Сейсенбі, 11 Қараша 2025
Жаңалықтар 535 0 пікір 11 Қараша, 2025 сағат 21:53

Жас ізденімпаз Дәулен: Президентке хат жазған баланың үлкен арманы

Алматы қаласындағы С.Қожықов атындағы №39 лицейдің 5-сынып оқушысы Дәулен Бауыржанұлы – өз қатарластарының арасында ерекше алғырлығымен және азаматтық көзқарасымен танылған жас өрен. 11 жасар Дәулен жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жазып, өзінің әсері мен арман-тілегін бөлісті.

Бұл – Дәуленнің Президентке жолдаған үшінші хаты. Алғашқы хатын ол бірінші сыныпта жазған екен. Сол кезде кішкентай оқушы қатарластарының кейде мектеп асханасында тамақтануға мүмкіндігі болмай қалатынын байқап, сол туралы өтініш білдірген. Баланың шынайы тілегі көп ұзамай орындалды. 2023 жылғы 1 қыркүйектен бастап еліміздегі бастауыш сынып оқушылары 100 пайыз тегін ыстық тамақпен қамтылды.

Дәуленнің екінші хаты 2024 жылғы көктемгі су тасқыны кезінде жазылған. Ол сол уақытта зардап шеккен өңірлерге көмектескісі келіп, онлайн платформа арқылы өз еңбегімен тапқан 25 000 теңгесін жылу ретінде аударған. Бұл игі ісі Мемлекет басшысының назарына ілігіп, Дәулен Президенттен алғыс хат алған. Сол жолы Қасым-Жомарт Тоқаев оған өзінің «Әке туралы ой-толғау» атты кітабын сыйға тартқан еді.

Жас оқырман биыл жазда сыйға тартылған кітапты оқып, жаңа хатында одан алған әсерін жазған. Ол өз сөзінде:

«Жазғы демалыста Қалпе ауылына арнайы бардым. Енді тәрбие сағатында сол сапардан алған әсерімді достарыммен бөлісуге дайындалып жатырмын», – деп жазған.

Қазір ол мұғалімімен бірге сыныптастары үшін осы кітап туралы толығырақ баяндап беруге дайындалып жатыр. Тіпті презентациясын өзі жасап шығарған.

Дәуленнің хаты тек ризашылық емес, ойлы азаматтың көзқарасын да білдіреді. Ол Президенттің Жолдауында айтқан жасанды интеллект саласына ерекше қызығушылық танытқан. Ақпараттық технологияны терең үйрену үшін арнайы курсқа барып, өз білімін жетілдіріп жүр.

Анасының айтуынша, Дәулен елімізде болып жатқан жаңалықтардың бәрін қалт жібермейді. Күн сайын жаңалықтарды көріп, елдегі өзгерістер мен бастамаларға қызығушылықпен назар аударады.

Оқушы білім саласына да бей-жай қарамай, өз ойын бөлісіп отырады. Жас баланың өз ортасына жаны ашитын, қоғамдағы білім мәселесіне бей-жай қарамайтын белсенді тұлға болып қалыптасып келе жатқаны қуантарлық жағдай.

Хатының соңында Дәулен өз арманын да жасырмаған:

«Алматыға жолыңыз түссе, біздің мектепке шақыруға рұқсат етіңіз. Біз бақыттымыз! Сізге зор денсаулық, еңбегіңізге табыс тілеймін!» – деп аяқтапты ол.

Есепке жүйрік, ізденімпаз бала болашағын ғарыш және инженерия саласымен байланыстыруды армандайды. Дәулен кітап оқуға құмар, еліміздің ұлы тұлғалары мен ғалымдарының өмір жолын қызығып зерттейді.

Білімге деген ынтасы мен елге деген сүйіспеншілігі оны қатарластарына үлгі етеді. Осындай ұлтжанды, ізденімпаз балалар - еліміздің ертеңіне деген сенімнің айғағы.

Abai.kz

0 пікір