Сейсенбі, 21 Қазан 2025
Қоғам 1062 0 пікір 21 Қазан, 2025 сағат 18:54

Қазақстан мен Әзербайжан Еуразия кеңістігінің негізгі діңгегіне айналуда

Сурет: Автордың жеке мұрағатынан алынды.

Бүгін Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиевтің Қазақстанға мемлекеттік сапары өтті. Бұл сапар екі ел арасындағы өзара сенім мен стратегиялық серіктестікті жаңа деңгейге көтерді. Кездесу барысында тараптар экономикалық, көлік-логистика, цифрландыру, отын-энергетика кешені, сондай-ақ мәдени-гуманитралық салалардағы ынтымақтастық мәселелерін қарастырды.

Аталған сапардың маңыздылығы туралы әзербайжандық саясаттанушы Фархат Мамедов өз пікірімен бөлісті.

– Фархат мырза, бұл сапардың мәртебесі мен маңызы туралы айтып өтсеңіз.

– Ең алдымен, бұл – мемлекеттік сапар екенін атап өткен жөн. Сапарлардың жіктелуінде бұл – ең жоғары деңгей. Мемлекет басшыларының сапарлары дәстүрлі түрде екі жылда бір рет өзара мемлекеттік сипатта өткізіледі. Әдетте осындай мемлекеттік сапарлар аясында қол қоюға арналған құжаттар дайындалады және ауқымды жобалар келісімге келеді. Яғни дәл осындай сапарлар барысында маңызды келісімдер үйлестіріліп, бекітіледі. Сондықтан бұл жолы да екіжақты маңызды құжаттарға қол қойылды.

Сапар кезінде Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы ынтымақтастықты кеңейтіп, тереңдетуге бағытталған экономикалық, гуманитарлық, әлеуметтік-экономикалық және қауіпсіздік салалары бойынша да жаңа келісімдерге қол қойылды.

– Мемлекеттік сапар аясында нақты қандай нәтижелерге қол жеткізілді деп ойлайсыз?

– Ең алдымен, бұл сапар аясында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиевтің төрағалығымен Қазақстан мен Әзербайжанның Жоғары мемлекетаралық кеңесінің екінші отырысы өтті. Онда ынтымақтастықтың барлық салалары талқыланды. Салаға жауапты мемлекеттік құрылымдар атқарылған жұмыстар туралы есеп беріп, алдағы жоспарлар жөнінде баяндама жасады. Бұл өте маңызды жиын, себебі мемлекет басшылары осы есептерді тыңдап, тиісті тапсырмалар берді.

Соңғы үш жылда Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы тауар айналымы үнемі өсіп келеді. Қазір ол шамамен жарты миллиард долларға жетті, бірақ бұл көрсеткішті арттыруға зор әлеует бар. Сонымен қатар бірқатар мәселелер бар, оларды келісіп шешу қажет, ең алдымен бұл – Каспий теңізінің тартылуы. Каспий жағалауында бес мемлекет бар, соның екеуі – Қазақстан мен Әзербайжан – бұл мәселе бойынша ұқсас ұстанымға ие. Екі елдің президенттері де бұл проблеманы БҰҰ Бас Ассамблеясындағы сөздерінде атап өткен болатын.

– Трансөңірлік жобалар, соның ішінде Транскаспий дәлізі мен жасыл энергия бағытындағы бастамалар туралы не айтар едіңіз?

– Соңғы жылдары дәл осы бағыттар стратегиялық маңызға ие болды. Қазақстан, Әзербайжан және Өзбекстан Каспий теңізінің түбімен жасыл энергияны экспорттау және тиісті кабель төсеу туралы меморандумдарға қол қойды. Бұл жобалар іс жүзінде басталып кеткен және келесі жылдың соңына дейін аяқталуы тиіс.

Жүк тасымалы көлемін арттыру да Транскаспий бағыты бойынша жоспарланған жобаларды жүзеге асырудың басты бөлігі болып отыр. Мұндай бастамалар тек экономикалық емес, экологиялық және технологиялық тұрғыдан да маңызды.

– Қазіргі геосаяси жағдай тұрғысынан бұл сапардың өзектілігі неде?

– Қазақстан  мен Әзербайжан – Еуразия құрлығының дәл жүрегінде орналасқан. Соңғы жылдары геосаяси ахуал осылайша қалыптасып отыр: дәстүрлі көлік және коммуникациялық бағыттардың көпшілігі бүгінде санкцияланған аумақтар арқылы өтеді. Яғни бұрынғы теміржол және автокөлік бағыттары қазір санкция салынған елдердің аумағын кесіп өтеді.

Бұған қоса, Еуропалық одақ пен Ресей Федерациясы арасындағы қатынастарда орта мерзімді трендтер қалыптасып отыр. Бұл трендтер Еуропалық одақтың Ресеймен қатынастарды қалпына келтіруді жоспарламайтынын көрсетеді. Қолданыстағы санкциялар шамамен 15–20 жыл бойы сақталуы мүмкін.

Сол сияқты, Орталық Азия өңірінің оңтүстігіндегі көршілер – Иран мен Ауғанстан да санкцияланған мемлекеттер қатарына кіреді. Осылайша, қазіргі геосаяси жағдай Азия құрлығының, соның ішінде Қытай мен Еуропалық одақ арасындағы құрлықтық қатынастарда басқа баламалы бағыт қалдырмай отыр.

Сондықтан бүгінгі таңда Еуропалық одақ та, Қытай да біздің елдер арқылы өтетін көлік және коммуникациялық бағыттарға мүдделілік танытып отыр.

– Қазақстанның сыртқы саясатын жалпы қалай бағалайсыз?

– Жалпы, Қасым-Жомарт Кемелұлы басқарып отырған Қазақстанның сыртқы саясаты тиімді сыртқы саясаттың негізгі қағидаттарына толық сәйкес келеді.

Біріншіден, Қазақстан өзін халықаралық аренада жауапкершілігі жоғары серіктес ретінде танытып, диалог алаңының рөлін атқарып отыр.

Екіншіден, бұл – Қазақстанның болжамдылығы. Негізінен, әлемнің барлық елдері, әсіресе көршілері, Қазақстанның ұстанымын жақсы түсінеді және оны қабылдайды.

Үшіншіден, Қасым-Жомарт Кемелұлының өзі – халықаралық ұйымдар саласында үлкен тәжірибесі бар көшбасшылардың бірі. Ол Біріккен Ұлттар Ұйымының Женева бөлімшесін басқарған және геосаясаттың қыр-сырын өте жақсы біледі.

Егер Әзербайжан мен Қазақстанға қарайтын болсақ, екі елдің де басшылары сыртқы саясатта табысты, мемлекет алдындағы негізгі міндеттерді тиімді шешіп отыр. Олар ірі геосаяси күштердің қайшылықтарының арасында теңгерім сақтай отырып, тиімді сыртқы саясат жүргізуде. Бұл өте сирек кездесетін саяси тәжірибе.

Қасым-Жомарт Тоқаев та, Ильхам Әлиев те елдерінің ұлттық мүддесін тиімді қорғап, аймақтық тұрақтылықты сақтау ісіне зор үлес қосып отыр.

Жалпы бұл сапар – Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы қатынастарды жаңа деңгейге көтерген тарихи оқиға. Тараптар тек экономикалық немесе саяси мәселелерді ғана емес, аймақтың геостратегиялық болашағын да айқындап отыр.

Қазақстан мен Әзербайжан бүгінде Еуразия кеңістігінің негізгі діңгегіне айналып келеді.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Профилактика бытового насилия

Алмаз Ещанов 1018
Қауіп еткеннен айтамын

Жау жоқ деме – жар астында...

Қуат Қайранбаев 10350