Трамп: АҚШ Сирияны қолдау үшін бәрін жасайды
АҚШ Сирияның табысқа жетуі үшін бар күшін салады. Бұл туралы АҚШ президенті Дональд Трамп мәлімдеді.
— Біз Сирияның табысқа жетуі үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз, өйткені ол Таяу Шығыстың бір бөлігі. Бізде енді Таяу Шығыста бейбітшілік орнайды, — деді Дональд Трамп Ақ үйде журналистер сұрағына жауап бере отырып.
АҚШ президенті сириялық уақытша президент Ахмед аш-Шараамен жақсы байланыс орнатуға қол жеткізгеніне де тоқталды.
— Ол өте мықты көшбасшы. <…> Ол қатал адам. Маған ол ұнайды, мен Сирияның жаңа президентімен тіл табыса аламын, — деп атап өтті АҚШ президенті.
Трамптың пікірінше, аш-Шарааның өз елін алға жетелеп, табысқа жеткізуге шамасы келеді.
— Біз Сирияның табысты болуын қалаймыз және менің ойымша бұл көшбасшы мұнымен күресе алады <…>. Көпшілік оның өткен өмірінің аяусыз ауыртпалыққа толы болғанын айтады. Біздің бәріміздің кезінде көрген күніміз оңай болған жоқ, — деп қосты Трамп.
Abai.kz