ШҚО Алтай қаласында «Табиғат тазалығы — ел болашағы» атты дөңгелек үстел өтті
Шығыс Қазақстан облысы Алтай қаласында «Табиғат тазалығы — ел болашағы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шараның ұйымдастырушысы — «Алтай ауданының Жастар ресурстық орталығы» КММ.

(Сурет:Ұйымдастырушылардан алынды)
Кездесудің мақсаты — ұлттық «Таза Қазақстан» жобасы аясында жастардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру және қоршаған ортаны қорғауға деген жауапкершілігін арттыру.
Дөңгелек үстел жұмысына білім беру мекемелерінің өкілдері, мемлекеттік органдар, қоғамдық ұйымдар мен жастар бірлестіктерінің мүшелері қатысты. Қатысушылар өңірдегі өзекті экологиялық мәселелерді талқылап, қоршаған ортаның жағдайын жақсартуға бағытталған идеялармен бөлісті, сондай-ақ жастарды экологиялық бастамалар мен волонтерлік жобаларға тарту жолдарын қарастырды.
Іс-шара барысында табиғатқа ұқыпты қарау құндылықтарын насихаттау және экологиялық мәдениетті қоғам арасында кеңінен дәріптеу мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Дөңгелек үстел соңында қатысушылар болашаққа қамқорлық пен жасыл ел құруға үлес қосу нышаны ретінде тұқым отырғызу акциясына қатысты.
Күтілетін нәтиже ретінде жастардың экологиялық сауаттылығын арттыру, табиғатты қорғау мәселелеріне деген саналы көзқарас қалыптастыру, сондай-ақ білім беру ұйымдары, мемлекеттік құрылымдар мен қоғамдық ұйымдар арасындағы ынтымақтастықты нығайту көзделуде.
Ұйымдастырушылар мұндай бастамалар басқа өңірлерге де үлгі болып, азаматтарды «Таза Қазақстан» бағдарламасына белсенді қатысуға ынталандырады деген сенім білдірді.
Abai.kz