Жұма, 19 Маусым 2026
46 - сөз 864 0 пікір 17 Маусым, 2026 сағат 13:28

Абай – бүкіл адамзаттың ұстазы!

Сурет: abai.kz сайтынан алынды.

Абайда қолжазба кітап екеу: алдыңғысы – қалың елі қазағына арналған, ұлтының мінездері туралы «Ғақлия» кітабы (1891-1897 ж.ж.), екіншісі – берісі мұсылман, әрісі бүкіл адамзатқа жөн-жоба сілтеген «Тасдиқ» (1899-1901) кітабы. Соңғының толық атауы – «Ғақлиат-тасдиқат» (көшіруші молдалар оны қысқаша – «Китаб Тасдиқ» атап кетеді). Қазіргі таңда бұл ұлық туынды молда Мүрсейіт Бікіұлы 1905, 1907, 1910 жылдары көшірген үш нұсқасы бойынша сақтаулы. 

Қазіргі таңда 38-ші қарасөз делінетін «Тасдиқ» трактаты – Абайдың әлемнің Абайы екенін дәлелдейтін және қазақ ой-парасат биігін жер-жаһанға таныта алатын ұлттық брендіміз. Ол илхаммен жазылған, қазақы тілмен айтқанда, Құдай Абай құлағына сыбырлаған туынды. Оның ерте ме, кеш пе, бүкіл адамзат құндылығы ретінде мойындалары хақ! Күрделі туынды мазмұнын ашықтаудан бұрын жалпы жайлар мен кейбір термин-түсініктерге тоқталғанды жөн санадық.

«Тасдиқ» трактаты қашан, қалай жазылған?

Абайдың барлық жинақтары қарасөздердің жазылу мерзімі «1891-1898 жылдар» деп көрсетеді. Бұл – қателік. «Тасдиқтың» мерзімі бөлек, ол – 1899-1902 жылдар жазылған. Осы пайымға дәйек-деректер алайық.

1898 жыл Абай өміріне күтпеген тосын «сыйлық» әкелді. Осы жылғы аты-шулы Мұқыр сайлауында ұлы ақынға қамшы сілтен-ді. «Өлсем, орным қара жер сыз болмай ма?», «Ауру жүрек ақырын соғады жай», «Жүрегім менің – қырық жамау»  өлеңдері, міне, осы оқиға жаңғырығы. Жүрек дерті – жоғары қан қысымы (гипертония) соның ауыр салдары. Оның ойшылды өле-өлгенше мазалағаны ақиқат.

Осы айтылған сорақы оқиға Абайға Тәңірі: «Қорытынды еңбегіңді қолға ал, қапы қалма!» деп белгі бергендей әсер еткен еді. Сөйтіп, 1898 жылдың күзінде «Тасдиқ» трактатын қолға алады. Ол 1899-1902 жылдар аралығының, ойшыл оңашаланған уақыттың тамаша жемісі. Оның әулие-хакім барлық кемел ой, іргелі ілімдерін жинақтаған басты мұра екені хақ.

«Тасдиқ» қалай жазылды? Жасы елуді еңсерген Абай баянсыз тірліктен аулақтап, ғылымға бет қояды. Әсіресе, 1898 жылдан соң, ел жұмысы, сауда-саттық, дүниелік іс-шаруа бәрі-бәрі екінші мәртабада қалғаны анық. Қымбат уақытын жаны қалаған, сүйікті ісі – ой еңбегіне арнады. Ұлы ақын қолында өскен Уәсила, Әрхам сөзінше, Абайға күндіз оңашалану, әсіресе, жайлауда оңай болмаған. «Бір көрсек, сәлем берсек» деп алыстан іздеп келетін қонақтар, кей-кейде шаруасы бар адамдар, сондай-ақ, үй шаруасын істейтін әйел, еркек немесе көршілері, балалары, келіндері кіріп-шығып жатады екен. Сондықтан ойшыл көбіне түнгі уақытта пайдаланған. «Абай кей түнде ұйықтамайды, – дейді Әрхам Кәкітайұлы, – шамды сөндіріп төсекке жатып қалады да, бір сағаттай уақытта шамды қайта қайта жағып, кітап оқып отырады, не қағаз жазып отырады. ...Абай күндіз оқуға, жазуға көп көңіл бөлмейді» (Абай туралы естеліктер. –Алматы, 2018. -163-бет). Әрхам ақсақалдың бұл айтқаны – 1899-1902 жылдары Жидебай мекенінде көрген-білгендері.

Бақсақ, данышпанның жүрегі тыныш, өзін бақытты сезінетін кездері – шығармашылық шабыт уағы болған. Жазу үстінде жан ләззатына, рахаты мен қуанышына бөленген. Хакімдер туралы: «Бұлар ...адам баласының пайдасы үшін, ойын-күлкі түгіл, дүниедегі бүкіл ләззат бұларға екінші мәртабада қалып, бір ғана Хақты таппақ, әрбір нәрсенің себебін таппақпенен ләззаттанады» дегені, шүбәсіз, жеке  басының да тәжірибесі.

Қорыта айтқанда, «Тасдиқ» трактаты – аян секілді ғайыптан келген, илаһи шабытпен жазылған шығарма.  Абайды «адамзаттың Абайы» немесе «әлемдік ойдың алыбы» деуіміз тек осы шығарма арқылы ғана дәлелденбек. Міне, ұмытпай, ескеру ләзім! Енді термин-түсініктерге тоқталмақпыз.

Абай ғылымы ма, әлде Абай ілімі ме?

«Тасдиқ» кіріспесінде Абай бүй дейді: «Қашан бір бала ғылым-білімді махаббатпенен көксерлік болса, сонда ғана оның аты адам болады». Ғылым не, білім не? Ғылым деген – заттық және рухани әлемге ортақ ұғым. Құран Кәрімнің: «Ғылымға бойлағандарға сый береміз» (Ниса сүресі, 162 аят), «Ең алдымен ғалымдар Алладан қорқады» (Фатыр сүресі, 28 аят) деген секілді аяттарында осы астар бар.

Бірақ Еуропаның қайта өрлеу дәуірі ғылымға деген көзқарасты өзгертті. Мәселен, атақты неміс ойшылы И. Кант (1724-1804): «Метафизика деген – трансценттік, яғни танып-білу мүмкін емес нәрсе, оған бес сезім мүшесі дәрменсіз, демек, ғылым бола алмайды» деген байламға келеді. Осылайша «ғылым» ұғымының шеңбері тарылды. Жан сыры сырт қалып,   жаратылыс сырын тану ғана «ғылым» делінді. Біз батыс ықпалындағы елміз. Ғылым – тек материалдық әлемді танып-білу құралы деп білетініміз сондықтан.

Қайталап айтайық, шынтуайтында ғылым – дүниенің көрінген (физика) және көрінбеген (метафизика) сырын, яки ғаламды тұтас қамтитын термин. Абай: «Ғылым – Алланың бір сипаты, ол – хақиқат» деп нақты анықтама береді. Ғылымның әлеуетін: «Ғылымсыз ахирет те, дүние де жоқ. Ғылымсыз оқыған намаз, тұтқан ораза, қылған хаж, ешбір ғибадат орнына бармайды» (10-сөз) деп ұқтырған. Күллі ғалам Алланың ғылым-құдіретімен жаратылған. Адамның ғылымы оның зәрредей ғана бөлшегі. «Адамның ғылымы, білімі хақиқатқа, растыққа құмар болып, әрнәрсенің түбін, хикметін білмекке ынтықтықпенен табылады» дейді ойшыл.

Білім деген не? «Білім» сөзінің төркіні – білу, оқу, үйрену. Ғылым тамыры – теория, ал білім тамырын практикадан тартады. Бала ұстаздан, кітап оқудан, интернеттен, тағы басқа дерек көздерінен сусындайды, есея келе, өмір тәжірибесінен жинақтап, білгендері – бәрі-бәрі  білім. Терең ойға телміргендік немесе белгілі бір нәрсенің түбін білмекке ынтықтықпенен ғана жаңағы жиналған білім ғылым деңгейіне көтерілуі мүмкін.

Енді «ілім» ұғымына келейік. Ол ғылымға жақын туыс ұғым. Ерекшелігі – ол жеке адамдардікі, оның нақты авторы бар. Мәселен, Конфуций, Платон, Фараби, Ғазали, Яссауи, Кант, Гегель, мейлі, Ибн-Сина, Ньютон, Ұлықбек, Дарвин, Маркс дейік, баршасы да – артқыға өзіндік ілім қалдырған тұлғалар. Абай:

Қайғы шығар ілімнен,

Ыза шығар білімнен.

Қайғы мен ыза қысқан соң,

Зар шығады тілімнен (1892), –

дейді. Әуелде Шығыста, онан соң Батыста ғылым қарқын алды, оған себеп – ілімдер. Еуропа білімпаздарын көп оқыған Абай бұл жәйтке қанық. Бірақ ғылым іздеп, ілім жасап жүрген қазақ кәне, міне, ақынға қайғы – сол. Ілімнен жұрдай хәлді күнделікті өмірден де көріп-біліп отыр. «Ыза шығар білімнен» дейтіні содан. Абай ғылым сөзін сан мәрте, ал ілімді тек осы өлеңінде ғана айтқан. Неге? Себебі, ғылым төркіні – Құдай хикметі, заңы және ол – көптің ісі, мәселен, жаратылыстану ғылымдар, теология ғылымы, абайтану ғылымы дейміз. Ал ілім – жекеге тиесілі, оның ашқан заңы, қосқан өзіндік үлесі.  Ойшылдың ешбір кітапқа я ғалымға сілтеме жасамай-ақ, тек аят-хадисті ғана тірек еткен жайы сол.

Қорыта айтқанда, «Абай ғылымы» тіркесі қателік емес, алайда «Абай ілімі» деу дұрысырақ, өйткені, ғылым жалпыға, ілім жекеге қатысты термин.

Абайдың екі танымдық тәсілі

Танымдық әдіс я тәсілсіз ненің де болса, түбін білмектік қиынға соғады. Оның екеуін атап өтейік. «Екі түрлі нәрсе ғой, сыр мен сымбат» деп өзі айтқандай, Абай қай құбылысты болмасын ішкі және сыртқы жақ деген призма жөнімен қарастырған. Бұл –  дүниені жан құмары және тән құмары арқылы танып білу тәсілі. Екінші түрде оны «себеп-салдар әдісі» деуге де болады. Болмысты танып-білудің индукция және дедукция дейтін  тәсілдері бар. Дедукция – жоғарыдан төменге дейтін танымдық тәсіл. «Тасдиқ» трактаты осы айтылған әдіс, тәсілдермен жазылғанын айта отырайық.

Мақсат пен мақсұттың айырымы

Мақсат пен мақсұт бір емес, екі түрлі ұғымдар. Мақсат – өзгермелі фәни тіршілік талабынан (мансап, байлық, атақ, дәреже т.б.) туады. Мақсұт – жан тілегі мен құмарынан, оның сипаты – тұрақтылық. Әйгілі «Сегіз аяқ» өлеңінде Абай:

Қайратым мәлім,

Келмейді әлім,

Мақсұт – алыс, өмір – шақ (1889), –

дейді. Неге десек, ойшыл 1886-1890 жж. ағартушылық бағыт – туған халқын қараңғылық түнегінен жарыққа алып шығуға барлық күш-қуатын сарқа жұмсады. Мақсұты осы болды. Бірақ оған отаршыл билік жағдай жасай ма, мүмкіндік бере ме? Әрине, жоқ! Міне ұлт ұстазы: «Мақсұт – алыс, өмір – шақ» деуімен осы хәлді жеткізген.  Осы күнде «мақсат-мұрат» тіркесі жиі қолданыста. Негізі, мұрат сөзі мақсұтқа төркіндес. Мәселен, ата-анаға мұрат – ұрпақ өсіру, тәрбие беру, мәрт азаматқа мұрат – көпке пайдасы тиетін харекет қылу, сопыға мұрат – Хақ дидарын жету.

Қорыта келгенде, Абай мен Шәкәрім мақсат сөзімен қатар мақсұт сөзін де қолданған. Оның ерекшелігі – тәнге емес, жан тілегіне қатысты термин.

«Ғалам бірлігі» теориясы жайында

Болмыс, ғалам, жаралыс – теңдес терминдер. Үшеуі де – Алла, адам, дүние бірлігін білдіреді. Абайдың қолданғаны – ғалам сөзі, Шәкәрімдікі – жаралыс. Болмыс немесе ғалам бірлігі деген –  исламда «Әл-ахад уә әл-үжуд» деп аталатын әйгілі теория. «Тасдиқ» трактатындағы «үш танымақ» ілімі – соның баламасы. Сонымен, ғалам бірлігі деген не? Оны Абай былай деп түсіндіріп береді: «Біз Алла тағала «бір» дейміз, «бар» дейміз, ол «бір» демеклік те Алла тағалаға лайықты келмейді. Оның үшін мүмкинаттың (болуы мүмкін нәрселер) ішінде не нәрсенің үжуді (болу, болмыс) бар болса, ол бірліктен құтылмайды. ...Ол «бір» деген сөз ғаламның ішінде, ғалам Алла тағаланың ішінде».

Бұдан ұғылатыны – ғаламды жаратқан бір Алла, Онан тыс ештеңе жоқ, не нәрсе бар болса, сол Онікі. Шәкірті Шәкәрімнің де: «Ғаламда не бар болса, бәрі – жанды» дейтіні сол.

Сөйтіп, «Ғалам Алланың ішінде». Бұл түпсіз терең идея!  Демек, Құдай жалғыз. Ол – Абсолют, қытайдікі,  үндістікі, орыстікі, арабтікі бола алмайды. Діни сенім бойынша жақ-жақ боп бөліну, қырқысу – білімсіздік, бәлкім, сайқалдық. Тағы Абай: «Саяз жүзер, сайқалдар, ғапыл қалар, Хақиқат та, дін-дағы тереңінде» деп ескертеді.

Қайталап айтайық, алдағы міндет – «Тасдиқ» трактатын талдау, тәпсірлеу, оның өзегі «Ғалам бірлігі» идеясы екенін дәлелдеу. Бұл – аса күрделі ғылыми жұмыс. Оған дайындықсыз кірісу – түйе үстінде отырып, от көсегенмен бірдей. Міне, жоғарыдағы ұғым, термин, түсініктерге азды-көпті тоқталған жайымыз сол.

Асан Омаров,

абайтанушы

Abai.kz

0 пікір