Бейсенбі, 23 Қазан 2025
Мәдениет 321 0 пікір 23 Қазан, 2025 сағат 15:15

Басты мақсат: жобаны – халықаралық білім платформасына айналдыру

 

 

Балаға тәрбие мен өнерді қатар үйретудің сан түрлі жолдары бар. Амалын тапқан адам, ұлтқа қызмет етудің түрлі формулаларын жасап алары анық. Ол үшін ең бастысы – дұрыс ниет пен табанды әрекет керек. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз –«Anshi bala karaoke» жобасының негізін қалаушы, отбасылық жұп Әділ Хәкімұлы мен Гүлнәр Орынбайқызы ұлттық музыка өнері арқылы қазаққа қызмет ету – біздің басты парызымыз дегенді алға тартады. Кейіпкерлерімізбен шағын сұқбатты назарларыңызға ұсынамыз.

 

Сурет(:https://dodanews.kz/)

Әділ мырза, жоба туралы қысқаша ақпарат бере кетсеңіз? Осындай ауқымды жобаны қолға алуға не түрткі болды? Кімнің идеясы еді?

Жұбайым Гүлнар Орынбайқызы 20 жылға жуық уақыт білім беру саласында қызмет етіп келеді. Негізгі пәні – ән сабағының оқытушысы. Алайда, ұстаздықпен қатар, қоғамдағы қазақ балаларының ұлттық келбеті, тәрбиесі мен танымына ерекше көңіл бөліп келеді. Жұбайым бала-бақша, мектеп және жеке вокал студияларда мол тәжірибе жинаған білікті маман. Бір күні, маған мерекелік концерттерде, мектеп бағдарламаларында, би сабақтарында қазақша әндердің аздығы, тіпті, кей уақыттарда таба алмайтынын айтып, ой тастады. Өз тәжірибесінде тіпті шет ел және орыс тіліндегі эстрадалық әндерді қазақшаға аударып, келсін келмесін қолдануға мәжбүр болатын. Міне, осы кездері маған терең ой келді. Неге біздің балаларымызға жоғары сапада, тағылымды тақырыптарда әндер жазбасқа. Осыны неге жүйелеп ұсынбасқа деген ой санадан шықпай қойды. Міне, соның нәтижесінде ең жақсы дүние балаларға деген керемет идея туды. Осылай басталып кетті.

– ⁠Балалардың ой-санасы, рухани менталдылығы өзгеріп тұрған аумалы-төкпелі уақытта мұндай жобалардың маңызы зор. Қазіргі бағыт қандай? Онлайн-платформа туралы айта кетсеңіз?

Негізі үлкен дүниені қолға алғанда кездесетін ортақ мәселелер болады. Әсіресе, рухани дүниелерді қолға алғанда. Сондықтан да, осы жобаны бастарда және іске асыру барысында көптеген қиындыққа тап болдық. Мұны жасырмаймыз. Біраз азаматтарға ұсыныс айтып, демеуші іздеп, тіпті, мемлекеттік мекемелерге хат жазып, мардымда жауап алмай көңіл –күйіміз түскен сәттер де кездесті.

Аллаға шүкір, жүйелі жұмыстар мен адал ниеттің арқасында жобамызға демеуші табыла кетті. Осылайша, бағымызға орай, кәсіпкер, меценат және ұлт құндылықтарымызға жанашыр азаматтар табылып осы күнде 200 ден астам ән жазылды. Тұңғыш «Anshi bala karaoke» мобилді қосымшасы жасалды. Бізді оқып отырған жанашыр қауымнан, мүмкіндігінше ел игілігі жолындағы жобамызды қолдап, тарата отырсаңыздар деген ізгі ниет бар. Мысалы, бала – бақша, мектеп, коледждерде барынша қолданса, ашық сабақтар мен түрлі концерттік шаралар бар барлық жерде осы платформаның игілігін қолданылса деген мақсатымызды жеткізгіміз келеді. Осы жобаның үлкен білім платформасына айналып ана тілін үйренуге және деңгейін жаңа биікке көтеруге арнайы ойын платформалары арқылы да қол жеткізгіміз келеді. Алдағы жылдар әндердің санын арттырып 1000 ән жаздырып қосымшадағы ән тізімін толықтырғымыз келеді. Бұл бағытта қосымша жұмыстар атқарылып жатыр.

(Сурет:https://dodanews.kz/)

– ⁠Қазіргі жобаға қатысушылар саны туралы жүйелі айтып берсеңіз?

Керемет нәтиже бар деп айтуға болады. Дәл қазіргі таңда «Anshi bala karaoke» youtube.com/@balakaraoke_kz ютуб арнасында 17 мыңға жуық қолданушыларымыз бар. Бұл тамаша көрсеткіш. Себебі, бұл аудитория – өзіміздің сегмент. Яғни, жобаның қатысушылары мен нақты қолданушылары. Әрине, мобилді қосымшамызда жазылушылыр саны әлі аздау. Жақында ғана ашылды. Бұл жұмыстарды да әрі қарай жалғастыратын боламыз. Бір қуанарлығы, бала бақша мен мектептерде  Ютюб арна арқылы ән сабақтарында ұстаздар мен оқушылар біздің әндерімізді жиі қолданып жүргенін байқаймыз. Теледидар арқылы үйлерінде ата – аналарымен бірге балалардың ән айтып жүргенін көріп жүрміз. Енді, «Anshibala» қосымшамыз жайлы көпшілік хабардар болсын деген мақсатта 15 қазаннан бастап Республикалық ән байқауын жарияладық. «Anshibala» қосымшасын жүктеп алып сайысқа қатысқан әр балаға сыйлық табыстауды жоспарлап отырмыз. Ұлттық жобамызды қолдауға ат салысайық, ағайын. Балаларды осы бастан ұлттық деңгейде тәрбиелесек, болашағымыз кемел болатыны анық.

– ⁠Бір сұқбатыңызда жобаға қызығушылық танытып жүрген танымал азаматтар бар дегенді естідік. Мысалы, шоу – бизнес өкілдері. Зиялы қауым өкілдері дегендей.

Осы жобамызбен еліміздің белгілі азаматтары мен өнер қайраткерлері танысып, ақ батасын беріп жатқаны бізді қуантады. Шабыт береді. Күш сыйлайды бізге. Түрлі деңгейде кездесулер мен келіссөздер өткізіп жатырмыз. Нәтижесі шүкір. Әсіресе, біздің ең басты – рухани капиталымыз – балалар мен ата – аналардың ризашылығы маңызды. Алдағы уақытта әлеуметтік желілерде және ақпарат кеңістігінде қолдаушыларды көре жатарсыздар деп ойлаймын. Сондықтан, алдағы уақыттары жақсы нәтижелер мен табысты шешімдер шығатынына сенемін.

– ⁠Алдағы жоспар қандай?

Алдағы жоспар – жобамыздың деңгейін жаңа сапаға көтеріп, қолданушылар санын арттыру. Сол арқылы, халықаралық білім платформасына айналдыру. Ағылшын және орыс тілді қауымға қазақ тілін қысқа уақытта және жеңіл жолменен үйреттетін құралды ұсыну. Міне, осындай ұлы мақсаттар жолында бірге болып, тілектестік танытады дегенге бек сенемін. Себебі, біздің жоба бүгінгі ағымдағы тірлік ғана емес, болашағы зор бастама!

Ән өмірінде жарық жұлдыздай сәуле шашып, айрықша ізі қалдырамын, қазақ халқының ұлттық мақтанышына айналамыз десек, өнер қайраткерлері мен рухани тұлғаларды көптеп шығаруымыз керек. Осындай игі ой әр қазақтың көкейінде болуы тиіс.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Профилактика бытового насилия

Алмаз Ещанов 1057
Қауіп еткеннен айтамын

Жау жоқ деме – жар астында...

Қуат Қайранбаев 10448