Сәрсенбі, 15 Шілде 2026
Анық-қанығы 463 0 пікір 14 Шілде, 2026 сағат 13:11

Жаһандық бейбітшілік һәм Қазақстан

Сурет: eurasian-research.org сайтынан алынды.

Ежелгі тарихи, мәдени, діни себептерге байланысты Таяу Шығыстың тұрақтылық жағдайы күрделі болса да бұл аймақ әр кезеңде ірі геосаяси ойыншылардың басты нысанына айналып келеді. АҚШ, Ресей (бұрынғы кеңестер одағы), Қытай бұл аймаққа әскери, ғылыми, экономикалық ресурстарын құюдан еш шаршаған емес. Соған қарамастан бұл аймақта тыныштық орнауы былай тұрсын, соңғы жылдары жағдай ушықты. Әлем назарын еріксіз өзіне аударды.

2023 жылы қазан айында ХАМАС тобы Израильге күтпеген жерден шабуыл жасап, соғыс отын қайта тұтатты. Еврей билігінің кек алу операциясы Газаны жермен жексен етіп, онмыңдаған палестиналықтардың өмірін қиды. Әлем жұртын тіксіндірді.

2024 жылы Сирияда Башар Асад режимі құлап, билік бірлескен күштердің қолына өтті.

2026 жылы 28 ақпанда АҚШ пен Израиль Иранға соғыс ашты. Аймақтағы қордаланған қақтығыс оты лап етіп, сыртқа шықты.

Таяу Шығыс мәселесі әр кезек АҚШ президенттерінің сыртқы саясаттағы басым бағыты, әрі басты бас ауруы болып келе жатқаны белгілі. Ақ үйдің бұл аймаққа ұстанған басты стратегиясы мұнайға бай елдердің халқын демократия, кісілік құқық сияқты американдық құндылықтармен шырғалау, ал басшыларын қаржылық, әскери қолдау арқылы бопсалау арқылы өзінің саяси мақсатына қол жеткізу болып келе жатқаны көпке мәлім. Ақ үймен одақтасқан елдер АҚШ инвестициясы мен технологиясына ие болып бақуатты өмір сүрсе, қарсы болғандары әр кезеңде ішкі дүрбелеңге, экономикалық санкцияға ұрынуда.

Таяу Шығыс мәселесі 2017 жылы күтпеген жерден Ақ үйге келген Дональд Трамптың да бас ауруына айналғаны анық. Ол 2020 жылы Израиль мен аймақтағы өзге елдердің қарым-қатынасын жақсарту үшін «Ибраһим келісімін» ұсынды. 2025 жылы Ақ үйге қайта оралғаннан кейін Трамп ол келісімді қайта көтерді. Себебі Газадағы жағдайға байланысты Израильдың аймақтағы елдермен ғана емес, өзге елдермен қатынасы ушығып кеткен еді. Трамптың бастамасы геосаяси мүдде тұрғысынан Қазақстанға да тиімді еді. Сол себепті президент Тоқаев 2025 жылы 7 қарашада АҚШ сапары кезінде біздің еліміздің де «Ибраһим келісіміне» қосылғанын мәлімдеді.

Соңғы уақытта Таяу Шығысты айтпағанда жаһанда қақтығыс көбейді. Ресей мен Украина соғысы бесінші жылға аяқ басты. Әлем елдері БҰҰ қауіпсіздік кеңесінің әлеуетіне күмән келтіре бастады. Қазақстан тарабы да көптен бері БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне реформа керек екенін айтумен келеді.

АҚШ президенті Трамп ұсынған «Бейбітшілік кеңесін» кей саясаткерлердің «БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне балама» деуінде де осындай негіз жатқаны анық. Президент Тоқаевтың алғашқы елдердің қатарында аталмыш бастамаға кіруі де соны аңғартады.

Қазақстан билігі тәуелсіздік алғалы бері көпвекторлы саясат ұстанып қақтығыстарды бейбіт келіссөздер арқылы шешуді, әлемде тыныштық орнауын дәріптеп келеді. Жаһандық бейбітшілік миссияларға белсенді қатысып, әлем елдері арасындағы беделін жоғары көтерумен келеді. Уақыттың өзі ондай саяси ұстанымның дұрыс екенін дәлелдеді.

Қазақстан қосылған соңғы екі келісімнің орыны бөлек. Себебі бұл екі келісім де аймақтық, аумақтық деңгейден жаһандық көлемді шарпып отыр. Қазақстанның аймақтық тұрғыдан ТМД-ға, ҮҚШҰ-на, ШЫҰ-на мүше екенін білеміз. Ал соңғы екі келісім Қазақстанның аймақтық шеңберден шығып, жаһандық геосаясатқа шыққанын, бір сөзбен айтқанда Орта держава орынын нықтай түскенін көрсетеді.

Abai.kz

0 пікір