Сәрсенбі, 5 Қараша 2025
Талқы 222 0 пікір 5 Қараша, 2025 сағат 13:19

Санкция: Қазақстандағы Лукойл не істемек?

Сурет: unian.net сайтынан алынды.

Теңізшевройлдағы Лукойл үлесі. Әлем қожайындары BlackRock пен Vanguard қазақ халқына шанс бере ме?

Санкцияға ұшыраған Ресейдің Лукойл компаниясы сыртқы нарықтардағы активтерін сатуға ниетті. Қазақстанның басты мұнай активі Теңіз кенішін игеретін Теңізшевройл бірлескен кәсіпорынының 5 пайыз үлесі осы Лукойлдың иелігінде. Сонда қазір Шевронда 50 пайыз, ЭксонМобилде 25 пайыз, Қазмұнайгаз арқылы Қазақстанда 20 пайыз және Лукойлда 5 пайыз болып тұр. Қазақстан Лукойлдың үлесін сатып алып, ТШО-да тек үш акционер қалдыра алады. ТШО-ның жартысын Шеврон, қалған жартысын Эксон мен Қазақстан тең бөлетіндей жағдайға мүмкіндік жоқ емес.

Лукойлдың 5 пайыз үлесі қанша тұруы мүмкін? Ол үшін жалпы ТШО қанша тұрады деген сұраққа жауап іздеу керек. Қазір бірлескен кәсіпорынның активтері 45,4 миллиард доллар шамасында. Міндеттемесі көп емес. Ол 10,2 миллиард доллар. Компанияның жеке капиталы 35,2 миллиард доллар. Оның 35,16 миллиарды үлестірілмеген кіріс. Бір сөзбен айитқанда, қосымша гудвилы мен болашақ капитализациясын есептемесек ТШО кемінде 35,2 миллиард доллар тұрады. Демек, Лукойлдың 5 пайыздық үлесі 1,76 миллиард доллар. Санкция жағдайында Лукойлды 1,3 миллиард долларға «сындыра» алсақ бұл біз үшін өте тиімді сауда болар еді. Ұлттық Қордан ала тұрсақ та, 1,3 миллиард долларды табуға болады.

Былтыр ТШО 2,1 миллиард доллар ғана таза кіріс алды. Өткен жылдармен салыстырғанда бұл біршама аз болды. Ондағы кірістен Лукойлдың еншісі 105 миллион доллар. Осындай пессимистік сценариймен есептесек, Қазақстан үлесті сатып алуға кеткен шығынын 10 жылда қайтарып алады. Бірақ мұнай бағасы өсіп кетсе, онда 4-6 жылдың ішінде ақтауға болады. Бұл енді болашақ жағдайдың қалай құбыларына байланысты. Сосын тағы бір мәселе. 35,16 миллиард доллар үлестірілмеген кірістің 1,75 миллиард доллары Лукойлдың ақшасы. Оны ресейліктер үлесін сатар алдында ТШО-дан шығарып ала ма? Егер шығарып алса, компания құны тиісінше сол 1,75 миллиард долларға төмендеуі тиіс.

Ресейдің патша кезінен бері басталған қазақ мұнайындағы дәуірі біткен сияқты. Енді әлемнің нағыз қожайындары, қарапайым жандар білмеген және естімеген BlackRock пен Vanguard сынды акулалардың заманы келді. Осы екі инвестициялық қор тікелей және сателлиттері арқылы бір-бірімен жаһандық бәсекелестік спектаклін ойнап жүрген Chevron мен ExxonMobil компанияларының негізгі акционерлері. Сондықтан қазақ мұнайының 70 пайыздан астамы осы BlackRock пен Vanguard қолында екенін ұмытпаңыздар. Және бір қызығы, олар пайда тауып жатқан территорияда ешқашан да соғыс болмайды.

Кока-кола пепси, жарнамасы дерзкий. Бір-бірімен өмірі бәсекелес болып келе жатқан The Coca-Cola Compаny мен Pepsi Co алпауыттарының да негізгі қожайындары осы BlackRock пен Vanguard. Сондықтан бәсеке деген әдемі ертегі маркетингтік құрал ғана. Ал нағыз тірлік Нью-Йорктағы 10-шы авенюда, Лоренс Финк деген ағайдың қатысуымен өтетін жабық жиналыстарда шешіледі.

Айбар Олжаев

Abai.kz

0 пікір