Бейсенбі, 18 Маусым 2026
560 0 пікір 17 Маусым, 2026 сағат 19:35

Алматыдағы волонтерлік қозғалыс: мейірім мен жауапкершіліктің мектебі

Сурет: baq.kz сайтынан алынды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Волонтер жылының жабылу рәсімінде сөйлеген сөзінде еріктілік қызметтің қоғамдағы маңызын ерекше атап өткен еді. Президенттің айтуынша, Еріктілер жылы жастардың бойындағы ең асыл қасиеттерді дәріптеп, жанашырлыққа, жауапкершілік пен қамқорлыққа үндеген ерекше кезең болды. Бұл идеялар бүгінде еліміздің барлық өңірлерінде, әсіресе Алматы қаласында нақты істер арқылы жалғасып келеді.
Алматы – жастар көп шоғырланған, қоғамдық белсенділік жоғары мегаполистердің бірі. Соңғы жылдары қалада волонтерлік қозғалыс жаңа деңгейге көтеріліп, мыңдаған жас әлеуметтік, экологиялық және қайырымдылық жобаларына атсалысуда. Қаладағы еріктілер қарттар үйлеріне көмек көрсетіп, аз қамтылған отбасыларға қолдау білдіріп қана қоймай, түрлі қоғамдық шаралардың ұйымдастырылуына да белсенді қатысып келеді.
Президент өз сөзінде: «Біз мұқтаж жандарға қол ұшын беріп, түрлі қиындықтармен бірге күрестік. Осылайша, адамгершілік құндылықтарды жоғары бағалайтын қоғам екенімізді таныттық», – деген болатын. Бұл сөздердің шынайы көрінісін пандемия кезеңінде Алматы еріктілерінің қызметінен анық байқауға болады. Індет кезінде жүздеген волонтер дәрі-дәрмек пен азық-түлік жеткізіп, жалғызбасты қарттар мен әлеуметтік осал топтарға көмек көрсетті. Олар қоғамдағы өзара қолдау мен бірліктің маңызды екенін дәлелдеді.
Алматы қаласының белсенді еріктілерінің бірі Талғат Кәріпбайдың айтуынша, волонтерлік қызмет адамның өмірге деген көзқарасын өзгертеді.
– Волонтер болу – тек көмек көрсету ғана емес. Бұл – қоғамның бір бөлшегі ретінде өз жауапкершілігіңді сезіну. Біз түрлі акциялар барысында жалғызбасты қарияларға, көпбалалы отбасыларға және ерекше күтімді қажет ететін жандарға қолдау көрсетеміз. Осындай жұмыстарға қатысқан сайын адамдардың алғысын көріп, еңбегіңнің нәтижесін сезінесің. Ең бастысы, еріктілік жастарды мейірімділікке, төзімділікке және азаматтық белсенділікке тәрбиелейді, – дейді ол.
Бүгінде Алматыда жастар ұйымдары, жоғары оқу орындары және қоғамдық қорлар бірлесіп жүзеге асырып жатқан көптеген еріктілік жобалар бар. Қаланы көгалдандыру, өзен-көлдерді тазалау, ағаш отырғызу, ерекше қажеттілігі бар азаматтарға қолдау көрсету сияқты бастамалар жастардың азаматтық жауапкершілігін арттыруға ықпал етуде.
Волонтерлік қызметтің тағы бір маңызды қыры – оның тәрбиелік мәні. Еріктілікпен айналысқан жас өз уақытын тиімді пайдалануды, адамдармен қарым-қатынас жасауды, көшбасшылық қасиеттерді дамытуды үйренеді. Сонымен қатар, қоғам алдындағы жауапкершілікті сезініп, өзгелердің мәселесіне бейжай қарамауға дағдыланады.
«Әлемді жайлаған індет қайырым мен мейірімнің қаншалықты маңызды екенін анық көрсетті», – деген Президент сөзі бүгін де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Алматы жастары жүзеге асырып жатқан игі бастамалар қоғамдағы мейірім мен жанашырлық мәдениетін нығайтуға қызмет етіп келеді.
Еріктілік – тек тегін еңбек емес, ол азаматтық ұстанымның көрінісі. Алматыдағы волонтерлік қозғалыс осы ұстанымның нақты дәлелі болып отыр. Қоғам игілігі үшін атқарылып жатқан жұмыстар жастардың белсенділігі мен ел болашағына деген жауапкершілігін айқын көрсетеді. Сондықтан волонтерлік мәдениетті дамыту – қайырымды әрі біртұтас қоғам қалыптастырудың маңызды тетіктерінің бірі болып қала береді.

Abai.kz

0 пікір