек заманауи бағыттармен шектелмейді. Фольклор, дәстүрлі музыка мен сәндік-қолданбалы өнер салаларындағы бірлескен жобалар – мәдени мұраны сақтау мен насихаттауға бағытталған маңызды қадам. Бұл – ұлттың рухани іргетасын бекемдеп, ұрпақтар сабақтастығын жалғайтын ізгі миссия.

Ресейдің өнер мектептері қазақ мәдениетінің дамуына айтарлықтай үлес қосты. Ал бүгінде Жүргенов академиясы сол дәстүрді жаңа заман талабына сай жалғастырып отыр.

Қазақстан мен Ресей арасындағы серіктестік – жай ғана академиялық байланыс емес. Бұл – мәдениет пен өнер арқылы халықтарды жақындастыратын, ортақ рухани кеңістік қалыптастыратын көпір.

Өнер – достықтың, өзара түсіністіктің және рухани бірліктің жаршысы.
Біздің мақсат – осы байланысты жаңа биікке көтеру, жас ұрпаққа шабыт пен сенім ұялату.

Өйткені өнердің шекарасы жоқ. Ал оны біріктіретін жүрек пен талпыныс – ортақ құндылық.

Шыңғыс Ергөбек,

Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының
оқу және оқу-әдістемелік жұмыстар жөніндегі проректоры

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Профилактика бытового насилия

Алмаз Ещанов 800
Қауіп еткеннен айтамын

Жау жоқ деме – жар астында...

Қуат Қайранбаев 9847