Сенбі, 18 Қазан 2025
Абай мұрасы 288 0 пікір 17 Қазан, 2025 сағат 13:14

Абай туралы тың дерек...

Коллаж: Abai.kz

МАЗМҰНЫ ҺӘМ ҚҰНДЫЛЫҒЫ

Өтіп бара жатқан күздің басында (04.09.2025 жыл) «Егемен Қазақстан» газеті бетінде астаналық ғалым Саят Баймұратұлы жазған «Тұлға туралы тың дерек» атты мақала жарық көрді. Ізденгіш ғалым Леонид Покровский деген миссионердің көлемді жазбасын тауып алған екен. Абаймен жүздескені, бір тәулік бойы сұхбат құрғаны жайлы. Бұдан асқан сенсациялық жаңалық бола ма?! Абайтану ғылымы үшін үлкен  олжа бұл! Сондықтан да жұртшылық жарыса жазар, пікірталастар болып, қоғамның данышпанымыз Абай мұрасына деген қызығушылығы арта түсер деп ойлағам. Жоқ, олай болмады. Міне, бір жарым ай өтті, еленіп-ескерілер түрі көрінбейді.

Тың дерекке пысқырып та қарамадық. Неге?

Сенсеңіз, тамаша тың дерек көпшілік назарынан тыс қалды. Думан-сауық, шулатқан шоу, өнбейтін гу-гу өсек-аяң шаңына көмілді. Бұқаралық ақпарат көздері, интернет сайттары ішінен де жаңалыққа мән бере қарап: «Ой-хой, бұл ерекше оқиға ғой!» деп бағалап, ынта-ықылас білдірген хәлді көре алмадық. Жаппай немқұрайдылық нені білдіреді? «Абай – адамзаттың ой алыбы, қазақтың рухани тірегі» деп шулап жүргеніміз құр бөспелік пе? Дүркіретіп тойын өткізгендік жасандылық көрінісі ме? Махаббатымыз шынайы болса, Абайға қатысты жылт еткен жаңалыққа «бәрекелді!» десіп, мұқым ел болып қуансақ керек еді. Егер осы оқиға Гете немесе Пушкинге қатысты болсыншы, болды, бітті, бүкіл әлемге жайылары хақ еді. Сөйтіп, ұлт мәдениетін насихаттауға, рухын көтеруге септігін тигізер еді. Айтайын дегенім, Абай даналығын насихаттау мемлекеттік мәселе, сол себептен сөз болған селқостықты онда тұрған не бар деп жеңіл-желпі қабылдау жарамас.

Саят Баймұратұлы жариялаған деректі мақалаға келейік. Тың деректі ғылыми айналымға қосу өте маңызды да борышты шаруамыз. Оқырман көңілінде сенімсіздік ұялап, әрқилы сұрақтар тумауы үшін түпнұсқа өзегіне үңілген жөн. Сөз болып отырған священник Покровскийдің жазбасын қолмен ұстап, көзбен көргенге не жетсін. Сондықтан белгілі өлкетанушы, археолог ғалым Айдын Жүнісхановпен хабарласып, түпнұсқаны қалай тапсам екен деп көмек сұрадым. Дос-інім: «Жақсы, тауып берейін, аға» десін. Көп ұзамай-ақ маған поп Покровскийдің жазбасын жіберді. «Апырай, қалай, қайдан таптыңыз?» деген сұрағыма ол: «Пәлендей қиындығы жоқ, интернеттен, Сергей Абашин деген кісінің сайтынан. Оның «История и антропология Центральной Азии» атты сайтында ескі дүниелер көп-ақ екен» деп жауап берді.

Миссионер Покровскийдің естелік жазбасына шолу

Біз зор олжа деп жұртшылық назарын аударып отырған мақала «Записки Киргизского миссионера священника Леонида Покровского за 1896 год» деген атаумен ресейлік «ПРАВОСЛАВНЫЙ БЛАГОВЕСТНИК» деген басылымда, 1897 жылдың мамыр айында, 9-шы нөмірінде жарияланған екен (титульный беті суретте).

Сурет: Автордың жеке мұрағатынан алынды.

Аталмыш  журнал 1892 жылдан шыға бастаған сонау Мәскеу шәрінде. Леонидтің көлемді жазбасы екі бөлімнен тұрады. Біріншісі – журналдың №8 санында жарияланған, көлемі –  8 бет, ал екіншісі – №9 санында 6 бет екен. Жиыны 14 беттік материал.

Патшалық Ресейдің 1860-1905 жж. аралығында атқарған бір науқаны – қазақтарды христиан дініне тарту, жалпақ тілмен айтқанда, шоқындыру болды. Осы іс-шара – «миссионерлік» делінді. Оған тіл-жақты, шыншыл әрі үгіт-насихатты жаны қалайтын жергілікті поптар тартылған болатын. Міне, Леонид Покровский – соның бірі. Ол алдымен Шульбинск селосында (бұл Семейден 100 шақырымдағы елді мекен) архимандрит Сергийдің басшылығымен миссионерлік қызметтің қыр-сырына қанығады (қазақ тілін үйрену, Библия мәтінін тәпсірлеу, шешендікке төселу т.б.). Онан соң миссионерлік қызметіне кіріседі.

Енді миссионер жазбасының журналдың №8 санындағы бірінші бөліміне көз салайық. Леонид алғашқы тапсырмам – Ертіс өзенінің екі қапталындағы ел-жұртты аралап, оларды дінге тарту болды дейді. Ямщигімен бекітілген ат-арбаға жайғасқан ол бұл сапарда 1896 жылдың шілде айынан тамыздың ортасына шекті жүреді. Ол күнде Ертістің оң жағын – Бесқарағай және Аққұм (бұл қазіргі Аққулы ауданы болса керек), ал сол жағын –  Айғыржал (Семейден Шаған өзеніне шекті аумақ) және Кеңтүбек (Шаған өзенінен қазіргі Курчатов қаласына шекті аумақ) болыстары жайлаған. Священник Покровский осы төрт болыстағы 50 тарта ауыл, селоны түгел сүзіп өттім дейді.

Ол көрген діни ахуал қандай? Жергілікті халықты христиан дініне тарту оңай шаруа емес, осыған көзі жетеді. Қазақ ауылдарын аралағанда көрген-білгендерін тізбелеп жаза келе, жергілікті жұрт өз дініне берік деген байлам жасайды, мәселен, саяси-қазына мәселесін ұйып тыңдап отырып, егер дінге көше бастасаң, «Христос» сөзін естіген сәттен бірі тайсақтап, енді бірі тұра қашады дейді. Сөйтіп, Леонид үмітін үзген сыңай танытады, оның өзіндік екі себебі бар. Біріншісі, орыс селоларында (Канонерка, Больше-Владимировка, Долон, Черемушка, Семиярка т.б.) шоқынған қазақтар жеккөрінішті, казак-орыстар оларды маңына да жолатқысы келмейді, тұрғындар ішінде  тұрмысы нашар ең сорлысы солар. Сөйтіп, шоқынбаған қазақтар шоқынғандарға қарағанда әлдеқайда әлді тұратыны байқалған. Сондықтан Леонид: «Бедственное положение новокрещенных без сомнения весьма вредно должно отзываться на успех Миссии» дей келе, бұл жағдайда христиан дінін тарату мүмкіндігі, әрине, шектеулі деп тұжырады.

Екінші себеп, яғни шоқындыруға келесі тосқауыл – молдалар, әсіресе, Семейден келген татар молдалары деп мәлімдейді миссионер. Мысалға Бесқарағай болысын аралағанда бір татар молда менімен салғыласа келе: «Сіз біз сияқты шала сауатты (малограмотный) молдалар арасында білікті көрінерсіз. Бірақ Семейдегі мықты молдалардан тас-талқан болып жеңілеріңіз сөзсіз деді» дейді. Автордың өз сөзінен үзінді келтірейін: «При этом в доказательство своих слов он рассказал, что миссионер Иоанн Никольский тоже прежде ездил к ним для проповеди, а как побеседовал в Семипалатинске с муллой Ибрагим Колымбаевым, то от стыда совсем перестал показываться в степ». Бұл жерде Леонидтің: «Молда Ибрагим Колымбаев» деп отырғаны – Абай Құнанбайұлы! Оның дәлелі төменіректе. Әзірге журналдың №9 санында басылған миссионер жазбасының екінші бөлімін барлап, баяндауға ойысайық.

Екі тұлғаның ғылыми диалогы

Жоғарыда Леонид Покровскийдің алғашқы сапары ойдағы ел-жерді аралау болғанын, алғаш рет Ибрагим (Абай) есімін татар молдадан естігенін сөз еттік. Ол аз-кем тыныққан соң, 21 тамызда Семейден екінші сапарына – қырдағы елге аттанады.  Атап айтқанда, қырдағы бес болыс ел (Семейтау, Шаған, Бұғылы, Шыңғыс және Көкен) ішінде қызметін атқаруға кіріседі. Бұл жақта Абай есімі естілуі тіпті жиілей түсті, қай ауылға аялдасам да: «Ибрагим деген ғұлама бар, соған жолығыңыз десті» дейді. Міне, қазақ арасында атақты кісімен кездесуге асыққан жайы сол.

Оқырман осы жүздесуді тағатсыздана күтіп отырған болар. Сондықтан жазбаның: «5 сентября приехал наконец к знаменитому среди киргиз Ибрагиму Колымбаеву» деп басталған соңғы бөлігін Саят Баймұратұлы аударған нұсқасы бойынша назарларыңызға ұсындық.

«5 қыркүйек күні мен қырғыздар арасында танымал Ибрагим Колымбаевқа ақыры жеттім. Ибрагим менімен алғашқы сөзден-ақ дін туралы пікірталасқа кірісті. Ол былай деді: әлем жаратылғаннан бері адамдар арасында сенім туралы дау-дамай тоқтаған емес, әркім өз сенімінің ғана шынайы екенін айтады, бірақ ешкім ешкімге нақты дәлел келтіре алмаған, сондықтан әр адамды өз сенімінде қалдырған дұрыс емес пе?

Мен оған қарсы пікір білдірдім: сенім әртүрлі – кейбіреуі ғылымды менсінбейді, басқа дін өкілдеріне өшпенділікті насихаттайды, әйелге жабайы, айуандық қатынасты уағыздайды, адамды қажетсіз, ұсақ-түйек рәсімдердің құлына айналдырады, тіпті өзге сенімдегілерге қарсы қасиетті соғыс жүргізуді де насихаттайды. Мұндай дін адамзат үшін зұлымдық шығар, онымен күресу керек. Сондықтан әркімді өз сенімінде қалдыруға болмайды, керісінше, жалған сенімге ергендерді оны тастауға сендіру қажет.

Ибрагим бұған толыққанды дайын жауабы бар екенін айтты, бірақ алдымен басқа бір ойды жеткізгісі келді. Ол былай деді: Адам өмірі ұйқыға ұқсайды. Мысалы, ұйқы кезінде адам байқаусызда баланы басып кетсе – бұл оның кінәсі емес. Ол оянады, ар-ұжданы таза, бұл қателік үшін Құдай да жазаламайды. Жер бетінде өмір сүріп жүрген адам да ұйқыдағыдай бейсана күйде болады, ол өледі, кейін қатты қателескенін түсінеді, бірақ бұл қателігі білместіктен болғандықтан, ар-ұжданы мазаламайды, Құдай да жазаламайды. Сондықтан адамның жалған дінге сенуі маңызды емес – ол үшін жазаланбайды.

Мен молдаға қарсы шығып: адам өмірін ұйқыдағы адамның бейсаналық күйімен салыстыруға болмайды. Адам өмірінің мәні – оның саналы және еркін болуында. Адам туа біткен ар-ұят сезімі арқылы жақсылық пен жамандықты ажырата алады, әрбір әрекеті үшін алдымен ар-ұжданы алдында жауап береді. Жаман әрекеттің себебі – білместік емес, адамның бұзылған табиғаты. Адам – бейсана машина емес, ақыл-ойы бар, еркін тіршілік иесі, өз әрекеті үшін жауапты. Адам өмірін ұйқымен, оның әрекетін ұйқыдағы қозғалыспен салыстыру – адамды адамдық қадір-қасиетінен айыру, оны машина деңгейіне түсіру.

Мүмкін бұл көзқарас исламдағы Құдай туралы түсінікпен — әлемдегі жалғыз әрекет етуші күш, жақсылық пен жамандықтың жалғыз себепкері, адамның әрбір әрекеті мен ақыреттегі тағдыры Құдай тарапынан алдын ала белгіленген деген ұғыммен сәйкес келетін шығар. Бірақ христиан діні адамның моральдық әрекеті туралы мүлде басқаша үйретеді. Мен оған жердегі өміріміз – болашақ өмірге дайындық екенін, ақыреттегі тағдырымыз осы өмірге байланысты екенін егжей-тегжейлі түсіндірдім. Сондықтан әрбір әрекетіміз мұқият ойлас­тырылуы керек, адамның ұстанатын діні де терең зерттелуге тиіс. Егер оның айтқанындай ойласақ, онда адам жасаған кез келген жаман әрекет, қылмыс пен зорлық – ешқандай айыптауға немесе жазаға лайық болмайды.

Ибрагим менің айтқанымды жақсы түсінді, бірақ өз теориясынан бас тартқысы келмеді. Мен христиандық көзқарасты түсіндіре отырып, ислам ілімінің адам­гер­шілік сезім мен ақылға қайшы келетін тұстарын атап өттім. Сонда Ибрагим исламды қорғағысы келмейтінін айтты. Ол былай деді: Мен – шынайы мұсылманмын, бірақ сіз ойлағандай емеспін. Ислам үйрететін көп нәрсені мойындамаймын. Құран қатты бұрмаланған, онда шындық пен жалған­ды ажырату қиын. Мұхаммед пайғамбар ешқашан қасиетті соғыс туралы үйреткен емес, ол әрдайым ғылыммен айналысуды қолдаған, барлық адамға махаббатпен қарауды насихаттаған.

Діни төзімсіздік – кейінгі молдалардың, әсіресе түріктердің, өз билігін сақтау үшін ойлап тапқан нәрсесі және татарлар – орыс билігіне бодан болып, одан құтылу арманынан туған. Қазан медреселері – мұсылман еместерге деген өшпенділікті насихаттайтын басты орталық. Түркияда, Арабияда, Парсыда — Қазандағыдай фанатизмді насихаттамайды. Қазіргі кезде ислам ілімі ең қатты бұрмаланып жатқан жер – Қазан.

Орыстар исламды жеткілікті білмейді, оның тереңдігін түсінбеген. Көпшілігі исламды аудармалар арқылы оқиды, ал барлық аударма, соның ішінде Г.Саблуковтікі – өте қате. Мен, – дейді Ибрагим, – Мұхаммед пайғамбар қалдырған ислам дінінің шынайы нұсқасын қалпына келтірумен айналысып жүрмін. Мен өлгеннен кейін мұсылмандар еңбектерімді оқиды, мүмкін менің ісімді жалғастыратындар табылар.

Мен Ибрагимнің үйінде түнедім. Көп­теген мәселені талқыладық. Ол өте көп оқыған, тіпті философтарды да оқыған, бұл білімін де жасырған жоқ. Мысалы, граф Лев Толстой туралы үлкен мақтау­мен айтты, оны ислам туралы көзқарасты бөлісетін адам деп санайды. Әкей Иоанн Кронштадтский туралы «біздің әкей Иоанн» деп атайды. Христиан діні туралы өте ұстамды сөйлейді. Ал исламда көп нәр­сені сынға алады. Семейлік молдаларды – білімсіздік пен фанатизм үшін айыптайды.

Келесі күні Ибрагимнің үйінен шығып, тағы бес ауылға бардым. 12 қыркүйекте аман-есен үйге оралдым.

Миссионер, священник Леонид Покровский».

Мінеки, екі тұлға диалогымен танысуға мүмкіндік алдыңыздар. Аударма сапалы. Салыстыра оқығысы келетін оқырман үшін түпнұсқаны – Покровский жазбасының соңғы бетін де келтіре кетейік.

Сурет: Автордың жеке мұрағатынан алынды.

Сонымен, екі тұлға арасында терең әңгіме, оны ғылыми диалог десек те орынды, болғанының куәсіміз.  Түсініктемеге сұранып тұрған жәйттер де  баршылық. Леонид «молда» деп отырған Ибрагим нені бүгіп қалды, нені діттеді? Алдымен осыған назар аударайық.

Ибрагим дін туралы пікірталасқа бірден-ақ кіріседі. Бірақ түзу дін мынау деп нақты дәлел келтірмеген, ешбірін қорғаштамаған. Қонақтың назарын: «Адам өмірі ұйқыға ұқсайды, яғни өзі емес, тағдыры билейді» деген идеяға аударған (бұл пікірге: «Апырай, Абай бұлай демесе керек еді» деп таңданып қаласыз). Сөйтіп, «Діннің асылы ислам ба, әлде христиандық па?» деген қабырғадан қойылған сұраққа Ибрагим: «Оған менің толыққанды жауабым бар» дейді, бірақ әңгімені мүлдем басқа арнаға бұрады. Бұл жұмбақтың сыры неде? Үй иесіне алдындағы қонақтың кім екенін біліп алу керек болған.  «Әр адамды өз сенімінде қалдырған дұрыс емес пе?» деуі, онан соң «Адам өмірі ұйқыға ұқсайды» идеясына бұруы осымен өз түсінігін табады деген ойдамыз.

Шындығында, Ибрагим фатализмнен аулақ, яғни Абай ешқашанда «адам баласы еріксіз, оны тағдыры билейді» демеген. Керісінше, бұлай деу: «Айыпты Құдайға артып, өзіңді ақтап алу болмақ» деп ескертеді. Ғұламаның насихатын «Тағдырың өз қолыңда, ақылың мен қайратыңа сүйен!» деген идея көктей өтеді. Мәселен: «Әуелі Құдайға сыйынып, екінші өз қайратыңа сүйеніп, еңбегіңді сау» (4-сөз), сондай-ақ: «Ауруды жаратқан Құдай, ауыртқан Құдай емес, байлықты, кедейлікті жаратқан Құдай, бай қылған, кедей қылған Құдай емес» (28-сөз) дейді.

Сөйтіп, Ибрагимнің бастапқы сөз саптасы көп жайды аңғартады. Онан, сірә да, поп Леонидтің тамырын басып, дін өкілі ме, әлде басқа ма деп, танып-білу көзделген деген тұжырым туады. Яғни сақтықтың шарасы. Алдында жай қонақ емес, жеңген елдің ресми өкілі отыр, ол священник пе, әлде тыңшы-агент пе беймәлім. Албаты сөйлеп «күйіп» кетуің бек мүмкін (әсілі, алдымен қонақты  сөйлетіп, тексеріп алу, ол үшін әңгімені бұра тартып отыру – Шығыстық мәнер, оның көне дәстүрі).

Назар аударуға тұратын келесі жәйт: сұхбат құрған екі тұлғаның білім деңгейі, сондай-ақ, ой-таным тереңдігі екі түрлі.  Леонид алыстан орағытып, христиан діні арқасында ғылым мен мәдениет өркен жайды, мейірімділік бұлағы ақты дейді. Ал ислам жайында ол соғысқа шақыратын, өшпенділікке үндейтін дін, сондықтан онан бас тартқан жөн дегенге саятын «теориясын» дәлелдеп бағады: «Так как раскрывая христианский взгляд на земную жизнь человека, я постоянно касался учения магометанского и указывал его противоречие нравственному чувству человека и здравому смыслу» дейді. Осы пайымынан оның ислам ілімінен хабарсыздығы, жалпы діни білімі таяздау екендігі аңдалса керек (Құдай бір, демек, әлемдік діндер мақсаты да бір: адамзатты бір бауыр қылмақтық. Бұл әлімсақтан аян, ғұламалар бір ауыздан бекітетін ақиқат).

Ибрагим христиан діні туралы өте ұстамды сөйлеген. Христиан әлемі  зеңбірегін сүйретіп жер-жаһанды отарлап, халықтарды қан қақсатты. Әділет пен мейірімді аяқ асты етті. Демек, Библия (Інжіл) өзегі бұрмаланды. Осыны жақсы біліп отырса да үй иесі бөтен дінді сынаудан аулақ, оның себебін жоғарыда айттық. Бірақ, Леонид: «Ибрагим исламды қорғағысы келмейтінін айтты» демекші, исламда көп нәрсені сынға алған.  Мәселен, мұсылман оқымыстылары Құранның тәулиіне жете алмады. Иманның тазалығын жақсы ұқтыра алмады. Тарихта орын алған бөліністер соның салдары. Ибрагимнің: «Құран қатты бұрмаланған» дейтіні сол.

Осы заманғы діни төзімсіздік, діннен дұспандық қару жасау қайдан? Оған берген жауабында: «Діни төзімсіздік – кейінгі молдалардың, әсіресе түріктердің, өз билігін сақтау үшін ойлап тапқан нәрсесі және татарлар – орыс билігіне бодан болып, одан құтылу арманынан туған» деп Ибрагим ондыққа дөп тигізеді. Сондықтан: «Қазіргі кезде ислам ілімі ең қатты бұрмаланып жатқан жер – Қазан» дейді. Айта берсек, астар көп. Қыр қазағы Ибрагимнің телегей теңіз білімі Леонидті: «Как видно, он очень много читал, читал даже философов» дегізіп, таңдай қақтырады.

Сонымен, Ибрагимнің анық ғұлама екендігіне көз жеткіздік. Оған мына дін жақсы, мына дін нашар деген дау-дамай төркіні де, оның шешімі де соқырға таяқ ұстатқандай аян. Жеке адам тұра тұрсын, бүкіл ұлттың діні мен сенімін өзгерту керек деп босқа арам тер болу – Покровский сияқты қарапайым дін ұстаздарының сыбағасы. Міне, екі тұлғаның ойлау деңгейі, білім тереңдігі екі басқа деуіміздің жауабы осы арада.

Молда Ибрагим Колымбаев – Абай ма?

Леонидтің естелік жазбасында: «Большинство изучает магометанство по переводам, и все переводы, в том числе и Г. Саблукова, весьма не правильны. Я, говорил, Ибрагим, работаю над восстановлением истинной религии магометанской в том виде, в каком дал ее Магомет» деген сияқты құнды деректер көп. Білім деңгейі мұндай кісің кәне, Абайдан өзге ойда да, қырда да жоқ. Тағы Ибрагим: «Магомет, между прочим, никогда не учил о священной войне, он всегда поощрял занятия наукой, проповедывал любовь ко всем людям» дейді. Яғни «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» отыр. Абайдан басқа осынау алтын қағиданы айтқан данышпаның қайсы?! Хакімнің: «Мен ислам дінінің шынайы нұсқасын қалпына келтірумен айналысып жүрмін» дегеніне қараңыз! Соның нәтижесі – «Толық адам», «Үш сүю» ілімдері емес пе.

Сөйтіп, Ибрагим деген кісі – Абай! Бұл – талассыз ақиқат.

Абаймен бір тәулік жүздескен миссионер: «У Ибрагима я ночевал. Много поднимали с ним различных вопросов. ...О христианстве говорить весьма сдержанно. Но в магометанстве очень много осуждает. Осуждает и Семипалатинских мулл за малообразованность и фанатизм» деп келеді де, жазбасы соңын: «Выехали на другой день от Ибрагима, я побывал еще в пяти аулах и 12 сентября благополучно возвратился домой» деп сабақтапты. Саят Баймұратұлы тапқан құнды жазбаға жасаған шолуымыз осымен тәмам.

Түсініктемелер

Осыдан 129 жыл бұрын қағаз бетіне түскен Покровский жазбасы мұқият зерттелсе игі. Әзірге бірер дәлсіздікке тоқталайын. Өкініштісі, Абайдың қонысы аталмаған. Жидебай ма, әлде Ақшоқы ма? Ақшоқы қисындырақ болып көрінеді маған. Себебі, миссионердің сапары Семейтау, Шаған, Бұғылы, онан соң Шыңғыс болысы деген маршрутпен өткен ғой. Енді автор Абай ауылына 5 қыркүйекте ат басын тіредім деген нақты датаға назар аударайық. Бұл тобықты елі жаз жайлаудан күзеуге, яғни Бауырға оралатын шақ. Әрхам Ысқақов ақсақал: «Тобықты елі май айының он-он бесінде Жонға, жайлауға көшеміз деп әбігер болып жатады. ...Үш ай жайлаудан соң Бауырға қайта көшеді. Бұл Бауырда бос су, аққан бұлақ жоққа есеп. Сондықтан үдере көшуге салады. Үдере көшу деген ерте салқында малын сулатып, сарықтатып, адамы шай қайнатып ішіп дамылдайды да, түстен кейін тағы көшеді. Сондай қалыппен көшкен ауылдар Қасқабұлақ деген бос сулы қонысқа келіп қонады» деп жазады.

Жидебай – Бауырдың басы, ал Ақшоқы – аяқ жағы. Сондықтан Абайдың да «ерте барсам жерімді жеп қоям деп» қыркүйектің басында Жидебайды емес, Ақшоқыны мекендеуі көкейге қонымды қисын. Семей базарына сатуға іріктелген малдың осы аумақтан айдалатынын да ескеру керек.

Жазба иесі Семейге қайтар жолында: «Я побывал еще в пяти аулах» депті. Ақшоқыдан Семейге жол екі тарап: миссионер Ақшоқыдан ең жақын тау – Көкен ішіндегі елге я болмаса қазіргі күре жолға ат басын бұрды ма? Соңғының бойында Ысқақтың, Мағауияның, Әуез қожаның қоныстары, сондай-ақ, Күшікбай етегіндегі қоныс пен Балтатарақ ауылы орналасқаны баршаға аян. Бір анығы, ісіне тиянақты, оны асықпай тындыратын миссионер Семей бағытындағы бес ауылдың әрбіріне түнеп, 12 қыркүйекте қалаға жетеді.

Енді жазбада неліктен «Абай Құнанбаев» емес, «Ибрагим Колумбаев» делінген деген сұраққа жауап берудің кезегі келді. Бұл дәлсіздік Джорд Кеннанның «Конобай» деп жазғанын еске салады. Екі автор да естіп қалуы бойынша жазған, бұл шүбәсіз нәрсе. Ол күнде қазақтар Абайды көбіне-көп «Ыбырай» (жазылуы – Ибрагим) деп азан атымен атағаны тағы бар.

Жер-су атауына қатысты дәлсіздіктер қайсы? Облыс орталығы – Семейге ең жақын тұрған тау бар, оны халқымыз әлімсақтан «Семейтау» дейді.  Покровский жазбасында «Семитав» делінген, сондықтан Саят мырза оны «Жетітау» деп қате қазақшалаған екен. Көкен болысын Леонид «Кокольская волость» деп жазған. Сол себепті Сакеңде «Көккөл» деп жаңсақ аударылған екен.

Архивтік деректің құндылығы неде?

Бұған дейін Абайға қатысты екі жазба деректі ғана білетінбіз: 1885 жылы Семей қаласына келген американдық жазушы Джорд Кеннанның «Сибирь и ссылка» атты кітабы және «Сенатқа хат» деген Абайдың өз жазбасы. Міне, енді үшінші жазба дерек қосылып отыр, ағайын.

Семейлік священник Покровскийдің жазбасы Абай – миссионерлік белсенді қозғалысқа тосқауыл қоя білген, дініміз исламды қорғап қалған тұлғаның бірі екеніне айғақ. Құндылығы мұнан да жоғарырақ нәрсе бар. 1895-1896 жж. беріде «Я работаю восстановлением истинной религии» деп өзі айтқандай,  Абай хакімдік шыңға шықты: адамның және Алланың болмысын терең зерттеп-зерделеді. Оған пәлсапалық өлеңдері, әсіресе, «Тасдиқ» трактаты (қазіргіше 38-ші қарасөз) дәлел. Осылай тұжырып-ақ жүрміз. Бірақ оны бекіте түсуге архивтік дерек жағы жетіспеді (мәселен, 1898 жылы Абай мен миссионер Сергий сұхбат құрғанын білеміз, бірақ ол ауызша әңгіме болған соң, ғылыми айналымға енбеді). Мінеки, сол олқылықтың орны толды, халайық!

Айта өтер тағы бір тың мәлімет: Семей шаһарында Абай мен священник Никольский арасында болған діни айтыс жайлы алғаш құлақтанып отырмыз.

Сонымен, Адам Ата нәсілінен әлі ешкімнің тісі батпаған әлемдік руханият түйткілдері бар. Олар: Алланы тану, толық адам, үш сүю ілімдері. Дана Абай оларға қай кезден, қандай жағдайда кіріскен еді? Яғни жаһандық тұлға – хакім сатысына көтерілгені анық 1895-96 жылдар ма? Міне, жаңадан табылған деректің айырықша құндылығы – осы сауалдардың нақтылы жауабын беруінде дегіміз келеді.

Асан Омаров,

Абайтанушы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Профилактика бытового насилия

Алмаз Ещанов 944
Қауіп еткеннен айтамын

Жау жоқ деме – жар астында...

Қуат Қайранбаев 10198