Дүйсенбі, 10 Қараша 2025
Жаңалықтар 10300 0 пікір 18 Қазан, 2025 сағат 20:03

Жетісудағы жәрмеңке: 137 тонна жаңа өнім қолжетімді бағамен сатылды

Суретті түсірген Дмитрий Ерофеев.

Республика күні қарсаңында Жетісу облысында өңірдің 8 ауданы мен 2 қаласының ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің қатысуымен жәрмеңке өтті, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Облыс орталығы Талдықорған қаласында өткен жәрмеңкеге облыс әкімінің бірінші орынбасары Әлібек Жақанбаев қатысты.

Суретті түсірген Дмитрий Ерофеев.

Талдықорған тұрғындары мен қала қонақтары жәрмеңкеде ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінен тікелей қолжетімді бағада балғын әрі сапалы өнімдерді сатып алуға мүмкіндік алды.

Жәрмеңкеде жалпы көлемі шамамен 137 тонна болатын 54 түрлі өнім ұсынылды. Атап айтқанда, 19,1 тонна көкөніс, 12,1 тонна ет, 3,5 тонна балық, 1,4 тонна сүт өнімдері, 20,4 тонна картоп, 7,7 тонна жеміс-жидек, 4 тонна қант, 0,8 тонна бал және шамамен 72 тонна басқа да түрлі өнімдер саудаланды.

Суретті түсірген Дмитрий Ерофеев.

Сатушылар мен келушілер жәрмеңкенің қос тарапқа да тиімді екенін жеткізді.

– Бізде тауық етінен жасалған өнімнің түр-түрі бар, сонымен қатар жұмыртқаның бірнеше сортын ұсындық. Жәрмеңкеге 100 кг тауық еті, 50 кг балапан еті және қосымша субөнімдер алып келдік. Өнімдерімізге деген сұраныс жоғары, бұл өнімнің сапалылығы мен бағасының қолжетімді болғанының арқасында деп ойлаймын. Мысалы, бір дана жұмыртқаның бағасы 25 теңге мен 55 теңгенің аралығында, – дейді «Когер ЛТД» ЖШС фирмалық дүкенінің сатушысы Айгүл Сатыбалдина.

Суретті түсірген Дмитрий Ерофеев.

– Біз жәрмеңкеге 7 қойдың етін алып келдік. Мал шаруашылығымен 10 жылдан бері айналысамыз. Талдықорғандықтардың біздің өнімімізге риза болатынына сенеміз, – деді Ақсу ауданының фермері Серікбол Қайратбек.

 

– Біз өнімдердің сан түрі мен төмен бағаларына риза болдық. Бәрі де әдемі, ұқыпты қойылған, көз сүйсінеді. Ет, балық, көкөніс сатып алдық. Осындай жәрмеңкелер жиі ұйымдастырылса екен дейміз. Мереке қарсаңында халық игілігі үшін ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінің өткізілгеніне қуанамыз, – деді талдықорғандық Погореловтар отбасы.

Суретті түсірген Дмитрий Ерофеев.

Негізгі азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру және отандық өндірушілерді қолдау мақсатында Талдықорғанда ұйымдастырылған жәрмеңкеде 128,8 миллион теңгеден астам сомаға ауыл шаруашылығы өнімдерін сату жоспарланған.

Жетісу облысында «Ауыл аманаты» жобасы ауыл өміріне тың тыныс, кәсіпке жаңа серпін беріп отыр. Бұл бағдарлама бүгінде ауыл шаруашылығын дамытудың нақты құралына айналып, жергілікті халықтың тұрмыс сапасын арттыруға шынайы әсер ете бастаған. Ең бастысы – ауылдағы адам енді өз еңбегінің нақты нәтижесін көріп, үмітін үкіметке емес, өз ісіне байлап отыр.

Мемлекет тарапынан ұсынылған жеңілдетілген несиенің арқасында Жетісу өңірінің шаруалары мал және өсімдік шаруашылығын өркендетіп, ауыл экономикасының діңгегін қайта тіктеуде. 2,5 пайыздық несиемен іске қосылған жобалар бүгінде өз жемісін бере бастады: бір ауылда шағын сүт фермасы бой көтерсе, енді бірінде жылыжай кешені мен бал өндіретін кооператив жұмыс істеп тұр. Кеше ғана бес-алты сиырмен күнелткен шаруа қазір жиырма басқа дейін көбейтіп, өз өнімін нарыққа шығарып отыр. Бұл – нақты нәтиже, тірі мысал.

Бүгінде «Ауыл аманаты» жобасы Жетісу облысын республикадағы ең белсенді аймақтардың біріне айналдырды. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының дерегінше, 2025 жылдың өзінде мыңнан астам тұрғын жобаға қатысып үлгерген. Миллиардтаған теңге қаражат ауылға құйылып, ауыл экономикасы жанданып келеді. Ал бұл дегеніміз – жаңа жұмыс орындары, тұрақты табыс, ауылдан қалаға үдере көшудің азаюы.

«Ауыл аманаты» — жай несие немесе әлеуметтік бастама емес. Бұл — ауылдың өз болашағын өз қолына алуының көрінісі. Ауыл аман болса, ел аман. Ауыл еңсесін тіктесе, ұлттың іргесі бекиді. Сондықтан бұл жоба — тек экономикалық емес, рухани мағынасы бар қадам.

Бүгінгі ауыл – ертеңгі елдің айнасы. Ал Жетісудағы «Ауыл аманаты» жобасы сол айнадан жаңа үміттің, жаңа өмірдің сәулесін көрсетіп отыр.

Abai.kz

0 пікір